Бес мыңға жуық сотталған азамат бостандыққа шығуы ықтимал – Қожамжаров - Жаңалықтар | BNews

Бес мыңға жуық сотталған азамат бостандыққа шығуы ықтимал – Қожамжаров

10 шілде, 14:55 1238 Астана
Бес мыңға жуық сотталған азамат бостандыққа шығуы ықтимал – Қожамжаров

ҚР Бас прокуроры Қазақстанда қылмыстық процесті гуманизациялау аясында қабылданған заң туралы айтып берді.

ҚР Бас прокуроры Қайрат Қожамжаров бас прокуратураның алқа отырысында Қазақстанда қылмыстық процесті гуманизациялау аясында қабылданған заңға сәйкес бес мыңға жуық азамат бостандыққа шығарылуы ықтимал екендігін мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

"Жаңа институттарды енгізу нәтижесінде құқық қорғау жүйесінің жалпы қызметі қайта жасақталды. Бұл жұмыстың нәтижесі де бар. Ұсталғандардың саны үш есеге – 8,4 мыңнан 5,8 мыңға дейін азайды және қамауға алынғандардың саны 6,8 мыңнан 4,8 мыңға дейін төмендетілді. Прокурорлар 6 айда құқық қорғау органдары мен уақытша ұстау изоляторындағы қызметтік кабинеттерден 3,5 еседен астам азаматты босатты. Яғни, бұл 126-дан 423-ке дейінгі көрсеткішті құрайды", - деді ведомство басшысы.

Қайрат Қожамжаров еліміздегі қылмыстық процесті гуманизациялау аясында Бас прокуратура арнайы заң жобасын әзірлегенін айтып, құжаттың басты қағидаларына тоқталып өтті.

"Қылмыстардың 260 құрамы бойынша қоғамдық жұмыс пен бас бостандығынан шектеу енгізілуде. Айыппұл көлемі төмендетіліп, 36 құрам бойынша бас бостандығын шектеу мерзімі азайтылуда. Ауыр қылмыстар бойынша жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімі 5 жылға қысқартылып отыр. Жалпы, бұл бес мыңға жуық сотталған азаматты бостандыққа шығаруға мүмкіндік береді. Заңдылықты нығайту бойынша жұмыстар жалғасын табады", - деді Бас прокурор.

Айта кету керек, аталған заңмен Қылмыстық кодекстің 255-бабына, Қылмыстық-процестік кодекстің 16-бабына және Қылмыстық-атқару кодексінің 6-бабына сәйкес өзгертулер енгізіліп отыр.

Сондай-ақ, Бас прокурор Қазақстандағы прокурорлар осы жылдың бірінші жартыжылдығында 3 млн азаматтың құқығын қорғағаны жөнінде баяндады.

"Прокурорлық қадағалау нәтижесінде 3 млн азаматтың құқығы қорғалды. Мысалы, ден қою шаралары арқылы Алматы қаласы және Алматы облысында 800 мың тұтынушы үшін "АлматыЭнергоСбыт" ЖШС электр энергиясының 1 кВт/сағ тариф құны 16,9 теңгеден 16,3 теңгеге дейін төмендетілді. Қостанай облысында 10 мың бағбан қауымдастығы және өндірістік кооператив мүшелері үшін электр тарифі 24 теңгеден 19 теңгеге төмендетілді", - деді Қайрат Қожамжаров.

Оның айтуынша, ведомство зиянды және еңбек жағдайы қауіпті, атап өтер болсақ, еңбек заңнамасына, өндірістік нормаларға, санитарлық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігіне қатысты кәсіпорындарда 27 мың заңбұзушылықтың орын алғанын анықтаған. 

"Жалпы, 45 мың азаматтың құқығы қорғалды. Еңбекақы бойынша жарты миллиард теңге көлеміндегі қарыздар өтелді. Мысалы, прокурорлардың ұсынуымен "Қарашығанақ Петролиум оперейтинг ВВ" қазақстандық филиалының, "ҚазМұнайГаз-Бұрғылау" СБК" ЖШС, "Рязанов атындағы №25 көпір құрлығы жасағы" ЖШС және тағы басқа кәсіпорындарда жұмыс жасайтын 4,5 мың жұмысшыны қайғылы оқиғалардан сақтандырды", - деп атап өтті Бас прокурор.

Алқа отырысында белгілі болғандай, "Востокцветмет", "Қазмырыш", "Жамбыл электр желілері" секілді бірқатар кәсіпорындарда 2,5 мың жұмысшының жұмыс орнында өндірістік қауіпсіздік нормаларының бұзылу фактілері жойылды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары

Материалды әзірлегендер: