Биыл Астанада 230-дан астам жазасын өтеуші жұмысқа орналастырылды 

17 қазан, 2018, 15:55 1753 Астана
Биыл Астанада 230-дан астам жазасын өтеуші жұмысқа орналастырылды 

Көбіне олар сауда және қызмет көрсету саласына жұмысқа орналастырылады.

Биыл Астанада 230-дан астам жазасын өтеуші жұмысқа орналастырылды. Астанада жазасын өтеп келгендерді қолдауды қамтамасыз ету бойынша өзекті мәселелер талқыланды, деп хабарлайды BNews.kz Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Бүгін жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының қолдауымен "Қызмет көрсету бойынша кәсіпкерлік қызметті дамыту және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдар үшін жұмыс орындарын құру" жобасы жүзеге асырылуда.  

Осы бағдарлама аясында 1254 адамға жан жақты көмек көрсетілген. Жобаны "Оңалту технологиялары мен тұжырымдамалар" қоғамдық қоры іске асыруда.

"Біздің қордың басты міндеті жазасын өтеп келгендерге барынша қолдау білдіру. Осы жылы біз 230 жазасын өтеп келушіге жұмысқа тұруға көмек бердік, 35 адамға жеке кәсіпкерлік ашуға көмектестік. Әрине, бұл жұмыстар жазасын өтеп келгендердің өмірге деген құлшысын оятады, өз істерін бастаған олар өзгелерге үлгі болуда және соларды жұмысқа алуда. Бұл сотталып келгендерді өмірге бейімдеуге және қылмыс жасамауға септігін тигізуде", - деді қоғамдық қордың ди⁠ректоры Орынбасар Құлжабаева.

Оның сөзінше, өздеріне өтініш білдіре келген жандарды олар сауда және қызмет көрсету саласына жұмысқа орналастыруда.

"Біз оларды құрылыс, ағаш конструкциялары мен ұсталық, ағаш шебері, жиһаз цехтары, ТЖО және тағы басқа салаларға жұмысқа орналастыруға көмектесеміз. Осы жылы қор 1300 адамға көмек берді, оның ішінде 722 адамға психологиялық көмек жасалды, 29 адам ауруханаға жатқызылды, 30-дан астам сотталғанға біз құжаттарын реттеуге жәрдемдестік", - дейді Орынбасар Құлжабаева.

Спикердің айтуынша, жазасын өтеп келгендер үшін жұмысқа тұру тұрақтылықты қамтамасыз ету және соттылықты жою үшін маңызды стимул. Әрине қор қызметкерлері жұмыс барысында түрлі жағдайларға да тап болады.

"Кейде оларды жұмысқа алмайды, алса да зейнетақы аудармайды, олардың 50% жеке кәсіпкерлер мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде жалданып жұмыс жасайды. Екінші мәселе тұратын жер. Ұзақ жыл жазасын өтеп шыққандар пәтерлерінен айырылады, босап шыққан соң мұрагерлікті рәсімдей алмай, тұрғын үйді жекешелендіре алмай  жүреді. Сөйтіп үйсіз, күйсіз қалады", - деді  жазасын өтегендердің мәселесін жеткізген қор ди⁠ректоры.

Орынбасар Құлжабаева сотталып келгендерді әлеуметтік жатақханамен қамтамасыз етуді ұсынды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар