Биыл басқа елдерден келген емделушілер саны 800-ден асты

Написать нам
20 шілде, 2018, 19:13 3146 Алматы
Биыл басқа елдерден келген емделушілер саны 800-ден асты

Соңғы жылдарда медициналық қызметтерге деген сұраныс тұрақты түрде өсіп, "медициналық туризм" дамуда, жақын және алыс шетелдерден емделу үшін адамдар келуде.

Бүгін Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында Алматы қаласындағы Репродуктивті медицина институтының гинеколог-репродуктологы Ләззат Айтқожина биыл басқа елдерден келген емделушілер саны 800-ден асқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, соңғы жылдарда медициналық қызметтерге деген сұраныс тұрақты түрде өсіп, "медициналық туризм" дамуда, жақын және алыс шетелдерден емделу үшін адамдар келуде, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Ләззат Айтқожинаның сөзінше, іс жүзінде Репродуктивті медицина институты (РМИ) тек қана емхана емес, сондай-ақ медициналық жоғары оқу орнының студенттері мен курсанттары үшін оқу базасы болып табылады. Орталықтың дәрігерлері қазіргі таңда жетілдіру курстарының оқытушы тәлімгерлері ретінде қызмет етеді. Осы үшін олар әлемнің ең жақсы емханаларында оқып, өз кәсіби шеберлігін үнемі жетілдіріп отырады.

"Профессор Нао Сузуки басқаратын Токиодағы университеттің онкологиялық емханасының жапондық профессорлары 2014 жылы бізбен Қазақстанда онкологиялық науқастардың аналық без тінін мұздатып сақтауды енгізу жөнінде шарт жасасты. Біздің емханада нақ жапондық әдіс енгізілген, ол анағұрлым тиімді болып саналады. Мамырда РМИ-ға Жапонияның Университет емханасынан (Department of Obstetrics and Gynecology, St. Marianna University School of Medicine) мамандар – профессор Nao Suzuki, доктор Seido Takae және компания өкілі Kitazato Yugo Kato шақырылған болатын, олардың осы бағдарламаны орындауда оң тәжірибесі бар. Олар біздің хирургтар мен эмбриологтарға бүкіл технологияны көрсетті және Қазақстанда мұндай бағдарламаны жасайтын біз ғана деп айтуға болады", - деді спикер.

Оның мәліметінше, Репродуктивтік медицина институты қосалқы репродуктивті технологиялар (ҚРТ) саласындағы заңнамалық актілерді жасауға белсенді қатысады. Біздің елде құрсақ аналық туралы заң тек 2004 жылы қабылданды. 2011 жылғы 11 наурызда Репродуктивтік медицина институтында өткен ҚР Парламентінің құрсақ ана саласындағы Неке мен отбасы туралы заң жобасын талқылау бойынша  сапарлық мәжілісі елеулі оқиға болды, оған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Денсаулық сақтау министрлігінің, Әділет министрлігінің, ҮЕҰ өкілдері, репродуктивтік медицинаның жетекші мамандары қатысты. Емханамен танысқаннан кейін, отбасылармен және жүкті аналармен кездескеннен кейін және қызу талқылаудан кейін заң жобасына түзетулер мақұлданды және 2011 жылы желтоқсанда "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" заң шықты, оның бүкіл бір тарауы жүкті аналарға арналған. Келісім тараптарының құқықтық міндеттері толық белгіленген, егер егіз туса, не істеу керек екені, егер биологиялық ата-анасы ажырасып жатса, шешім қандай болатыны. Сондай-ақ, заңда келісімді куәландыратын нотариустың, құрсақ анамен бала тууға септесетін денсаулық сақтау мекемесінің құпияны сақтауға қатысты міндеттері көзделген.

"Біз бедеулікті емдеудің заманауи әдістерінің көмегімен емделушілерімізге ата-ана болуға жәрдемдесіп, Қазақстандағы демографиялық мәселенің шешілуіне септігімізді тигіземіз. Бұл міндеттерді біз ең заманауи әрі сенімді медициналық технологияларды, біздің дәрігерлердің тәжірибесі мен біліктілігін пайдалану арқылы орындаймыз", - деді дәрігер.

Айта кетейік, 2017 жылы қазан айында Репродуктивтік медицина институтының филиалы ашылды. Бұл жоғары технологиялар саласындағы соңғы жетістіктердің көмегімен бедеулікті емдеу үшін құрылған әлеуметтік маңызды денсаулық сақтау объектісі. Медициналық-әлеуметтік тұрғыдан сондай маңызды объектіні құруға бедеу некелер жағдайында халықтың жоғары технологиялық көмекке деген сұранысының өсуі негіз болды. Емхана жалпы ауданы 1400 м2 болатын жаңа, high-tech стилінде орындалған 4 қабатты ғимаратта салынды. Құрылыс пен логистика жобасы заманауи Бедеулікті емдеу орталықтарына қойылатын әлемдік талаптарды ескеріп жасалған. Жоспарлы шешім мен жобалауды Швециялық Каролинск университеті емханасының профессоры Л.А.Левков атқарған. Стокгольм қаласы Fertility Unit Karolinska University Hospital ұқсас бедеулікті емдеу бөлімшесінің жобасы негізге алынған болатын.

Ләззат Айтқожинаның айтуынша, емхананың ерекшелігі операциялық блок пен жаңа өмір пайда болатын эмбриологиялық зертхананың желдету және микроклиматты қолдау жүйесі емхананың қалған бөлігінен толық оқшауланған "таза бөлмелер" болып жасалғанында, онда стерильді ауа айналымы, тұрақты температура мен ылғалдылық қамтамасыз етілген. Ауа алмасу жиілігі сағатына кемінде 12-15 рет, стерильдікті қолдау үшін қабырғалар жабыны металл тақталардан жасалған. "Таза бөлмелердегі" мұндай жүйе жоғары әрі тұрақты емдік нәтижелерге қол жеткізуге және өсірілетін эмбриондарға тозаң мен микробтардың жанасуынан сақтануға мүмкіндік береді, ол емдеу тиімділігін еселеп арттырады.

"Тағы бір ерекшелігі ол ең жаңа жабдықпен жарақталуында. Эмбриология зертханасында, эмбриондарды үздіксіз өсіру үшін алты кірістірілген инкубаторы бар Planer (UK) және ESCO MIRI (Singapour) планшеттік инкубаторлары орнатылған, соның есебінен эмбриондардың сапасы жоғары болады. Репродуктивтік медицинада нағыз революция жасаған "Time – Lapse ESCO" соңғы буын инкубаторы орнатылған, кірістірілген камерасының арқасында ол тіршілігінің алғашқы күнінен бастап эмбрионның дамуын нақты уақыт тәртібінде бақылауға және қондыруға ең сапалы эмбрионды іріктеуге мүмкіндік береді. Ұрықтандыру ИКСИ әдісімен Olympus IX73 (Жапония) инвертті микроскоптарына орнатылған Narishige-Takanome ең жаңа микроманипуляторларының көмегімен жасалады. Бұл жабдық ұрықтандыруға жұмсалатын уақытты едәуір қысқартады", - деді гинеколог-репродуктолог.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына осы жылғы "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" деп аталатын Жолдауының "Үздік денсаулық сақтау ісі және дені сау ұлт" атты бөлігінде халықтың өмір сүру ұзақтығының өсуіне және медициналық технологиялардың дамуына байланысты медициналық қызмет көрсетуге деген сұраныс көлемі арта түсетінін атап өткен болатын. 

"Саламатты өмір салтын насихаттай отырып, қоғамдық денсаулықты басқару ісін күшейту керек. Жастардың репродуктивті денсаулығын қорғауға және нығайтуға ерекше назар аудару керек", - деді Елбасы.

Соңғы жылдары медициналық туризм қарқын алуда. Жыл сайын 35 елден емделушілер келіп емделеді, соның ішінде АҚШ, Германия, Израиль, Қытай, Үндістан мен Түркия. Репродуктивтік медицина институты деректері бойынша, соңғы жылдарда қызметтерге деген сұраныс тұрақты түрде өсуде, "медициналық туризм" дамуда, жақын шетелден де, алыс шетелден де, негізінде Қырғызстаннан, Тәжікстаннан, Түркиядан, Германиядан, Ресейден, АҚШ пен Қытайдан адамдар келуде.

"2018 жылдың бірінші тоқсанында басқа елдерден келген емделушілер саны 800-ден асты. Біздің мақсатымыз басқа елдерден емделушілерді келтіру. Басқа елдерден келген емделуші азаматтарға "виза, трансфер, қонақ үй және тағам" сияқты толық қызмет көрсетумен медициналық туризмді ұйымдастыру қажет", - деп атап өтті Ләззат Айтқожина.

Отандық қауымдастықтан (КАРМ) бөлек, Репродуктивтік медицина институты қосалқы репродуктивті технологиялар саласындағы әлемдік ірі ұйымдардың қатысушысы болып, толық құқықты мүшесі болды, атап айтқанда: ESHRE – Еуропалық репродуктивтік медицина мен эмбриология жөніндегі қоғам, ASRM – Америкалық репродуктивтік медицина қоғамы.

"Бедеулікке шалдыққан емделушілер үшін емделудің толық циклын аяқтау мақсатында біз емделушілерімізге арнап мамандандырылған перзентхана ашуды жоспарлап отырмыз, онда олар әлемдік стандарттарға сәйкес жоғары білікті көмекпен қамтамасыз етіледі", - деп сөзін түйіндеді Репродуктивті медицина институтының гинеколог-репродуктологы.

Еске сала кетейік, Алматы қаласындағы Репродуктивті медицина институтының гинеколог-репродуктологы Ләззат Айтқожина жылына 6500 жұп жасанды ұрықтандыру жасататын атап өтті. Тек Алматы қаласында 1000-ға жуық жұбайлар жұбы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында экстракорпоралды ұрықтандыру кезегін күтуде.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: