Биыл елордада 1-сыныпқа баратын 18 мың бүлдіршіннің 20%-ы алты жасар

15 тамыз, 2018, 16:24 3897
Биыл елордада 1-сыныпқа баратын 18 мың бүлдіршіннің 20%-ы алты жасар

Сондай-ақ, Білім басқармасының басшысы алдағы оқу жылында астаналық мектептерде 155 мыңға жуық бала оқиды деп жоспарланып отырғанын айтты.

Елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Ануар Жанғозин алдағы оқу жылында елордада 1-сыныпқа баратын 18 мың бүлдіршіннің шамамен 20%-ы алты жаста екенін мәлімдеді. Сондай-ақ, ол биыл астаналық мектептерде 155 мыңға жуық бала оқиды деп жоспарланып отырғанын айтты, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

"Соңғы екі жылда e-astana арқылы балабақшаларға 43 мыңнан астам жолдама берілді. Оның 23 мыңы 2018 жылдың І жартыжылдық көрсеткіштері бойынша. Яғни, жыл сайын аталған жүйені қолданатын ата-аналар саны артуда. Өткен жылы 20 мың жолдама берсек, биыл жарты жылдың өзінде көрсеткіш артып отыр", - деді Білім басқармасының басшысы.

Ануар Жанғозинның мәліметінше, 2018 жылы қалада 480 орынға арналған екі мемлекеттік балабақша ашылып отыр.

"Бұл №94 Сұңқар және №95 Алматы балабақшалары. Алматы балабақшасына балаларды қабылдау қыркүйек айында басталады. Қазіргі уақытта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 720 орынға арналған екі балабақша салынып жатыр. Сонымен қатар, Ұлттық компаниялар тарапынан 720 орынға арналған тағы екі балабақша салынып жатыр. Олардың барлығы 2019 жылдың соңына дейін іске қосылады", - деді мекеме басшысы.

Брифинг барысында мәлім болғандай, жаңа оқу жылында астаналық балалар қалалық, республикалық және жекеменшік бағыныстағы 105 мектепте білім алатын болады.

"Астаналық мектептерде 155 мыңға жуық бала оқиды деп жоспарланып отыр. Соның ішінде, 18 мың бала – бұл бірінші сынып оқушылары. Бұл әзірше болжамды ақпарат. Балалардың нақты саны қыркүйекте белгілі болады. Сондай-ақ, 1 сыныпқа баратындардың ішіндегі 6 жастағы балалар саны бұл көрсеткіштің шамамен 20 пайызын құрайды", - деді Ануар Жанғозин.

Сонымен қатар, Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Прокуратурамен бірлесіп жүргізілген тиісті тексерулердің нәтижесінде елордадағы төрт балабақша мемлекеттік тапсырыс алудан шеттетілгенін хабарлады. 

"Бүгінгі таңда Астана қаласы әкімдігі білім саласына жан-жақты қолдау көрсетіліп отыр. Соның ішінде, білім саласын қаржыландыру соңғы екі жылда қарқынды өсуде. Бұл сома 2017 жылы 54 млрд теңгені құраса, биыл қаржыланыру 65 млрд теңге көлемінде болып, 20% артты. Соның ішінде, басымдық берілген бағыттар – ол білім беру нысандарын қажетті деңгейде қамтамасыз ету, жөндеу жұмыстары, қосымша білім беру жүйелері және тағы басқалар. Бүгінгі таңда қаламызда 336 мектепке дейінгі білім беру ұйымдары бар", - деп баяндады басқарма басшысы. 

Оның мәліметіне сүйенсек, жыл сайын білім беру мекемелерінің саны артып отыр. Соның арқасында соңғы екі жылдың ішінде 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі даярлықпен қамтамасыз ету көрсеткіштері 70%-дан 81%-ға дейін өсті.

"Астаналық балалардың 30% жекеменшік балабақшалар арқылы қамтылып отыр, соның ішінде, жекеменшік мектептерге дейінгі ұйымдарда 18 мың орынға мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылды. Өткен жылдың өзінде елордада 79 жекеменшік балабақша ашылды. Жекеменшік балабақшалар желісінің ұлғаюына байланысты біз олардың жұмысының сапасын арттыру бойынша шараларды қолға алып жатырмыз. Осылайша, біз алғаш рет прокуратура және жекеменшік балабақшалар қауымдастығымен бірлесіп бұл мекемелерге тексеру мен монитронг жүргіздік. Нәтижесінде, төрт балабақша мемлекеттік тапсырыс алу құқығынан айырылып, 14 балабақшаға ескертулер жасалды", - деді басқарма басшысы.

Сөз соңында Ануар Жанғозин ескерту алған балабақшалар осы айдың соңына дейін ол ескертулерді жойса, Білім басқармасы мемлекеттік тапсырысты созу бойынша мәселені қайта қарастыратынын айтты.

Біздің Telegram-парақшамыздаҚазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Астана #білім басқармасы #білім беру #мектеп

Читайте также

Похожие новости