Биыл Қазақстан бойынша ҰБТ-да орташа балл – 83

29 маусым, 2018, 12:02 4231
Биыл Қазақстан бойынша ҰБТ-да орташа балл – 83

Ұлттық тестілеу орталығы директорының айтуынша, былтыр ол 80,5% болған.

Биыл Қазақстан бойынша ҰБТ-да орташа балл – 83, ал былтыр ол 80,5% болған. Бұл туралы Астанада өткен Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Брифингте директор Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысын баяндады.

Рамазан Әлімқұловтың айтуынша, биыл ҰБТ 167 бекетте өткен. Оның ішінде үш бекет коллеждің базасында, 116 бекет мектептің базасында және 48 жоғары оқу орнының базасында орналасқан. Сондай-ақ, ол осы жылы 14 мыңнан астам түлек шекті балды жинай алмағанын және тоғыз түлектің ҰБТ нәтижесі жоққа шығарылғанын айтты.

"Биыл Ұлттық біріңғай тестілеуге жалпы 102 мың 447 түлектен өтініш түсті. Яғни 102 447 түлектің 98 698-і немесе 96%-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Оның ішінде ҰБТ-ны 77 мың 224 түлек, яғни оқушылардың 75 пайызы қазақ тілінде, 25 177 түлек, яғни шәкірттердің 25 пайызы орыс тілінде тапсырды. Нәтижесінде тестілеуден шектеу балды алған түлектердің саны – 84 065 немесе 85%. Өкінішке қарай, шекті балды алмағандардың саны – 14 633 немесе 14%. Сондай-ақ, тоғыз түлектің ҰБТ нәтижесі жоққа шығарылды. Қазақстан бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеуде орташа балл – 83. Былтыр ол 80,5% болған", - деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры.

Айта кетейік, биыл ҰБТ-дағы шекті балл 50-ді құраған болатын.

Сонымен қатар, ол биыл ҰБТ-дағы ең жоғары 140 балды тек бір ғана мектеп түлегі алғанын айтты. Ол Алматы қаласындағы №123 мектеп-гимназиясының түлегі – Шиара Құдайбергенова. Ол тестілеуден 25 маусым күні Қазақ ұлттық аграрлық университетінде өткен. Сонымен бірге, брифингте Рамазан Әлімқұлов биыл алғаш рет 28 оқушы ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсырғанын атап өтті.

"Биыл алғаш рет Ұлттық бірыңғай тестілеуді ағылшын тілінде тапсырғысы келетін 46 оқушыдан өтініш келіп түсті. Алайда 28 түлек қана ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсырды. Оның ішінде 5 оқушы – Астанадан, 7 оқушы – Атыраудан, 6 оқушы – Шымкенттен және қалғандары басқа қалалардан болды. ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсырғандардың орташа балы – 85", - деді Рамазан Әлімқұлов.

Сөз соңында ол ҰБТ-ны тапсыра алмаған түлектер тестілеуден екінші рет қашан өте алатынын хабарлады.

"Тестілеуден өте алмағандар 25 шілде мен 3 тамыз аралығында ҰБТ-ны екінші рет тапсыруға өтініш бере алады. Емтиханды тапсыра алмағандар 15 тамыз бен 19 тамыз аралығында ҰБТ-ны қайта тапсырады. Егер одан өтпей қалса, онда қыста қайтадан өтініш беріп тапсыра алады", - деп қорытындылады сөзін Рамазан Әлімқұлов.

Біздің Telegram-парақшамыздаҚазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Астана #Білім және ғылым министрлігі #ҰБТ

Читайте также

Похожие новости