Биыл Оралда барлығы 415 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі

26 шілде, 2018, 17:47 3259 Батыс Қазақстан облысы
Биыл Оралда барлығы 415 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі

Бұл шамамен 3,8 мың тұрғын үй.

Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша тұрғын үй құрылысы барысымен және "7-20-25" бағдарламасын іске асыру жұмыстарымен танысу үшін Зашаған кентінде салынып жатқан шағын ауданға барды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Сонымен қатар, Бақытжан Сағынтаев мамандандырылған ХҚКО жұмыс залдарын аралап, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді беру процесін автоматтандыру шараларымен танысты.

Салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үйді тексеру барысында Премьер-министрге нысан осы жылдың шілде айында пайдалануға берілетіні айтылды. Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев Мемлекет басшысының жарияланған мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары толық көлемде іске асырылып жатқанын атап өтті. 2015-2017 жылдары тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 159%-ға артты. Әкімдіктің мәліметтері бойынша, өткен жылы өңірде 3 828 тұрғын үй салынды, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 38,6% артық. 2017 жылы басталған "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы сомасы 9 млрд теңгеге 7 тұрғын үй (1106 пәтер) пайдалануға берілді. Осы жылдың 1 шілдесінде 2 234 тұрғын үй (234,9 мың шаршы метр тұрғын үй) пайдалануға берілді, бұл 2017 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 115% тең. Биыл барлығы 415,7 мың шаршы метр пайдалануға беріледі, бұл шамамен 3,8 мың тұрғын үй.

"2018 жылы құрылыс саласына 13 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі таңда 43 тұрғын үйдің (6 400 пәтер) құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр: мемлекеттік бағдарламалар аясында - 3 200 пәтерге арналған 21 үй, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында - 1 400 пәтерге арналған 10 көпқабатты тұрғын үй, жеке инвестициялар қаражатының есебінен - 1 600 пәтерге арналған 12 көпқабатты тұрғын үй. Пәтерлердің жалпы ауданы 80,5 мың м²", - деді Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев.

Сонымен қатар, "7-20-25" жаңа тұрғын үй бағдарламасы аясында және жеке инвестициялар есебінен облыс орталығының төңірегінде жалпы ауданы 425 гектар болатын "Ақжайық" жаңа шағын ауданын игеру басталды. Мұнда 150 көп қабатты тұрғын үй салу жоспарланып отыр.

Бұдан өзге, өңірде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаттарына сәйкес, бұзылған апатты және ескі үйлердің орнына жаңа үйлер салынуда. Осылайша, 2017 жылы Орал қаласында 7 апатты үй құлатылып, олардың орнында жаңа ғимараттар салынып жатыр. Биыл апатты деп танылған 13 үй құлатылады.

Мемлекеттік бағдарламалардан өзге, Оралда жеке көпқабатты тұрғын үйлер құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Қала әкімдігінің мәліметінше, тек соңғы үш жылдың өзінде ғана жалпы аумағы 250 мың шаршы метр болатын, 4500 пәтерден тұратын 35 көпқабатты үй салынған. Қазіргі кезде жеке инвесторлар жалпы аумағы 80,5 мың м² болатын 12 тұрғын үй (1600 пәтер) құрылысын жүргізіп жатыр.

Президенттің Бес әлеуметтік бастамасының аясында сонымен қатар қаладағы оқу орындарының жанынан студенттерге арналған 6 жатақхананы салу жоспарланып отыр. Осылайша, 1650 студент тұрғын жаймен қамтылмақ. Қазіргі кезде жер телімдері бөлінген, жобалау жұмыстары атқарылуда.

2017 жылы Қазақстанда рекордты тұрғын үйлер саны 11 млн шаршы метр үй пайдалануға берілген. Осылайша, "Нұрлы жер" бағдарламасының арқасында 100 мыңнан астам адам жаңа баспанаға ие болды. Биыл 12 млн шаршы метрден астам, яғни 103 мыңнан артық тұрғын үй салу міндеті тұр.

Жұмыс сапарының жалғасы ретінде Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев мамандандырылған жаңа Халыққа қызмет көрсету орталығына барды, онда "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді көрсету әдістерімен танысты. Мамандандырылған ХҚКО директоры М. Басаров айтып өткендей, жұмыс істеген 2 айдың ішінде орталық қызметкерлері 15 мың түрлі қызметтерді көрсеткен.

"Қала тұрғындары қызметтерді алудың қолайлы форматына көшті. Көлікті қайта тіркеу мен жүргізуші куәліктерін ауыстыруды олар онлайн-режимде жасай алады. Бұрын аталған қызметтерді алу уақыты шамамен 6 сағат болатын, қазір орталықтың жаңа мүмкіндіктерінің арқасында көлік иелері оған шамамен 90 минут уақыттарын жұмсайды. Күн сайын мамандандырылған ХҚКО-да орта есеппен 350-370 қызмет көрсетіледі. Мамандандырылған ХҚКО-да жыл сайын 70 мыңға жуық автокөлік иелеріне қызмет көрсетіледі деп жоспарлануда", - деді Басаров.

Еске сала кетейік, Қазақстан Президенті тапсырмасымен ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына келді. Сапардың мақсаты – Президенттің "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік", "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" жолдауларының, "Бес әлеуметтік бастаманың", сондай-ақ мемлекеттік және салалық бағдарламалардың өңірде іске асырылу барысымен танысу.

Жұмыс сапарының кестесіндегі алғашқы нысан әлемдегі ең ірі кәсіпорындардың бірі – Қарашығанақ мұнай-газ конденсат кен орны болды. Ол 280 кв км астам аумақты қамтиды. Өндіру көрсеткіштері республикадағы барлық газ өндірудің шамамен 45% және сұйық көмірсутектердің жалпы өндірісінің шамамен 16% құрайды, ал жалпы бағалау қорлары 2,4 млрд баррельден астам конденсат және 16 трлн текше фут газды құрайды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: