Бірнеше облыста жаңа прокурор тағайындалды

12 ақпан, 2018, 16:10 930 Астана
Бірнеше облыста жаңа прокурор тағайындалды

Алматы қаласы, Павлодар және Ақтөбе облысы прокуратураларында жаңа тағайындаулар болды, деп хабарлайды BNews.kz ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елбасының келісімімен Бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың 2018 жылғы 12 ақпандағы бұйрығымен Берік Қуанышбекұлы Жүйріктаев Алматы қаласының прокуроры, Қайрат Әлиханұлы Әбдіханов Павлодар облысының прокуроры болып тағайындалды.

Прокурордың екеуі де 2016 жылдан бастап облыс прокуроры лауазымына Президенттік резервте тұрған.

Б.Қ.Жүйріктаев 1978 жылы туған. Прокуратура органдарында 1999 жылдан бастап еңбек етеді. Алматы қаласы және Алматы облысы прокуратураларында түрлі қызметте, соның ішінде басшылық лауазымдарды атқарған.

2010-2013 жылдар аралығында Алматы қаласы прокурорының орынбасары және Алматы облысы прокурорының бірінші орынбасары болды.

2013 жылдың қазан айынан – Алматы қаласы прокурорының бірінші орынбасары.

Заңдылықты және құқықтық тәртіпті нығайтуға, прокурорлық қадағалауды жетілдіруге қосқан елеулі үлесі үшін Елбасының Жарлығымен "Жауынгерлік ерлігі үшін" медалімен марапатталды.

Қ.Ә.Әбдіханов 1972 жылы туған. Прокуратура органдарында 1996 жылдан бастап қызмет етеді. Алматы облысының Жамбыл ауданы және Талдықорған қаласы прокуратураларына басшылық етті.

2009 жылдан бастап 2017 жалға дейін Атырау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстары прокурорларының орынбасары болып қызмет атқарды.

2017 жылдың шілде айынан – Алматы облысы прокурорының бірінші орынбасары.

Сондай-ақ Бас прокурордың 2018 жылғы 12 ақпандағы  бұйрығымен Ақтөбе облысы прокурорының орынбасарлары болып Ғалымжан Ниязбекұлы Тлеубаев және Асқар Жейенайұлы Албытов, Ақтөбе қаласының прокуроры болып Рүстем Нәсіпқалиұлы Салкенов тағайындалды.

Ғ.Н.Тлеубаев, А.Ж. Албытов және Р.Н.Салкеновтің прокуратура органдарындағы жұмыс тәжірибелері мол, 10 жылдан астам Орталық аппаратта қызмет етіп, прокуратура органдарының бірінші санаттағы кадрлық резервінде тұрған.

Жаңадан тағайындалған прокурорлардың барлығы бос лауазымдарға, соның ішінде Бас прокуратураның жылдық алқа отырысының қорытындысы бойынша босатылған  лауазымдарға тағайындалды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар