Біртанов 2020 жылы дәрігерлердің жалақысы көтерілетінін айтты

4 Сентября, 2018, 12:57 2792
Біртанов 2020 жылы дәрігерлердің жалақысы көтерілетінін айтты |  | BNews.kz

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, 2020 жылға дәрігерлердің орташа жалақысының еліміз бойынша орташа жалақыға қатынасын 110% (қазір - 85%) жеткізуі тиіс.

Бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Медициналық-санитариялық алғашқы көмектің (МСАК) сапасын жақсарту мақсатында қабылданған шаралардың нәтижесі қандай болатынын атап өтті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Оның айтуынша, 2020 жылға дейін МСАК сапасын жақсарту мақсатындағы шаралар елімізде дәрігерлердің жалақасын жоғарылатуға септігін тигізеді.

"Медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарындағы медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, 2019 жылы Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін дәрігерге көріну санының 30% өсіруге мүмкіндік береді. Сапаны арттырудың экономикалық ынталандыру факторын құруға, 2020 жылға дәрігерлердің орташа жалақысының еліміз бойынша орташа жалақыға қатынасын 110% (қазір - 85%) жеткізуі тиіс. Кадрлармен жасақтауды қамтамасыз етуге, медицина қызметкерлерінің құзыреті мен уәждемесін арттыруға, МСАК 1 дәрігеріне бекітілген халық санын 2020 жылға 1700-ге дейін төмендетуге ықпал етеді. Медициналық қызмет көрсету сапасын мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыруға, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін жалпы көлемінде МСАК қаржыландыру үлесін 2021 жылға 50% дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді", - деді министр.

Сондай-ақ, Үкіметтің кезекті отырысында Денсаулық сақтау министрі медициналық көмек көрсетудің сапасын жақсарту бойынша шаралар кешенін ұсынды.

Елжан Біртанов медициналық көмек көрсетудің жаңа төрт кешенін атап өтті.

"Бірінші – пациенттерді сапалы қарап-тексеру және емдеу, базалық консультативтік-диагностикалық қызметтерді алмастыру үшін МСАК дәрігерлері мен мейіргерлерінің құзыретін арттыру. Екінші – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің және МӘМС жаңа моделін енгізу. Үшінші – медициналық-санитариялық алғашқы көмектің бекітілген халықтың тұрғылықты жеріне барынша жақын орналасқан шағын орталықтарын құру үшін МЖӘ жобаларын енгізу. Төртінші – жергілікті атқарушы органдардың жауаптылығын бекіту, оның аясында жергілікті атқарушы органдарға жалпы сипаттағы трансферттер шеңберінде медициналық-санитариялық алғашқы көмектің шағын орталықтарын құру міндеттемесі ұсынылады", - деді Денсаулық сақтау министрі.

Елжан Біртановтың айтуынша, бұдан басқа 2019 жылы жалпы практика дәрігерлерінің, бейінді мамандардың қызмет тарифтерін кезең-кезеңімен арттыра отырып, еңбекке кесімді ақы төлеу енгізіледі. МСАК 1 дәрігеріне 1700 адамға дейін учаскелерді одан әрі ірілендіру қамтамасыз етіледі.

Сонымен қатар, министр Медициналық-санитариялық алғашқы көмектің сапасын жақсарту бойынша шаралар туралы баяндау барысында елімізде жан басына шаққандағы нормативтің орташа құнын айтты.

Ведомство басшысы берген мәліметке сүйенсек, МСАК қаржыландыруға байланысты 2010 жылы бюджет арқылы жүзеге асырылды және соның аясында өңірлерде әртүрлі жан басына шаққандағы нормтивтер болған.

"Шығыстарды теңестіру үшін 2010 жылы Қазақстанда кешенді жан басына шаққандағы нормативтің бірыңғай жүйесі, сондай-ақ ынталандыру бөлігі енгізілді. 2016 жылдан бастап қаржыландыруды республикалық деңгейде шоғырландыру жүзеге асырылды. 2017 жылы мектеп медицинасына арналған шығыстар, 2018 жылы тәулік бойы шұғыл медициналық көмек көрсетуге арналған шығыстар қосылды. Солардың есебімен жан басына шаққандағы кешенді нормативтің орташа құны 1070 теңгені құрады", - деді Елжан Біртанов.

Ол Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының анықтамасы бойынша Медициналық-санитариялық алғашқы көмектің жекелеген адамдардың, отбасылар мен қауымдастықтың ұлттық денсаулық сақтау жүйесімен байланыста болуының бірінші деңгейі болып табылатынын және тиісінше МСАК адамдардың тұратын және жұмыс істейтін жеріне барынша жақын болуы тиіс екенін хабарлады.

olshem.kz

Рекомендуем
Димаш Құдайберген "The World's Best" шоуында америкалық тыңдармандарды таңдандырды 13981

Похожие новости