"Біржан-Сара" шоқтығы биік ұлттық операларымыздың бірі – Арыстанбек Мұхамедиұлы - Жаңалықтар | BNews

"Біржан-Сара" шоқтығы биік ұлттық операларымыздың бірі – Арыстанбек Мұхамедиұлы

15 шілде, 14:27 1023 Ақмола облысы

Бурабайда "Біржан-Сара" операсының қойылымы өте жоғары деңгейде сахналанды.

Ақмола облысы Бурабай аспанында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен көрермен назарына Мұқан Төлебаевтың "Біржан-Сара" операсының қойылымы сахналанды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

"Біржан-Сара" операсының тұсаукесері биыл көктемде "Астана Опера" сахнасында өтіп, зор жетістікке ие болды. Ал осы жолы Біржан сал дүниеге келген Бурабайда ашық аспан астында қойылып отыр.

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бұл шараны Астананың жиырма жылдық мерейтойымен "Рухани жаңғыру" бағдарламасының аясында бүкіл елімізге жаңа форматта қойылып жатқанын атап өтті.

"Опера жанры – музыка өнерінің ең биік шыңы. Бізде де жақсы ұлттық операларымыз бар. Оның ішінде шоқтығы биік маңдайалды туындылар – Евгений Брусиловскийдің "Қыз Жібегі", Ахмет Жұбановтың "Абайы", Мұқан Төлебаевтың "Біржан-Сарасы". Сол үшін де ұлттық операмызды жоғарғы деңгейге шығарып, көрсетіп жатқанымыз үшін өте бақыттымыз. Бұл операны Біржанның туып өскен жері Көкше өңіріне әкеліп қойып жатырмыз. Ұлттық операмызды дүние жүзіне паш етуіміз қажет. Опера ғана емес басқа да жанрларды халыққа кеңінен көрсетуіміз керек", - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Ашық аспан астында опера қоюға арнайы декорация дайындалады. Бүгін "Біржан-Сара" операсы Бурабайда "Абылай" алаңында, екі таудың ортасында қойылды.

"Декорацияның бәрі "Астана Опера" театрында бар. Шетелден бірде бір артист шақырмадық. Оркестр, балет, хордың бәрі өзіміздікі. Жарық пен дыбысты ғана ұйымдастырдық. Үш жыл бұрын Астанада ең бірінші рет "Аида" операсын, ЭКСПО 2017 аясында "Қыз Жібек" операсын қойдық. Ең бірінші рет Астанадан сыртқа шығарып жатырмыз. Бүкіл халыққа көрсететін мұндай бағытты жалғастыруымыз керек. Артистер мен шығармашылық және техникалық ұжым қолайсыз ауа райына қарамай үшінші күн дайындалды. "Біржан-Сара" операсы драма емес, бұл махаббатты, өнерге деген құштарлықты көрсетеді", - деді Мәдениет және спорт министрі.

Аталған операның қоюшы режиссері Асхат Маемиров дала сахнасына 400-ден астам әртіс өнер көрсететінін атап өтті. Олар бір апта осында және опера театрында дайындық жүргізген.

"Біржан-Сара" – қазақ классикалық операсының шыңы. Өзінің әні қалған, талай шығармаларын тудырған топырақта қою бізді биік шығармашылық идеяларға жетеледі. Соның ішінде сіздер көретін халыққа арналған дала театрының заңдылықтарын, театр элементтерін сіңіріп шығардық. Атқа мінген сал-серілер тобы шығады. Біржан сал "Абылай" алаңында талай рет ән шығарған да болар, халықпен сырласқан да болар. Ескере келе Біржанның да, Сараның да образын халыққа жақындатып мейлінше типтік бейнелер жасауға тырыстық. Біржан сал өмір сүрген кезеңді, сол замандағы адамдарды көз алдымызға әкелгіміз келді", - деді қойылымның режиссері.

Асхат Маемиров өнер иелері дала театрының әртісін көрсететін керемет дайындықпен келгенін атап өтті.

"Опера театрының ішінде таза классикалық нұсқасы сақталған, көрермендер екі актіден тұратын шығарманы көреді. Ал мұнда бір жарым сағатқа созылатын дүниені бір актіге сыйғызып үлкен қойылым жасадық. Басы бар, жұп-жұмыр, айналасы тегіс келген жинақы дүние болып шықты", - деді Асхат Маемиров.

Айта кеткен жөн, "Біржан-Сара" қойылымын сахналауға төрт жүзге жуық өнер иесі – "Астана Опера" оркестрі мен бүкіл хоры, жекелеген орындаушылары, "Астана мюзиклі" театрының әртістері, Ақмола облыстық филармониясы мен театрының әртістері атсалысқан. 

Операның бастапқы идеясы шығармашылық тұлғалардың еркіндікке деген күресі, махаббат пен бақытқа деген ұмтылысы болып табылады. "Біржан-Сара" операсының жаңа музыкалық-сахналық редакциясының авторы - қоюшы режиссер, PhD докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров, қоюшы дирижері - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов, қоюшы суретшілер - Софья Тасмағамбетова жəне Павел Драгунов. Басты рөлдерде: Біржан - халықаралық байқаулардың жеңімпазы Мерей Бәйнешов, Сара - Қазақстанның еңбек сіңірген əртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Майра Мұхамедқызы, Жанбота - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықбаев, Аналық - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дина Хамзина, Алтынай - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова, Жиенқұл - Талғат Галеев, Қожағұл - Шыңғыс Расылхан, Серік - Рамзат Балакишиев, Естай - Бейімбет Таңарықов. Сондай-ақ, қойылым тобы: бас хормейстер - Қазақстанныің еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дəуітов. Қоюшы балетмейстер - Мукарам Авахри, техникалық директоры - "Астана Опера" театрының көркемдік-өндірістік кешенінің жетекшісі Виктор Караре.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары

Материалды әзірлегендер: