"Біздің Денис" кітабы толықтырылып, тағы 2000 данамен таратылады - Жаңалықтар | BNews

"Біздің Денис" кітабы толықтырылып, тағы 2000 данамен таратылады

23 шілде, 17:45 1863 Астана

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Денис Тен туралы барлық маңызды ақпарат жинақталып, бір түннің ішінде кітап ретінде басып шығарылған және Астанадағы Барыс-Арена спорт кешенінде өткен спортшымен қоштасу рәсімінде таратылған.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша ҚР Ұлттық кітапханасы қазақстандық танымал мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің қаза табуына байланысты "Біздің Денис" деп аталатын кітап басып шығарды. Алдағы уақытта аталған кітап тағы да толықтырылып, 2000 дана таралыммен шығарылмақ. Бұл туралы BNews.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз хатшысы Айдар Қырықбай хабарлады.

Оның мәліметінше, аталған кітапта мәнерлеп сырғанаушының балалық шағындағы фотосуреттері, түрлі жарыстарда түсірілген естелік суреттері, спортшыдан алынған сұхбат, сондай-ақ Денис Тен туралы шетелдік белгілі бұқаралық ақпарат құралдарының материалдары жарияланған. 

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз хатшысы танымал спортшы туралы ақпарат тез арада жинақталып, бір түннің ішінде кітап ретінде басып шығарылғанын атап өтті.

"Біз Денис туралы барлық маңызды ақпаратты жинақтадық та, бір түннің ішінде оны кітап ретінде басып шығардық. Аталған кітапты біз Астанадағы Барыс-Арена спорт кешенінде өткен спортшымен қоштасу рәсімінде тараттық. Сонымен қатар, біз бұл кітапты қосымша ақпаратпен толықтырып, 2000 дана таралыммен қайта шығарамыз деп жоспарлап отырмыз", - деді Айдар Қырықбай.  

Сондай-ақ, ол кітаптар аудандық, ауылдық, аймақтық, облыстық деңгейде және республикалық маңызы бар қалалардың кітапханаларында таратылатынын, сонымен қатар ведомствоға қарасты спорт мектептеріне таратылатынын айтты. 

Айдар Қырықбай сөзінде кітап тағы 10 бетпен толықтырылатынын айтып өтті. 

"Бұл кітап спортшы Денис Тенмен қоштасу рәсімінде танымал қазақстандықтардың сөйлеген сөздерін қоса отырып, тағы 10 бетпен толықтырылады. Ертең барлығын дайындап, аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Әрине, кітапты кітапханалардан, Ұлттық академиялық кітапханадан оқуға болады", - деп сөзін толықтырды ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз хатшысы.  

Мәнерлеп сырғанаушы туралы естелік кітаптың электрондық нұсқасы да шығарылады.

"Біздің Денис" кітабының электрондық нұсқасын жақын арада  ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ресми сайтынан оқу мүмкіндігі пайда болады", - деп сөзін түйіндеді Айдар Қырықбай. 

Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 19 шілде күні Алматыдағы Құрманғазы Байсейітов көшелерінің қиылысында түскі 15:00-дер шамасында болған еді. Спортшы көлігінің айнасын ұрлап бара жатқан екі адамның үстінен түскен. Сол уақытта басталған жанжалдың нәтижесінде әлгі адамдар Денис Тенді пышақтап кеткен. Денис Тен медициналық жедел жәрдем бригадасымен Орталық қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілді. 

Бірнеше сағат бойы оның өмірі үшін арпалысқан дәрігерлер алған жарақатының ауырлығына байланысты оның өмірін сақтап қала алмады. Ауруханаға жеткізілгеннен екі сағаттан кейін, 17:30-да ол қайтыс болды.  

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Мемлекет басшысы Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Денис Теннің қайғылы қазаға ұшырауына байланысты оның отбасына көңіл айтып, жеделхат жолдаған болатын.

Бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев телефон арқылы Денис Теннің ата-анасына хабарласып, көңіл айтты. Мемлекет басшысы Денистің мезгілсіз дүниеден өтуі - жақындары мен туыстары үшін ғана емес, тұтас мемлекет үшін орны толмас қаза екенін жеткізді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бас прокурор Қайрат Қожамжаровқа және Ішкі істер министрі Қалмұхамет Қасымовқа Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Денис Теннің өліміне байланысты істі ерекше бақылауға алуды, сондай-ақ тергеу шараларының егжей-тегжейлі әрі объективті жүргізілуін қамтамасыз етуді тапсырды. Президент Әкімшілігінің басшылығына тергеу барысын тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды.

Сондай-ақ, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы белгілі қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочидегі Олимпида ойындарының қола медаль жүлдегері Денис Теннің қайтыс болуына байланысты көңіл айтты. Бұл өте қорқынышты, әрі әділетсіз, деп атап өтті ведомство басшысы.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, белгілі қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенді ақтық сапарға шығарып салу рәсімі 21 шілде күні сағат 10:00-де Алматы қаласындағы "Балуан Шолақ" спорт сарайында өтті.

Еске сала кетейік, 21 шілдеде кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Геннадий Головкин қазақстандық танымал мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің Алматыда өткен қоштасу рәсіміне қатысты. Спортшы Сауль "Канело" Альвареспен өтетін екінші жекпе-жекке дайындығын уақытша тоқтатып, өзінің досы – Денис Тенмен қоштасу үшін АҚШ-тан арнайы ұшып келген.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің баспасөз қызметі Денис Тенмен қоштасу рәсімі Алматы қаласымен қатар Астанада да өткізілетінін хабарлады. 21 шілде күні Астана қаласында сағат 10:00-де "Барыс-Арена" спорт кешенінде танымал мәнерлеп сырғанаушы, елімізге еңбегі сіңген спорт шебері, 2014 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Тенді еске алуға арналған азаматтық жаназа өтті.           

Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Денис Теннің өліміне қатысты екі күдікті де ұсталды. Бірінші күдікті 20 шілде күні ұсталды. Ол 24 жастағы Жамбыл облысының тумасы Қиясов Нұралы. Ол өзінің жасаған қылмысын мойындады.

Алматыда полиция қызметкерлері сол 20 шілде күні шамамен сағат 20:00-де 1994 жылы 23 желтоқсанда туған Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Ақай ауылының тумасы Құдайбергенов Арман Бөрібайұлын спортшының өліміне қатысы бар деген күдікпен қолға түсірді.

Күдіктілерді ұстауды Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Алматы қаласының Ішкі істер департаментінің арнайы құрылған жедел-тергеу тобы жүргізді. Олардың екеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды.                                                                                                           

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары

Материалды әзірлегендер: