Бізге тарих арқылы өзіміздің болашағымызға жол салу қажет – саясаттанушы Елбасы мақаласы туралы

21 қараша, 2018, 13:51 1802 Астана
Бізге тарих арқылы өзіміздің болашағымызға жол салу қажет – саясаттанушы Елбасы мақаласы туралы

Ерлан Саиров өзіңнің тарихыңмен мақтанып қана қоймай, сол тарихтың қыр-сырларын сараптап, ғылыми негізде болашаққа бағдар жасау өте өзекті екенін атап өтті.

Қазақстандық саясаттанушы Ерлан Саиров өзінің Facebook-тегі парақшасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Ұлы даланың жеті қыры" атты мақаласына қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

"Көңілге қонымды. Өзіңнің тарихыңмен мақтанып қана қоймай, сол тарихтың қыр-сырларын сараптап, ғылыми негізде болашаққа бағдар жасау өте өзекті. Біз жаһандану заманына өзіміздің тамырымызбен, сол тамырымызды тереңдете отырып енуіміз өзекті. Осы тұрғыда, өзіміздің толағай тарихымызды түлету күн тәртібінде және өзекті", - деп жазды Ерлан Саиров.

Оның сөзінше, отарлау кезеңінде қазақтарды тарихы болмаған, болмысы, бет-әлпеті жоқ, даланы кезіп жүрген халық ретінде көрсету әрекеттері болды. 

"Біз сол жүйелі әрекеттердің арқасында өзіміздің тарихымыздан айрылып қалдық, тарихты есімізге алғымыз келмеді, "тарихтан шаршау" синдромына іліктік... "Халықты құртқың келсе, оның тарихын құрту керек, тарихын білмеген халық тобырға айналады" деген аспект бар. Біз осынау "мәңгүрттік" заманды да басымыздан өткердік... Жаһандану процестері ұлттың өткені мен өткергенін басқаша көзқараспен сараптай отырып, болашаққа бағдар жасауды талап етеді", - деді саясаттанушы.

Сондай-ақ, ол жаһандану әрқашан болғанын, халықтардың Ұлы көші, Алтын Орда, Дели сұлтанаты Ұлы даланың сценариімен болған жаһанданудың жобалары екнін, сол тарихи жобалардың жетістіктерін әлі күнге дейін батыс иеленіп, пайдаланып келетінін айтып өтті.

"Атты қолға үйрету, үзеңгі, металлургия, алтыны өңдеу технологиялары біздің қасиетті жерде пайда болған. Осы жайт батыс тарихнамасында жабулы қазан болып тұр. Ғылыми-техникалық прогрестің тарихшысы Линн Уайт "Үзеңгіні жасау адамзат тарихында ұшақ, автомобильді жасаумен тең революция жасады" дейді. Бізге тарих арқылы өзіміздің болашағымызға жол салу қажет", - деп сөзін түйіндеді Ерлан Саиров.

Тағы бір белгілі саясаттанушы Айдос Сарым Facebook-тегі парақшасында Елбасының жаңадан жазылған мақаласының қазақ руханияты үшін қажетті жобалар екенін атап өтті.

"Мұқият қарап шықтым. Көңілге қонымды тұстары көп екен. Қазақ руханияты үшін қажетті жобалар", - деп бөлісті Айдос Сарым.

Ал Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында Президенттің "Ұлы даланың жеті қыры" атты мақаласын "Руxани жаңғырудың" жалғасы іспетті тағылымды мақала деп атады.

"Ел газеті Егеменде Елбасының тариxи сананы жаңғыртуға бастайтын бағдарламалық мақаласы жарық көрді. Руxани жаңғырудың жалғасы іспетті тағылымды мақалада ұлт тариxының бастаулары, Ұлы Дала өркениеті, түркі әлемінің генезисі, түркілердің адамзат тариxына қосқан сүбелі үлесі сияқты маңызды тақырыптармен бірге оларды жүзеге асырудың да нақты жолдары көрсетілген", - деп жазды Дархан Қыдырәлі.

Оның айтуынша, терең тариxымызды түгендеуге мүмкіндік беретін бағдарламалық мақаланың түгел түркі мен Ұлы даладан бастау алатын тамырлас жұрттардың да ортақ игілігіне айналары сөзсіз.

Журналист Нұрғали Нұртай да Facebook-тегі парақшасында оқырмандармен Елбасының аталған мақаласы жайлы пікірін бөлісті. Ол өз жазбасында тіл мен тарихтың мемлекет үшін қаншалықты маңызды екенін ойлаған Ататүрік даналығын да айтып өтті.

"Елбасы мақаласын оқып шықтым. Түркияның құрушысы және ұлы көсемі Мұстафа Кемал Ататүрік 1938 жылы қайтыс боларынан екі ай бұрын, 5 қыркүйекте Ыстамбұлда жатқан ауруханасына нотариус шақыртып, өсиет жаздырыпты. Өзіне тиесілі мүліктің үштен бірін бала-шаға, туған-туысына, үштен бірін "Түрік Тіл Мекемесіне (Лингвистикалық Қоғам)", қалған бір бөлігін "Түрік Тарих Қоғамына" қалдырыпты. Бұл екі мекемені де тіліміз бен тарихымызды түгендейік деп өзі бас болып құрған. Бұдан тіл мен тарихтың мемлекет үшін қаншалықты маңызды екенін ойлаған Ататүрік даналығын көруге болады", - деп жазды Нұрғали Нұртай. 

Сонымен қатар, ол Мемлекет басшысының "Ұлы даланың жеті қыры" атты мақаласын аса жоғары бағалайтынын нақты атап өтті.

"Президенттің "Рухани жаңғыру II" мақаласын аса жоғары бағалаймын! Халықтың қабырғасын бүтіндейтін бағдарламалар дүниеге келіп, іргеміз бекемделіп, қоғамымыз нығая түскей!", - деді ол.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: