БҚО-да колледждер студенттер санын көбейтіп, заңсыз 3 млн теңге алған 

10 қаңтар, 2019, 17:03 537 Батыс Қазақстан облысы
БҚО-да колледждер студенттер санын көбейтіп, заңсыз 3 млн теңге алған 

БҚО прокуратурасы аймақтағы 29 колледждің қызметіне тексеру жұмыстарын жүргізді.

Батыс Қазақстан облысы прокуратурасы 29 колледждің қызметінде мемлекеттік білім беру тапсырысын және техникалық, кәсіптік білімі бар мамандарды даярлауды жүзеге асыру бойынша тексеріс жүргізді, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Студенттерді жатақханамен қамтамасыз етпеу, сабақты дұрыс жүргізбеу, қаражатты негізсіз жұмсау және тағы да басқа бұзушылықтар анықталды.

"Алты колледжде басқа қаладан келіп оқитын студенттерге арналған жатақханалардың жоқтығы анықталды (Орал ақпараттық-технологиялық, Орал политехникалық, Батыс Қазақстан индустриалдық, Ақсай техникалық, Экономика және ақпараттық технологиялар, Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық колледждері), ал бұл мемлекеттік тапсырысты алу үшін міндетті шарт", - делінген хабарламада.

БҚО прокуратурасының мәліметінше, Ақсай техникалық колледжі контингентті негізсіз 116 тұлғаға көбейтіп, бюджеттен заңсыз 3 млн теңге алған. Қаражатты алу үшін оқудан шығарылған және оқуын аяқтаған тұлғалар жалпы тізімге әдейі енгізілген.

Сабаққа қатыспай, әр жерде жұмыс жасаған студенттерге шәкіртақы төлеу фактілері Бөкейорда, Жалпақтал, Қаратөбе, Теректі, Сырым және Шыңғырлау аудандарының колледждерінде анықталды.

Мысалы, С. есімді студент 2016-2017 жылдары Теректі колледжінде оқи тұра, "Шыңғырлау ауданының ветеринариялық станциясы" МКК-да тұрақты жұмыс жасаған және ай сайынғы шәкіртақысын алып тұрған.

Барлық жерде жұмыспен қамтамасыз етілген түлектердің санын жасанды арттыру және колледждердің әкімшілігі тарапынан оларды жұмысқа орналастыруға қолдау көрсетпеуі орын алған.

Атап айтсақ, Жалпақтал ауданының колледжінде 2017 жылы жұмысқа орналасу көрсеткіші 92% құраған. Тексеріс көрсеткіштің іс жүзінде 48% екендігін көрсетті, өйткені 41 студент жұмысқа орналасу туралы жасанды мәлімет тапсырған.

"Орал қаласының газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінің кейбір студенттеріне оқу журналына белгі қойылғанмен, олар сол күндері шетелде болғаны анықталды. Тасқала ауданының колледжінде басқа жерден келіп оқитын студенттерге жазғы және қысқы мерзімде жеңілдікпен жол жүруіне бөлінген 75 мың теңге берілмей, құқықтары бұзылған. Прокурорлық тексеріс нәтижесінде бюджетке барлығы 8 млн теңгеден астам қаражат қайтарылды және жауапкершілікке 72 лауазымды тұлға тартылды", - деп баяндалған хабарлама мәтінінде.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар