БҚО-да жыл соңына дейін 827 пәтер пайдалануға беріледі

26 қараша, 2018, 17:09 1772 Астана
БҚО-да жыл соңына дейін 827 пәтер пайдалануға беріледі

Ал жеке инвестициялар арқылы 1400 коммерциялық баспана салынған.

Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру аясында Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жөнінде баяндаған облыс әкімі Алтай Көлгінов мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz Baq.kz-ке сілтеме жасап.

"Мемлекеттің қолдауымен биыл облысымызға ауыл шаруашылық саласына 12 млрд теңге қаражат бөлінді. Бұл көрсеткіш 2017 жылғымен салыстырғанда 30% артық. Ауыл шаруашылық саласының жалпы өнімі 104 млн теңгені құрап отыр. Дәнді дақылдардың жалпы егістік көлемі биыл 513 мың гектарға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 4,5% немесе 22 мың гектарға артық. Сонымен қатар, 2,5 млрд теңге жеке инвестиция тартылды", - деді облыс басшысы.

Алтай Көлгінов Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті дамытудың экономика үшін маңыздылығын атап өткенін еске салып, облыс бойынша бұл салада әрекет етуші субъектілердің саны өткен жылғыдан 6% артқанын айтты.

"Олардың саны 40 мыңға жетті. Сондай-ақ, шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандардың саны 10% артып, 116 мың адамды құрады", - деді өңір басшысы.

Ол Президенттің "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасының мерзімін 2025 жылға дейін ұзартуы бизнес өкілдері тарапынан үлкен қолдауға ие болғанын айтты. Белгілі болғандай, Жол картасы бойынша мемлекеттік қолдау шараларымен 831 жоба қамтылып, кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан 100 млрд теңгеге қолдау көрсетілген.

"Елбасы қазақстандықтар үшін қолжетімді баспана, әдемі аула мен сапалы инфрақұрылымнан құралатын қолайлы өмір сүру ортасын құруды тапсырды. Өңірде бұл мақсатта ауқымды шаралар атқарылып жатыр. Соның ішінде, "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша 26 көппәтерлі тұрғын үй құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл облыс орталығы мен Ақсай қаласындағы 3 134 пәтер және аудандардағы ауыл жерлердегі 104 жер үй. Жыл соңына дейн тұрғындарға 827 пәтер пайдалануға беріледі. Жеке инвестициялар арқылы 1400 коммерциялық баспана салынды", - деді Көлгінов.

Әкімнің ақпаратына сәйкес, Орал қаласындағы апатты жағдайда тұрған үйлер саны 44 құрайды. Бұл баспаналарды жаңғыртуда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік құралы тиімді пайдаланылып отырған көрінеді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар