"Болашақ" бағдарламасы бойынша онлайн тестілеу рәсімдерін енгізу жоспарлануда - Жаңалықтар | BNews

"Болашақ" бағдарламасы бойынша онлайн тестілеу рәсімдерін енгізу жоспарлануда

24 шілде, 14:01 1998 Астана

Бағдарламаның тиімділігін бұдан әрі жоғарылату үшін алдағы бес жылғы мерзімге маңызды іс-шаралар саны межеленіп отыр.

"Болашақ" бағдарламасы бойынша алдағы уақытта конкурстық іріктеуге қатысуға қолайлы жағдау жасау үшін аймақтық деңгейде онлайн тестілеу рәсімдерін енгізу жоспарлануда. Бұл туралы "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ баспасөз xатшысы Кайлаш Айдана BNews.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Болашақ бағдарламасымен осы уақытқа дейін қанша адам білім алды?

Биылғы жылдың мамыр айының соңындағы ақпарат бойынша барлық тағайындалған стипендия саны 12 974 болса, нақты бітірушілер саны 10 109 болып отыр.

Бағдарламаға әрдайым әртүрлі өзгерістер енгізіліп келеді. Соңғы өзгерістер туралы айтып кетсеңіз.

Біріншіден, ең алдымен тілдік курстартарға: "6+6" (6 ай - елімізде, 6 ай шетелде оқыту) бойынша өзгерістер енгізіліп, кейбір шектеулер қойылды.

Екіншіден, жеңілдігі бар категориялар бойынша ағылшын тіліне деген талап, яғни IELTS 3.0-тен  5.0  және 5.5. балға артты. Сонымен қатар, "Мәдениет және БАҚ қызметкерлер", "Жалпы конкурс", "Өз бетінше докторантураға түсушілер" (бағдарлама аясында тілдік курстан өту қарастырылған) сияқты қосымша льготтық категориялар енгізілді.

Үшіншіден, дипломның орташа балына (GPA 3,0-тен 3,3-ге) деген талап жоғарылады. Ал, стипендиаттарды оқытуға арналған университеттер тізімі әлемдік жалпы униврситеттер рейтингісі бойынша: топ-70,  әлемдік пәндік рейтинг бойынша: топ-20 жоғарғы оқу орнына оңтайландырылған.

2018 жылдан бастап, орталықтағы  университеттр тізімі АҚШ, Ұлыбритания, Германия және Франция сияқты әлемдік білім индустриясындағы көшбасшы университеттермен толықты.

Төртіншіден, стипендияны тағайындау конкурсы жұмысына өзгерістер енгізілді. Қазіргі кезде конкурс түгелдей 6 турдан тұрады. Бекітілген келесімшарт негізіндегі міндеттерді орындауды қамтамасыз етуге қатысты гранттар қарастыру механизмі енгізілді.

Бесіншіден, аймақтық жерлердегі дисбаланс пен аймақтық кадрлар ротациясын қамтамасыз ету мақсатында еңбектік өтілім бойынша сараланған жаңа әдіс бойынша еңбектік өтілімнің мерзімін "аймақ-орталық" схемасы бойынша аймақтарда 3 жылға, тек Астана мен Алматы қалаларында 5 жыл болып енгізілді. Сонымен қатар, облыстық және райондық маңызға ие және басқа да облыстық қалаларда орналасқан білім беру ұйымдарына жұмыс жасаушылар үшін еңбек өтілі 2 жылға дейін қысқартылып отыр. 

Ал, "мемлекеттік қызметкерлер" категориясы бойынша оқу бітірушілерге ҚР кез-келген мемлекеттік субьектілер базасында жұмыс жасауға рұқсат етілді. Сондай-ақ, декреттік демалыс кезіндегі мерзімді де еңбек өтіліне санау туралы өзгеріс енгізілді.

Алтыншы, “Ғылыми қызметкерлер”, “Астана халықаралық қаржы орталығының қызметкерлері”, “Ақпараттық (кибер) қауіпсіздік саласының қызметкерлері” міне осындай салаларға  жаңа тағылымдамадан өтуге арналған категориялар бар.

Жетінші, “Магистратураға өз бетінше түсушілерге” арналған дипломның орташа балы, яғни GPA  3.3-тен  3.0 балға дейін азайтылды. Сонымен қатар, тілдік курс оқу барысында тілді меңгерулерін қадағалау механизмі енгізілді.

Жалпы біздің студенттердің оқу деңгейі қалай? Олар білім алатын жоғары оқу орындарымен байланыс жасап тұрасыздар ма?

Қазақстандық жастар өте талантты. Жерлестеріміз әлемнің ең мықты деген оқу орындарында, еркін білім ала алады.  Оған қабілеттері жеткілікті. Бүгінгі күнге дейін, оқу бітіріп жатқандарға қарасаңыз, қандай қиын университет болмасын, біздің жерлестеріміздің көбісі "өте жақсы" деген бағамен бітіріп келеді. Осыған қарап, біздің жастар өте қабілетті, тек жалқаулықты жеңіп, оқу керек дегім келеді.

Қазіргі уақытта шамамен қанша адам білім алып, тәжірибеден өтіп жатыр?

Бүгінгі таңда шетелде тілдік курс пен академиялық оқуда 800 адам, тағылымдамада – 32, ал 36 адам шетелге кетуге дайындық үстінде.

Мемлекет үшін бір адамды оқыту шамамен қанша сомаға түседі?

Орташа есеппен алғанда “Болашақ” бағдарламасы бойынша бір адамның оқу қаржысы 10 мың АҚШ долларынан басталады. Осы жерде айта кететін бір дүние ол, Дүниежүзілік банк жүргізген зерттеу нәтижесінде білімге салынған бір доллар  ел қазынасына он бес доллар болып қайтады екендігі аңықталды.

Оқуын бітірмей кететін студенттер көп пе? Оларға қатысты қандай шаралар қолданасыздар?

"Болашақ" бағдарламасы бойынша оқуын аяқтамай тастап кеткен студенттерді саусақпен санарлық қана деп айтуға болады. Жоғарыда айтып өткеніміздей біздің жастар өте талантты және әлем бойынша білім деңгейлері алдыңғы ондыққа енетін елдердің студенттерімен қатар, тең дәрежеде оқи алуға қабілеттері жеткілікті.

Оқуын бітіре алмай қалған студенттер олардың оқуына жумсалған қаражатты толықтай мемлекетке қайтарады.

Болашақ бағдарламасымен оқуға түсу үшін, ағылшын тілін қандай деңгейде білуі тиіс?

"Болашақ" бағдарламасы бойынша ағылшын тіл деңгейін білуге келесі талаптар қойылады:

"Магистр дәрежесін алу үшін мемлекеттік қызметшілер, ғылыми және педагог қызметкерлер, мәдениет, шығармашылық қызметкерлер, бұқаралық ақпарат қызметкерлері" санаттары бойынша – IELTS 5,5 балл;

"Магистр дәрежесін алу үшін инженерлік-техникалық қызметкерлер" - IELTS 5,0 балл;

"Магистратураға түсу үшін жалпы конкурс" санаты бойынша - IELTS 5,5 балл, оның ішінде "Writing" - 6,5 балл;

"Магистратураға және доктарантураға өз бетінше түскендер" санаты бойынша IELTS талап етілмейді, бірақ үмітркердің "Болашақ" бағдарламасы аясында оқуға ұсынылған жоғары оқу орынынан шақыру хаты болу қажет

Жалпы "Болашақ" бағдарламасы үшін қандай мамандықтар басымдыққа ие?

Басымдыққа ие мамандықтар тізімін жасау барысында біз үнемі ішкі нарыққа, сонымен қатар міндетті түрде бүгінгі таңдағы әлемдік даму тенденцияларына назар аударамыз, яғни әлем бойынша IT индустрия, медицина саласы, барлық процесстерді цифрлау сияқты мамандықтар қарқынды дамып жатыр. Біз ол салаларды да тізімге қосып отырамыз.

Жалпы "Болашақ" бағдарламасына құжат тапсыру рәсімдері қаншалықты қолжетімді? Талаптары қандай?

"Болашақ" бағдарламасы бойынша үміткерлерге қойылатын талаптар жұмыс тәжірбиесі, кемінде екі жыл ("Магистратураға өз бетінше түскендер" және "Жалпы конкурс" санаттарынан басқа) және бакалавр немесе маман дипломының қосымшасы бойынша орташа балл 3.30 ("Магистратураға өз бетінше түскендер" санаты бойынша 3,0) және үшінші талап тіл білу деңгейі, бұл, әрине стипендиат баратын елге байланысты. Мысалы, Қытайға баратын болса, қытай тілін жетік менгерген болу қажет, Ресейге барса – орыс тілін, Ұлабританияға – ағылшын тілін.

Конкурсқа қатысу үшін үміткерлер Астана қаласы, Мәңгілік ел, 8, "Алтан Орда" БО, 5-қабат, 507 кабинетіне келіп немесе әр қалада бар халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы құжаттарды тапсыра алады тапсыра алады. Сондай-ақ, E-gov онлайн жүйесі бойынша да құжаттар қабылданады.

Биыл кей мемлекеттер Қазақстан азаматтары үшін 20000 грант бөлгені рас па? Осы туралы айтып, бұл бағдарлама мүшесі атану үшін қандай талаптар қойылғанын айта кетсеңіз?

Бүгінгі таңда шетелден гранттар тарту Орталықтың негізгі бағыттарының бірі болып отыр. Бұл жұмысты біз  2016 жылдан бері жүргізіп келе жатырмыз.  Қазіргі кезде Түркия, Латвия, Польша, Латвия сияқты елдерден берілетін гранттар  мерзімі басталып, құжаттар қабылдау жүргізіліп жатыр. Бұл гранттар еліміздің қалтасына бір тиын салмақ салмайтын, таза шетелдің ақшасына оқып келетін өте тиімді гранттар болып табылады. Саны да аз емес. Бұл бағдарламаның басты мақсаты -  адами капиталды дамыту жолында жастарға замануи білім беру болып табылады.

Жасқа байланысты қандай шектеулер бар?

Жалпы бағдарламаларға қатысты өз азаматтарымыз бен азаматшаларымызға ешқандай да шектеу қоймаймыз. Алайда, кейбір шетелдік оқу орындарының өздерінің шектеулері болып жатады. Мысалы: Қытайда шетелдік студенттер үшін жас мөлшері 45 тен аспауы қажет деп көрсетілген.

Оқуға тусу барысында кепіл қою керек пе?

Біз айтып отырған шетелдік гранттар бойынша ешқандай да кепіл қарастырылмаған.  Бұл жердегі гранттардың барлық шығынын шетелдік университеттер мен сол мемлекеттердің өздері көтереді.

Осы гранттарды қандай мемлекеттер бөліп отыр?

Қазіргі кезде біз Польша, Испания, Италия, Литва, Латвия, Корея, Қытай, Ресей, Түркия  және басқа да елдердің жоғары оқу орындарымен жұмыс жасаудамыз.  Алайда, бұл серіктестіктің аймағын әлі де кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Алдымыздағы уақытта 100-ге жуық мемлекеттермен келісімшартқа отырамыз деген үлкен мақсат бар.

Қазақстандық білім беру жүйесінің шет елдік білім беру жүйесінен қалыс қалып жатқан тұстары бар ма?

Ресурстарға емес, білімге негізделген инновациялық эпоха кезеңінде сапалы білім маңызды рөл атқарады. Шетелден алатын білім дегеніміз – әлем бойынша мойындалатын диплом ғана емес, сонымен қоса аралас мәдениеттік байланыстарды бойына сіңіріп келетіндігін атап айтқан жөн. Сондай-ақ,  шетелде білім алудың тағы бір артықшылығы бір немесе екі бірдей шет тілін еркін меңгеруге мүмкіндік туады. Жаһандану кезінде өзге елдің мәдениеті мен тілін меңгере отырып, тіл табыса білу  таптырмас қасиет. Ал, әлемнің әр түкпірінен келген озық ойлы жастармен таныс, дос бола отырып үлкен әлеуметтік капитал алып келетіні тағы бар.  Алайда, біздің студенттер қағаз үшін емес, білім үшін оқу қажеттігін естерінде сақтаулары керек.

Отандық және шетелдік білім беру арасындағы айырмашылық мамандыққа байланысты өзгереді. Мысалы, гуманитарлық салада бұл айырмашылық тым байқала қоймайды, сондықтан еліміздегі университеттердің түлектері әлемнің жетекші университеттерінің магистратурасында қиналмай оқи алады. Ал техникалық мамандықтар мен биотехнология, медицина саласында алшақтық айтарлықтай.

Қазіргі уақытта ҚР Білім және ғылым министрлігі қазақстандық ЖОО-да білім беру сапасын арттыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп келеді. Соған орай негізгі басымдық - білім беру қызметтерін дамытуға серпін беретін отандық жоғары оқу орындарының академиялық еркіндік принципіне бағытталып отыр.

Болашақ бағдарламасының болашаққа қатысты жоспарлары қандай?

Бағдарламаның тиімділігін бұдан әрі жоғарлату үшін алдағы бес жылғы мерзімге маңызды іс-шаралар саны жоспарланған:

1) конкурстық іріктеуге қатысуға қолайлы жағдау жасау үшін аймақтық деңгейде онлайн тестілеу рәсімдерін енгізу жоспарлануда;

2) үміткерлерді сапалы іріктеу мақсатында ағылшын тілін білуге қойылатын талаптарды магистратура үміткерлері үшін IELTS 6.0 және одан жоғары және "инженерлік-техникалық қызметкерлер" санатынан басқа жеңілдік санаттары үшін –- IELTS 5.5 ұпайға дейін жоғарлату жоспарлануда.

3) ағылшын тілін білуге қойылатын талаптардың жоғарлауына байланысты 2025 жылдан бастап стипендия шеңберіндегі барлық квоталық санаттарды алып тастау жоспарлануда.

Сұхбатыңызға рахмет!

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары