"Боржақты-Ерсай" теміржолы арқылы Құрық порты болашақта ең қуатты халықаралық портқа айналады

20 қараша, 2018, 12:23 1899 Маңғыстау облысы

Көзделген межеге жету 2020 жылға дейін деп жоспарланған.

"Боржақты - Ерсай" теміржолы арқылы Құрық порты болашақта Қазақстанның ең қуатты халықаралық портына айналады деп жоспарланып отыр. Биыл қазақтың екінші теңіз порты Құрық арқылы 1 млн 335 мың тонна жүк өткізілгені белгілі. Алайда, стратегиялық маңызы жоғары паромдық кешеннің мұндай жетістікке осыдан небәрі екі жыл бұрын іске қосылған "Боржақты - Ерсай" теміржолы арқылы қол жеткізіп отырғанын екінің бірі біле бермейді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Жалпы ұзындығы бас-аяғы он алты шақырымды құрағанымен, бұл жолдың экономикалық тұрғыдан маңызы өте зор. Өйткені, Құрық теңіз порты арқылы Каспий маңындағы төрт мемлекетке су жолы арқылы жөнелтілетін барлық жүк атаулы осы шойын жолмен паромдық кешенге жеткізіледі.

Маңғыстау облысының Қарақия ауданындағы "Боржақты - Ерсай" теміржолы 2016 жылдың маусым айында ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен телекөпір кезінде іске қосылған еді.

Су жаңа шойын жолмен алдымен Құрық теңіз портын салуға қажетті құрылыс материалдары тасымалданды. Ал бүгінде осы көлік дәлізімен елімізге Еуропа мемлектетерінен түрлі жүк жеткізіліп, көк теңіз арқылы әлем елдерінің тауарлары тасымалдануда.

Бұл, өз кезегінде қазақ елінің тәуелсіздік жылдары транзиттік әлеуетінің артуын, ең бастысы Ұлы Жібек жолының қайта жаңғыруының нақты дәлелі ретінде дүние жүзіне танытып отыр.

"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Орынбасаровтың айтуынша, "Боржақты-Ерсай" теміржолын салу Құрық портын дамытудағы ең маңызды жоба деп саналған.

"Қазіргі таңда осы аталған теміржол Шығыс-Батыс көлік дәлізінің негізгі бөлігіне айналды. Жылдық жалпы қуаты – 12 миллион тонна. Келер 2020 жылға дейін бұл теміржолмен 300 мыңнан астам контейнерді Құрық теңіз портына жеткізу жоспарланып отыр", - дейді Бауыржан Орынбасаров.

Табиғаты қатал шалғай өңірдің теңізбен түйісетін бір шалғайына жаңадан темір жол төсеу үшін бас-аяғы 250 жұмысшы екі жыл еңбек етті. Жобаны салу жұмыстары толық аяқатылып, іске қосылған соң теміржол бойында отыз жаңа жұмыс орны ашылды.

Осы ретте құрлықпен паромдық кешенді жалғайтын жаңа шойын жолдың құрылысына тек қазақ елінде өндірілген отандық материалдар қолданылғанын айтып өткеніміз жөн.  

"Боржақты - Ерсай" теміржолы Құрық портын "Маңғышлақ-Өзен" теміржолымен қосады. Яғни, сайын далаға жаңа теміржол төсеудің арқасында қос бірдей станция пайда болды. Бастысы, жергілікті тұрғындарға жаңадан жұмыс орындары ашылды. Біз теміржолдың бойымен өтетін жаңа автожолды да салдық. Бүгінгі таңда Ақтау қаласы мен Құрық елді мекенін байланыстырып жатқан автожол арқылы әртүрлі жүктер тасымалданып жатыр", - дейді "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Орынбасаров.

"Боржақты - Ерсай" теміржолы мемлекеттік "Нұрлы жол" бағдарламасының жемісі. Аталған отандық жоба ел экономикасына және қазақ мемлекеті аумағы арқылы өтетін халықаралық көлік логистикасына тың серпін берді. Ең бастысы, Қазақстан Республикасы үшін Еуропа нарығына шығатын ең қысқа жол ашылды.

Жауапты мамандар 2020 жылға дейін "Боржақты - Ерсай" теміржолы арқылы Құрық порты болашақта Қазақстанның ең қуатты халықаралық портына айналуы мүмкін екенін мәлімдеп отыр. Бұл тұрғыдан Құрық паромдық кешенін дамытудың ауқымды жоспарындағы ең маңызды жоба – теміржол салу ісі болатын.

Шойын магистраль былтырғы жылдың маусым айында қолданысқа берілді. Ел тарихындағы маңызды жобалардың бірін жүзеге асырған "Теміржол Жөндеу" мекемесі. Аталған серіктестік осыған дейін "Өзен - Түркменстан" мен "Бейнеу - Шалқар" бағытындағы теміржолдардың құрылысын сапалы жүргізген компания болып табылады.

Шойын жолдың табаны қолданысқа берілмес бұрын жан-жақты сынақтан өткізілді. Әрқайсысының ұзындығы мың метрден асатын жанама жолдарға бір мезетте 70 вагон сүйреген поезд құрамы аялдай алады.  

Бүгінде "Боржақты" теміржол станциясының басында заманауи үлгідегі құрал-жабдықтар қалыпты деңгейде жұмыс жасап түр. Олардың қатарында релелік аппаратура, қоректендіру көздері, бұрмалы электр жетектері, бағдаршамдар мен кабельдік желілер бар.  

Канада елінде жасалған озық құралдармен жабдықталған станцияда пойыздар қозғалысының қауіпсіздігі жоғары деңгейде жасақталған. Айталық, теміржол бағдаршам ашылмай қалған жағдайда – бұрма тұйықталуын қамтамасыз ету үшін электрлік орталықтандыру құрылғылары іске қосылады.  

Жаңа станцияның диспетчерлік бөлмесінде төрт бірдей бекет кезекшісі екі ауысыммен жұмыс жасайды. Олар пойыздардың станцияға келіп-кету жолдарын және бұрма жолдардың жағдайын тәулік бойы бақылап отырады.

Диспетчерлік бөлмедегі сандық үлгідегі аппаратура сынық жолдық, бекетаралық, пойыздық радио және энергодиспетчерлік байланысты, сондай-ақ электромеханиктердің өзара сөйлесуін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Ал диспетчерлерге іргелес салынған келесі бөлмеде Маңғыстау байланыс және белгі беру мекемесінің мамандары отырады. Релелік орынға айына екі мәрте арнайы тексеру жүргізіледі. Сонымен қатар, электромеханиктердің техникалық пайдалану ережелерін жан-жақты білуі үшін осы кезекпен біліктілігі арттырылады.

Станция аумағындағы бұрма және бағдаршамдардың релелік орталықтандырылуын жүзеге асыратын құрылғылардың штаттық кестемен жұмыс жасауын, оған уақтылы күтімнің қалай жасалытын бақылайтын да арнайы мамандар бар.

Жалпы, осы жобаға жұмылған теміржол саласы мамандарының әлеуметтік мәселелері де оң шешімін тапқан. Бүгінде "Боржақты" станциясында әрқайсысы үш бөлмелік екі үй салынып тұр. Жаңа баспаналар теміржолшылар игілігіне беріледі.

Айта кетсек, Боржақты станциясынан Ерсай бекетіне апаратын жолдың бойында автокөлік өтетін ұзындығы 960 метрлік асфальт көпір салынған. Ал осы бекеттен Құрық теңіз портына және Ерсай мекемесіне қарай салынып жатқан жолдың жартысы аяқталып тұр. Қалған бөлігіне құм төсеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Жалпы "Боржақты - Ерсай" жобасы бойынша салынған теміржол бекеттерін қоса алғанда, бүгінгі таңда салынып тұрған жолдың ұзындығы жиырма үш шақырымнан асады.

Арнайы тоқтала кетейік, Боржақты теміржол станциясынан Қашаған жобасы үшін құбыр монтаждау, әзірлеу жұмыстарымен шұғылданатын Ерсай мекемесі тұрған жерге дейін ұзындығы үш шақырымдық кірме жол төсеу жұмыстары да басталып кетті. Осы компания кірме жолды салу жұмыстарына жұмсалатын қаржылай шығынды көтереді. Келешекте аталған теміржол желісі Боржақты станциясына Ерсай мекемесі шығаратын өнімдерді тасымалдауға қолданылмақ.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: