Бозымбаев "Сарыарқа" газ құбырын жүзеге асыру мерзімін атады - Жаңалықтар | BNews

Бозымбаев "Сарыарқа" газ құбырын жүзеге асыру мерзімін атады

13 наурыз, 2018, 16:05 1574 Астана
Бозымбаев

ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаев Мемлекет басшысының "Қызылорда - Жезқазған - Қарағанды - Теміртау - Астана" бағыты бойынша "Сарыарқа" магистральді газ құбырын салу жөніндегі тапсырмасы қалай іске асырылатыны туралы айтып берді.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 7 наурызда ҚР Энергетика министрлігінде мүдделі мемлекеттік органдардың, Қызылорда, Қарағанды, Ақмола облыстары және Астана қаласы әкімдіктерінің және "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ қатысуымен селекторлық кеңес өткізілді, деп хабарлады primeminister.kz. Онда газбен қамтамасыз ету жобасын іске асыру жөніндегі Жол картасы мақұлданып, жұмыс тобы құрылды.

"Біз "Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана" бағыты бойынша магистральді газ құбырының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеп, бекітуді және жер бөлуді қамтамасыз етуге келістік. Жауапты орындаушылар: Энергетика министрлігі, ҚР ИДМ, Қызылорда, Қарағанды, Ақмола облыстарының әкімдіктері және "ҚазТрансГаз". Мерзімі – 2018 жылдың шілде айы", - деді Бозымбаев.

Министр, сондай-ақ, халықаралық қаржы институттарынан қаражат тарту арқылы жобаны қаржыландырудың схемасын анықтау қажет екенін атап өтті. Мерзімі – 2018 жылдың маусым айы. Мұндағы жауапты орындаушылар - "Бәйтерек" ҰБХ, ҚР ҚМ, ҚР ҰЭМ, ҚР ЭМ, "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ, "ҚазМұнайГаз" ҰК, "ҚазТрансГаз" АҚ.

Қ. Бозымбаев "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" жобаны іске асыруға және қаржы тартуға жеткілікті деңгейде жарғылық капиталды қалыптастыру үшін еншілес ұйымды құруы немесе анықтауы керек екенін айтты. Мерзімі - 2018 жылдың маусым айы. Жауапты мекемелер: ҚР ҰЭМ, "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ, "ҚазМұнайГаз" ҰК, "ҚазТрансГаз" АҚ.

"Магистральді газ құбырының құрылысына кірісу және газ құбырының алғашқы жігін дәнекерлеудің салтанатты рәсімі осы жылдың шілде айының басына жоспарланған", - деді Бозымбаев.

Бұдан өзге, министр магистральді газ құбырын толтыру және тұтынушыларға газ жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында Қарағанды, Ақмола облыстары және Астана қаласы әкімдіктеріне газ тарату желілерін жобалауды және оның құрылысын магистральді газ құбырының аяқталу уақытымен сәйкестендіре отырып, тездету қажет екенін, барлық жұмыс 2019 жылдың шілдесіне дейін аяқталуы керектігін айтты.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар