Брюссельде Қазақстан Тәуелсіздігінің 27 жылдығы атап өтілді

17 желтоқсан, 2018, 18:33 2367
Брюссельде Қазақстан Тәуелсіздігінің 27 жылдығы атап өтілді

Мерекелік басқосуға саясаткерлер, кәсіпкерлер және дипломаттар қатысты.

Еуроодақ астанасы - Брюссельде Қазақстан тәуелсіздігінің 27 жылдығы атап өтілді, деп хабарлады "Хабар 24". Мерекелік басқосуға саясаткерлер, кәсіпкерлер және дипломаттар қатысты. Салтанатты шарада Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы сауда айналымы әрі өзара қарым-қатынас сөз болды. Еліміздің Тәуелсіздігіне биыл 27 жыл толса, Еуроодақпен арадағы дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына да осынша уақыт өтті. Жыл сайын Қазақстан мен алып интеграциялық ұйым арасында көптеген іскерлік жиындар өтеді.  Соның бірі - АССЕМ саммиті. 

"Біз 27 жыл ішінде көптеген жетістікке жеттік. Әсіресе, сыртқы саясатта. Еуропада бізді сыйлайды. Бастамаларымызды құрметтейді. Президент идеяларына қолдау көрсетеді. Мәселен, Брюссельдегі саммитте Президенттің АҚШ, Ресей, Қытай және Еуроодақ көшбасшыларын басын қосып, күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауға шақыруы маңызды бастама екенін түсінеді",  - деді Қазақстанның Бельгиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Айгүл Құспан.

Еуропалық дипломаттар өзара экономикалық, саяси және мәдени-гуманитарлық саладағы әріптестікті жоғары бағалайды. Сондай-ақ Қазақстан өз аймағында жетекші күш-қуатқа ие деп біледі.

"Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Бельгия сіздердің елдеріңіздің егемендігін тез арада мойындады. Сондықтан жақында арадағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнаған датасын атап өттік. Қазақстан экономикада ғана емес, саяси тұрғыда қарқынды дамып келе жатқан мемлекет. Біз алыс-берісімізді үнемі арттырып келеміз. Сондықтан бір-бірімізге маңызды серіктес ретінде қараймыз. Оның үстіне Бельгия келер жылы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесіне айналады. Сондықтан сіздерді үлгі етеміз", - деді Бельгия СІМ департаментінің басшысы Йохан Индекё.

"Қазақстанның аймақтық деңгейде рөлі артып келеді. Сіздер Экспо көрмесімен бірге, көптеген ауқымды халықаралық жиындар өткіздіңіздер. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Ауғанстан мәселесіне баса назар аударғандарыңыз белгілі. Мұны сол ұйымның бас хатшысы Антонио Гуттериш те жақында атап өтті. Қазір байланысымыз жақсара түсті. Сондықтан сіздерге тек жақсылық тілеймін", - деді Brussels Express басылымының бас редакторы Антонио Бускардини. 

Келер жылы арадағы әріптестік және ынтымақтастық келісімі аясында бірнеше жоба жүзеге асырылады. Қазір арада құқықтық құжаттарды бекіту ісі жүріп жатыр. Солардың ең маңыздысы қазақстандықтардың Еуропаға еркін сапарлауына мүмкіндік беретін визалық режимді жеңілдету келісімі.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар