Бүгін қасиетті Рамазан айының алғашқы күні - Жаңалықтар | BNews

Бүгін қасиетті Рамазан айының алғашқы күні

17 мамыр, 10:11 3852
Бүгін қасиетті Рамазан айының алғашқы күні

Ораза ұстау – исламның негізгі бес парызының үшіншісі.

Ораза – адам нәпсісін тыйып, рухани өсуге, өз бойындағы жаман әдеттерден арылып, көркем мінезін тәрбиелеп қалыптастыруға мүмкіндік беретін ғибадат.  Яғни,тәуліктің күндізгі уақытында ауыз бекіту, исламның негізгі бес парызының үшіншісі, деп  хабарлайды BNews.kz.   

Ораза ұстаған адам таң атқаннан күн батқанға дейін ниетін бекітіп, ішіп-жеуден, басқа да оразаны бұзатын нәрселерден аулақ болады. Мұсылмандарға рамазан айында ораза ұстау – парыз. Шариғат терминінде Ораза – ұстауға күші жеткен адамның ниет етіп, екінші шанақтан бастап, күн батқанға дейін Оразаны бұзатын нәрселерден сақтануы. Ораза белгілі бір уақыт ішіп-жеуден, нәпсі қалауларынан тыйылу. Мұның парызы – ішіп-жеу мен құмарлық сезімдерден сақтану.

Ораза шартты ғибадат болғандықтан оны парыз ретінде кімнің орындауға міндеттілігі немесе кімдердің босатылатыны, қабыл болу-болмауының шарттары, бұзылатын немесе бұзылмайтын жағдайлары шариғатта бекітілген.

Қазақ дәстүрлі қоғамында ораза ғибадатын өтеуге байланысты ислам әдебімен орайлас, халықтың тұрмыс-салтына етене болып қалыптасқан игілікті дәстүрлер бар. Пайғамбар өсиетіне сай оразаның мұстахабын (орындаса сауап, орындамаса күнәсі жоқ) орындау үшін "таң сәресін" шүйіркелесіп ішу отбасының берекесін кіргізеді. Рамазан айында өзара "ауызашарға" шақырысу дәстүрге айналған.

Аузы берік адамның бос сөзден, орынсыз әрекеттерден бойын аулақ салып, жаман істерден тыйылуы, ғибадатын арттырып, бос уақытын дін іліміне тереңдеп, зікір, салауат айтумен өткізуі абзал. Бұл да оразаның сауабын арттыратын амалдар.

Рамазан айы мамырдың 17-нен 15 маусымға дейін жалғасады.

Қадір түні  маусымның 11-нен 12-не қараған түні.

Ораза айт 15 маусымда, ал Құрбан айт 21 тамызда басталады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары