Бүгін Қазақстан халқы тәуелсіздіктің 27 жылдығын атап өтуде

16 Декабря, 2018, 10:07 2943
Бүгін Қазақстан халқы тәуелсіздіктің 27 жылдығын атап өтуде |  | BNews.kz

1991 жылы 16-желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі "Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы" заңды қабылдады.

Бүгін қазақстандықтар еліміздің тәуелсіздігінің 27 жылдығын атап өтуде, деп хабарлайды BNews.kz.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні — тарихы тереңде жатқан елдің жаңа заманда өз алдына қайта егеменді ел болған күні. Тәуелсіздік күні мерекесі елімізде әр жылдың 16 желтоқсанында аталып өтеді. Бұл күн ұлттық, мемлекеттік деңгейдегі елеулі мереке болғандықтан 16-17-желтоқсан күндері күнтізбеде демалыс болып саналады.

Биыл Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 27 жыл толып отыр. 1991 жылы КСРО ыдырап, Одақтың құрамындағы елдер өз алдарына жеке мемлекет болып жатты. Солардың қатарында Қазақстан да болды. 1991 жылы 16-желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі "Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы" заңды қабылдады. Бұл заң 1990 жылы 25-қазанда қабылданған Қазақстанның Егемендігі туралы Декларациямен бірге Қазақ елінің елдігін нығайта түсті.

Жыл сайын республика азаматтарының арасында мәдениет қайраткерлері, әлеуметтік саладағы ерекше қызметімен көзге түскен мамандар, әскери шенділер мен офицерлер, құқық қорғау саласының қызметкерлері және ел өміріндегі белсенді өзге де сала өкілдері елеулі еңбек еткендері үшін мемлекеттік марапаттармен (наградалар) марапатталады.

16-желтоқсан күні Қазақстанның барлық жерінде мерекелік мәдени ойын-сауық іс-шаралары ұйымдастырылады. Кешке қарай үлкен орталықтардың аспаны отшашумен көмкеріледі. Мысалы, Астанада мерекеге орай түрлі спорт іс-шаралар мен концерттер ұйымдастырылған. Іс-шаралар тізімін 16 желтоқсан күні сағат 22:00-де Есіл өзенінің жағалауында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік отшашу аяқтайды. 

Тәуелсіздік тек Қазақстан тұрғындары үшін ғана емес, сонымен бірге шетелдердегі қазақ халқының өкілдері үшін де маңызы зор мереке.


Рекомендуем
Димаш Құдайберген "The World's Best" шоуында америкалық тыңдармандарды таңдандырды 13936

Похожие новости