БЖЗҚ зейнетақы активтерін "ҚазАгроға" инвестициялады

20 Декабря, 2018, 10:57 2530
БЖЗҚ зейнетақы активтерін "ҚазАгроға" инвестициялады |  | BNews.kz

450 млрд теңге сомасындағы зейнетақы активтері "ҚазАгро" ҰБХ" АҚ-тың облигацияларына жылдық 10%-дық сыйақы мөлшерлемесімен инвестицияланды.

2018 жылғы 29 қарашада Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңес мақұлдаған инвестициялаудың 2018 жылға арналған негізгі бағыттарына сәйкес БЖЗҚ-ның 450 млрд теңге сомасындағы зейнетақы активтері "ҚазАгро" ҰБХ" АҚ-тың айналыс мерзімі 15 жылдық облигацияларына нарықтық талаптармен және жылдық 10%-дық сыйақы мөлшерлемесімен инвестицияланды, деп хабарлады ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі.

"ҚазАгро" ҰБХ" АҚ агроөнеркәсіптік кешенді индустриалдық дамытуды ынталандыру жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыратын негізгі институт болып табылады. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі арқылы мемлекет "ҚазАгро" ҰБХ" АҚ-тың жалғыз акционері болып табылады. Халықаралық рейтингтік агенттіктердің жоғары кредиттік бағасына ие болған холдинг бағалы қағаздар нарығындағы сенімді қарыз алушылар қатарына жатады. Мәселен, "ҚазАгро" ҰБХ" АҚ-тың ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі Fitch Ratings агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша оң болжаммен "ВВВ-" деңгейінде тұр. Холдингтің меншікті капиталы 2018 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 244,9 млрд теңгені құрайды", - делінген хабарламада.

Жалпы алғанда агроөнеркәсіптік кешен Қазақстан экономикасының стратегиялық маңызды секторларының бірі болып табылады және өндіруші саланың Қазақстан экономикасына әсер етуін теңестіруге мүмкіндігі бар негізгі қозғалтқыш ретінде қаралады.

Ұлттық банктің мәліметінше, осылайша, бір жағынан, жоғарыда көрсетілген инвестициялар БЖЗҚ салымшыларына жыл сайын біршама инвестициялық кіріс әкелетін болады, екінші жағынан – саланы қаржылай қалыпқа келтіру есебінен агроөнеркәсіптік секторды одан әрі дамытуға және жетілдіруге, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының борыштық жүктемесін төмендетуге, бағамның нарықтық ауытқуларына байланысты валюталық тәуекелдердің азаюына, сондай-ақ кредиттеу көлемінің ұлғаюына айтарлықтай қолдау көрсетеді.

Рекомендуем
Димаш Құдайберген "The World's Best" шоуында америкалық тыңдармандарды таңдандырды 13855

Похожие новости