Данэлия Төлешованың анасы: Қызымның аты Дәнел болуы тиіс еді - Жаңалықтар | BNews

Данэлия Төлешованың анасы: Қызымның аты Дәнел болуы тиіс еді

09 қараша, 12:19 2328
Данэлия Төлешованың анасы: Қызымның аты Дәнел болуы тиіс еді

Украиналық «Голос. Дети» шоуының әділқазылар алқасын таңқалдырған Данэлия Төлешованың анасы BNews.kz тілшісіне қызының ерекше есімі мен оның армандары туралы айтып берді.

«Голос. Дети» шоуына қатысқан он жасар Данелияның есімі қазір ел аузында. Оны анасы кішкентайынан жан-жақты дамытуға тырысқан. Данелия кәсіби тұрғыдан ән айтуды жақында ғана бастаған.

«Данэлияны кішкентай кезінен бастап дамыту орталықтарына апардық. Алайда үш пен алты жас аралығында алған дене жарақатына байланысты белсенді қозғалыстар жасай алмады. Дегенмен, уақыт өте бимен айналысып жақсы жетістіктер көрсетті», - дейді анасы Елена Төлешова.

8 жасында Данелия «Аялаған Астана» байқауына қатысып, бас жүлдені жеңіп алды. Осыдан кейін вокалмен жеке мұғалім жалдап  айналыса бастаған.

Көп адам Данэлияның ұлты жөнінде қызыға сұрайды. Туу туралы куәліктегі қате салдарынан осындай ерекше есім пайда болған.

«Данэлияның ұлты ата-анасынікіндей – қазақ. Басында оның аты Дәнел болуы тиіс еді, алайда куәлікті беретін кезде Дәнел орнына Данелия деп жазылып кеткен», - дейді анасы.

Данэлияның інісі мен сіңлісі бар. Анасы ән айтқанды жақсы көреді. Оның әкесі Александар Төлешовтің музыкалық білімі бар. Қазіргі уақытта әкесі қызының шығармашылығымен белсене айналысып жүр. Ата-анасының ойынша Данэлияға ән салу қасиеті екі әжесінен берілген.

Данэлия осы жастағы барлық бала сияқты сахна жұлдызы болуды армандайды. Сондай-ақ, ол видео түсіріп, монтаждауды да ұнатады екен. Бәлкім, болашақта оның есімін бейнебаяндар титрынан көріп қалуымыз да мүмкін.

«Қәзір біз дайындық үстіндеміз. Сайыстың екінші кезеңі «батл» деп аталады. Данэлияның барлық досы үлкен қолдау көрсетіп жатыр. Тек достар ғана емес, бүкіл қазақстандықтар да жанкүйер болып, сәттілік тілеп отыр»,- деді Елена Төлешова.

Еске сала кетейік, Димаш Құдайбергенов Данэлияның қабілетіне риза болып, оның Instagram парақшасында мақтап пікір жазған болатын. 

Артынша Данэлия Димашқа барлық үмітті ақтауға тырысатынын айтып, алғыс білдірді. 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары