Даниал Ахметов: Аягөзде зардап шеккендердің бәріне көмек көрсетіледі - Жаңалықтар | BNews

Даниал Ахметов: Аягөзде зардап шеккендердің бәріне көмек көрсетіледі

13 наурыз, 19:50 1533 Шығыс Қазақстан облысы
Даниал Ахметов: Аягөзде зардап шеккендердің бәріне көмек көрсетіледі

Бүгін ШҚО әкімі Даниал Ахметов Аягөз қаласына арнайы келіп, тұрғындармен кездесті.

Аймақ басшысы  судан зардап шеккен аягөздіктердің ешбірі биліктің назарынан тыс қалмайтынын, барлығына тиісті деңгейде көмек көрсетілетінін жеткізді, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Осыдан 2 күн бұрын кіші Аягөз өзені арнасынан он есе асып, нәтижесінде аудан орталығындағы үш шағын көпірді қиратып, 148 үй су астында қалған еді. Ауданда табиғи апатқа байланысты төтенше жағдай жарияланып, зардап шеккен үйлердің тұрғындары дереу қауіпсіз жерге көшірілген болатын. Қазіргі таңда олар арнайы мекемелерге орналастырылып, ыстық тамақ және төсек-орынмен толық қамтамасыз етілген.

Айта кету керек, су басқан 148 үйдің бүгінде 8-і құлаған. 10 үй апатты жағдайда тұр. ШҚО әкімі бұл сан алдағы күндері еселенуі ықтимал, сондықтан бұл соңғы көрсеткіш емес екенін айтты. Облыс әкімі жайылған судың өтінде қалған үйлерді аралап шықты. Даниал Ахметовке тұрғындар арыз-шағымдарын  жеткізді.

"Бірде-бір Аягөздің тұрғыны назардан тыс қалмайды. Баспанасы жарамсыз қалған отбасыларына осы қаладан үй сатып алып береміз. Қазіргі таңда Аягөзде 15 үй сатылады деген ақпарат берді маған. Солардың бәрін сатып аламыз. Одан кейін орталықта 60 пәтерлі жаңа үй бой көтеріп жатыр. Сол жерден пәтер береміз. Ешкім баспанасыз қалмайды", - деді Ахметов.

Облыс әкімінің жауабы тұрғындар көңілінен шықты.

"Үй береміз деп уәде берді. Алла бұйырса алдағы таңда баспаналы боламыз. Мамырда балам дүниеге келеді. Бәріне рахметімді айтамын. Келіп, көріп, жағдайымызды сұрап жатыр", - деді жергілікті тұрғын Эльмира Қайымбаева.

ШҚО әкімі Даниал Ахметов ертең Аягөзге облыстық "Парыз" қорынан 50 миллион теңге жолданатынын жеткізді. Аталған қаражат күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелерді, атап айтқанда көмір, азық-түлік, киім-кешек сияқты тұрмыстық жағдайды шешуге жұмсалады.

Апат салдарын есептеуге құрылған арнайы комиссия жұмысын жалғастыруда. Бүгінде өзен деңгейі біршама төмендеген. Жергілікті билік көпірлерді қалпына келтіру жұмыстарын атқаруда. Ал қалада еріктілер су шайып өткен аумақтарды тазалау жұмысын жүргізуде.

Бұдан бөлек Даниал Ахметов Үржар, Күршім, Жарма сияқты жоғары қауіп төнген аудандар аумағындағы жағдайдың жіті назарға алынғанын, арнайы тікұшақпен бақылау басталғанын айтты.

Ұқсас жаңалықтар