Даниал Ахметов Жеңіл атлетика федерациясының президенті болды - Жаңалықтар | BNews

Даниал Ахметов Жеңіл атлетика федерациясының президенті болды

16 наурыз, 2018, 17:36 3250 Астана
Даниал Ахметов Жеңіл атлетика федерациясының президенті болды

Бүгін Астанада Қазақстан Республикасы Жеңіл атлетика федерациясының кезектен тыс конференциясы өті.

Жиын барысында Федерацияның жаңа президенті болып Даниал Ахметов сайланды, деп хабарлайды BNews.kz Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Атқару комитеті мүшелерінің бірауызды шешімімен Әділбек Жақсыбековтың өкілеттілігі мерзімінен бұрын тоқтатылып, оның орнына ҚР Жеңіл атлетика федерациясының президенті болып Даниал Ахметов сайланды. Конференцияны шақыруға  осы жылдың ақпан айында Әділбек Жақсыбековтың ақпан айында Қазақстан футбол федерациясының президенті болып сайлануы себеп болған.

"Маған сенім білдіргендеріңізге рахмет! Әділбек Рыскелдұлы басқарған бір жылдың ішінде аз шаруа атқарылған жоқ. Енді сол бастамаларды ары қарай жалғастырып, Қазақстан жеңіл атлетика федерациясын дамытуға тырысамыз. Алдымызға қойған мақсаттарымыз көп. Алдымен спорттық инфрақұрылымдарды жетілдіруді көздейміз. Жақын уақытта барлық өңірлердің әкімдерімен кездесіп, сол аймақтардың жеңіл атлетика спортын дамыту жолдарын қарастырамыз. Соның ішінде, келесі жылы Семей қаласында Ұлттық құрамалар базасы әзір болады. Өткен жылы Шығыс Қазақстанда "Алтай атлетикс" жеңіл атлетика кәсіби клубы құрылды",- деді Даниал Ахметов.

Сондай-ақ, Кезектен тыс конференцияда ҚР Жеңіл атлетика федерациясы Атқару комитетінің жаңа мүшелері бекітіліп, Әділбек Жақсыбеков Атқару комитетінің құрамына енді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар