Дархан Қыдырәлі: Латын әліпбиіне көшу арқылы шетелдік сөздерді өзімізге икемдей аламыз - Жаңалықтар | BNews

Дархан Қыдырәлі: Латын әліпбиіне көшу арқылы шетелдік сөздерді өзімізге икемдей аламыз

11 қыркүйек, 15:24 354 Астана
Дархан Қыдырәлі: Латын әліпбиіне көшу арқылы шетелдік сөздерді өзімізге икемдей аламыз

Қолданыстағы әліпбиде бірізділіктің жоқтығынан құжаттарда аты-жөніміз, ұлтымыз бен ұлысымыз, мемлекетіміз де әртүрлі  жазылып жүр. Ал латын қарпіне көшкенде бұл мәселелер бірізділікке түседі. Бұл туралы  бүгін Парламенттің бірлескен отырысында «Егемен Қазақстан» газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі айтты, деп хабарлайды Вnews.kz.

«Қазіргі қолданыстағы әліпби жазуды, сол арқылы қоғамдық сананы үшке жарып тұрғаны жасырын емес. Соның салдарынан төлқұжаттағы аты-жөніміз, тіпті ұлтымыз бен ұлысымыздың аттары да үш түрлі жазылып жүр. Мысалы, Қазақстан, Казахстан және соның транскрипциясы негізінде Kazakhstan деп жазамыз. Латын қарпіне көшкен жағдайда мұны Qazaqstan деп тілдік ерекшелігімізді сақтай отырып, бір-ақ сөзбен жазуға мүмкіндік аламыз», - деді Дархан Қыдырәлі. 

Әліппе алмастыру арқылы қосамжар орфографиядан құтылып қана қоймай, шет тілдерінен енген сөздерді де ұлттық ерекшеліктерге икемдей аламыз.

«Латын қарпін қазақ емлесі арқылы қабылдау арқылы бұл мәселе бірізге түседі. Орфографиялық, орфоэпиялық тұтастық тілдік тұтастыққа бастайтынын ескерсек, бұл түрлі этностардың қазақша оқу арқылы тіл сындыруына, сөйтіп мемлекеттік тілдің төңірегіне топтасуына үлкен септігін тигізеді», - деп көрсетті Дархан Қыдырәлі.

Қазірдің өзінде электронды ақпарат құралдарында латын қарпі кеңінен қолданылуда. Интернет, әлеуметтік желілерде бұған көшіп кеткендер аз емес. Бірақ олар латын әліппесін әртүрлі пайдалануда. Сондықтан білікті ғалымдар тарапынан мақұлданған жаңа әліппенің тезірек енуі бұл мәселені бірізге түсіреді. 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

`

Серіктестер жаңалықтары