Дариға Назарбаева: Алдағы екі-үш жылда инфрақұрылымдар жаңарады - Жаңалықтар | BNews

Дариға Назарбаева: Алдағы екі-үш жылда инфрақұрылымдар жаңарады

28 желтоқсан, 11:33 2081 Астана
Дариға Назарбаева: Алдағы екі-үш жылда инфрақұрылымдар жаңарады

Бұл туралы сенатор Ұлттық ғарыш орталығын аралау барысында айтты, деп хабарлайды BNews.kz Парламент Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік бойынша комитетінің төрағасы Дариға Назарбаева бастаған комитет мүшелері Ұлттық ғарыш орталығына және «Еврокоптер Казахстан инжиниринг» тікұшақтарды құрастыру және қызмет көрсету зауытында болды.

Мақсат – Ұлттық ғарыштық орталығына тәжірибелік өндірісі бар ғарыштық техниканың Арнайы құрастырушылық-технологиялық бюросы (ҒТ АҚТБ) қызметімен танысу.

ҒТ АҚТБ 2018 жылдың соңында пайдалануға беру жоспарланған ғарыш аппараттарын Құрастыру-сынау кешенінің алғашқы іске қосу кешені болып табылады. Ол тәжірибелік өндірісі бар жобалық жұмыстарды, спутниктер үшін бөлшектерді және жер үсті қосалқы құрал-жабдықтарды өндіруге арналған.

Шара барысында Сенат депутаттары ҒТ АҚТБ-нің өндіріс учаскелерінде болып, ғарыштық аппараттарды құрастыру-сынау кешенінің құрастыру цехының гелереясымен, сондай-ақ Ұшуларды басқару орталығының жұмысымен танысты.

Комитет төрағасы Д.Назарбаева қазақстандық ғарыш саласының жай-күйі мен болашағын оң бағалады.

«Қазақстанда ешқашан болмаған ғарыш саласы бүгінгі күннің өзінде бар және бұл hi-tech, бұл сұранысы жыл сайын өсетін заманауи және болашақтың технологиясы. Еліміз «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын қабылдады. Қытайда да осындай ауқымды бағдарлама бар. Қазіргі күнде барлық мемлекеттер ақпараттандыруға көшуде», - деді сенатор.

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асыру және ғарыш және қорғаныс өнеркәсібін дамыту үшін жоғары кәсіби кадрларды даярлау жұмысын жалғастыру қажет, деп санайды Д.Назарбаева. Қазір бұл саланың мамандары «Болашақ» президенттік бағдарламасы бойынша дайындалады.

«Алдағы екі-үш жылдың ішінде біздің инфрақұрылымдар мен қызмет көрсету жаңарады. Бұл бюрократияның айтарлықтай төмендеуіне әкеп соғады, мемлекеттік аппаратты ұстап тұруға қажетті шығындарды азайтады. Арзан өндіріс, нарықта қажет болатын заманауи технологиялар экономика үшін де тиімді. Бұл үлкен серпіліс береді және бүгін біз оның алғашқы үлгісін Ұлттық ғарыш агенттігінде көрдік», - деді Д.Назарбаева.

Сенаторлар, сондай-ақ «Еурокоптер Қазақстан инжиниринг» тікұшақтарды құрастыру және қызмет көрсету зауытына барып, қазақстандық кәсіпорынның өндірістік алаңдарымен танысты, оның сервистік және авиациялық оқыту орталықтарын көрді.

Зауыттың базасында тікұшақтарды техникалық қолдау және жөндеу бойынша білікті қызмет көрсететін орталық құрылған.

Қазіргі уақытта «Еурокоптер Қазақстан инжиниринг» ЖШС-і ЕС145 тікұшақтарына техникалық қызмет көрсету және ұшу-техникалық құрамды оқыту бойынша экспорттық қызмет көрсетуді арттыруды көздеп отыр.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары