Дариға Назарбаева Jas Qalam форумында журналистер қандай болуы қажет екенін айтты

12 қазан, 2018, 15:14 4009 Астана
Дариға Назарбаева Jas Qalam форумында журналистер қандай болуы қажет екенін айтты

Оның айтуынша, қазіргі таңда журналистер алдында тұрған үлкен сын-тегеурін – мемлекет пен қоғам арасындағы модератор не медиатор болу.

Парламент Сенатының депутаты Дариға Назарбаева Jas Qalam форумында журналистер қандай болуы қажет екенін айтты, деп хабарлайды BNews.kz Baq.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Оның айтуынша, қазіргі таңда журналистер алдында тұрған үлкен сын-тегеурін – мемлекет пен қоғам арасындағы модератор не медиатор болу.

"Журналистер шенеуніктердің түсініксіз тілін кең аудиторияға жеткізе білуі тиіс. Егер Қазақстандағы денсаулық сақтау бағдарламасы туралы болса, оның әр адам үшін маңызын, егер білім беру мемлекеттік бағдарламасы туралы болса әр ата-анаға, әр мұғалімге олардан қоғам не күтетінін, бағдарламаның мақсаты мен қаржы қайда бағытталған және қалай жұмсалып жатқанын түсіндіре білуі керек. Электронды үкімет бар, барлық мемлекеттік органдардың интернет-ресурстары бар. Олар өз ресурстарында атқарған қызметі, бюджеті, шығындары туралы ақпарат жариялайды. Осы ақпаратты пайдалана білу үлкен міндеттеріңіз болып отыр. Парламентте бүгін не болып жатыр, қандай заң қабылдап жатыр және ол кімге қажет, заңды халықтың қай бөлігіне қатысты қабылдап жатыр, халықтың тұрмысын қиындата ма әлде жеңілдете ме осыны түсіндіре білу керек. Осы сұрақтарды алдарыңызға қоятын болсаңыздар биіктеп, қажетті маманға айналасыздар", - деп сендірді сенатор.

Назарбаева жас журналистерге әр саланың тереңіне дейін қазбалап, жетік білуге кеңес берді.

"Баршаңызға табыс, шабыт тілеймін. Журналистік жұмыс сіздерге шабыт берсе әрі қарай зерттеуші боласыздар. Бір саланың терең түбіне дейін жетуге, барлық нәрсе туралы кішкене болсын білуге тырысыңыздар. Бұл – кәсібилік көрсеткіші. Сол себепті экономикаға қызығып, қаржы секторында, банк жүйесінде не болып жатқанын түсініп, осы ғылымдарды соңына дейін қазбалаңыздар. Денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт саласында осы тақырыптардың негізін алып, тереңіне бойлаңыздар. Егер бұл қолдарыңыздан келсе бүгінде әр министрлік пен әкімдікте не болып жатқанын, мемлекеттік бағдарламалар мен Президенттің халыққа Жолдауын кәсіби түрде түсіне аласыздар. Кәсіби болыңыздар. Тақырыпты бәрінен де жақсы біліп, талқылап, соған сай аудиторияларыңыз бен оқырмандарыңыздың, тыңдармандарыңыздың зор сеніміне кіру, бұл қиын емес сияқты, бірақ өте-өте қиын", - деді ол.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар