"Дарын" мемлекеттік сыйлығының мөлшері үш есеге артты

16 қазан, 2018, 16:17 2309 Астана

Олимпиада чемпионы, Дарын сыйлығы бойынша комиссияның "Спорт" секциясының жетекшісі Серік Сәпиевтің айтуынша, аталған сыйлық Қазақстан жастарын қоғам мен мемлекеттің игілігі жолында жаңа жеңістер мен жетістіктерге жігерлендіреді.

"Дарын" мемлекеттік сыйлығының мөлшері үш есеге артты. Бұл туралы Астанадағы ҚР Ұлттық кітапханасында ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаевтың төрағалығымен өткен "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығын тағайындау жөніндегі комиссияның қорытынды отырысы барысында белгілі болды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Комиссия жұмысына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, мәдениет және өнер қайраткерлері, мемлекеттік органдар, бұқаралық ақпарат құралдары, азаматтық сектор өкілдері қатысты.

Отырысты ашқан ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев 2018 жылы "Дарын" Мемлекеттік жастар сыйлығының мөлшері 3 есеге артып, әр номинация бойынша 600 мың теңге үлестірілетін айтты.

Ұсынылған үміткерлерді қарастырған комиссия мүшелері 2018 жылғы "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттарын анықтады. Сыйлықақыны беру туралы шешім оны Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдаған сәттен бастап күшіне енеді және жеңімпаздар осы жылдың желтоқсан айында өтетін салтанатты рәсім барысында марапатталатын болады.

Биыл айтулы марапатқа өтінім білдіргендердің саны рекордтық межеге жетті, нақтырақ айтқанда 301 өтініш келіп түскен. Оның ішінде 271 өтінім қабылданып, қаралды.

Номинациялар бойынша келіп түскен өтініштер саны келесідегідей: "Театр және кино" саласына – 41, "Журналистика" – 15, "Әдебиет" – 18, "Спорт" – 37, "Эстрада" – 21, "Классикалық музыка" – 17, "Халық шығармашылығы" – 20, "Дизайн және бейнелеу өнері" – 17, "Ғылым" – 48, "Қоғамдық қызмет" – 37 өтініш.

"Дарын" Мемлекеттік жастар сыйлығының номинациялары бойынша 2016 жылы 126 өтінім келіп түскен болса, 2017 жылы – 213 өтінім.

Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты, Олимпиада чемпионы, Дарын сыйлығы бойынша комиссияның "Спорт" секциясының жетекшісі Серік Сәпиевтің айтуынша, аталған сыйлық Қазақстан жастарын қоғам мен мемлекеттің игілігі жолында жаңа жеңістер мен жетістіктерге жігерлендіреді.

"Мен өзім "Дарын" сыйлығының лауреаты болдым. Аталған сыйлықты алғандар үшін ғана емес, сонымен қатар Дарын сыйлығына ұсынылғандарға да үлкен шабыт береді. Жастар өздерінің қатарластарының жетістіктерге жетіп, сыйлыққа ие болып жатқандарын көріп, оларда белгілі бір нәтижеге жету жолында күш-жігерлерін салатын болады", - деді Серік Сапиев.

БҰҰ Жас көшбасшылар қауымдастығының мүшесі, "CentrAsia Group" холдингінің бас директоры, комиссия мүшесі Олжас Сүлейменовтің сөзінше, "Дарын" сыйлығының деңгейі жыл сайын артып келеді.

"Бүгінгі комиссия жұмысын өте қарқынды, ашық пікірталас түрінде өтті деп айтуға болады. Барлық үміткерлер лайықты. Біздің елімізде әртүрлі салаларда және әрқайсысы өз салалары бойынша табысты болған көптеген жастар бар екендігін мақтан тұтамын. Комиссияның мүшесі болу үлкен құрмет. Менің ойымша, "Дарын" мемлекеттік сыйлығының деңгейі жыл сайын артып келеді", - деді Олжас Сүлейменов.

Айта кетейік, "Дарын" Мемлекеттік жастар сыйлығы жыл сайын жастардың ғылым, шығармашылық, қоғамдық қызмет, сондай-ақ жоғары спорттық жетістіктеріне қолдау көрсету мақсатында табысталады. "Дарын" сыйлығының жеңімпаздарына Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Дарын мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты" атағы беріледі және олар дипломмен, төсбелгілермен және ақшалай сыйлықтармен марапатталады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: