Денис Тен ісі: үшінші күдікті қамалды - Жаңалықтар | BNews

Денис Тен ісі: үшінші күдікті қамалды

27 шілде, 12:47 4006 Алматы облысы
Денис Тен ісі: үшінші күдікті қамалды

Ұсталған Жанар Толыбаеваға қатысты іс екі бап бойынша қозғалып отыр.

Бүгін Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында журналистердің сұрақтарына жауап берген ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов қазақстандық танымал мәнерлеп сырғанаушы, Олимпиада чемпионы Денис Теннің өліміне қатысты іс бойынша тағы бір адамның қамауға алынғанын мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

"Ия, қазір бұл іс бойынша үш адам қамауға алынған. Үшінші азамат қылмыс туралы хабарламағаны үшін жауапқа тартылып отыр", - деді Марат Ахметжанов.

Сондай-ақ, ол жиналған айғақтардың шынайылығын прокурор тексеріп жатқанын айтты.

"Іс екі бап бойынша қозғалып отыр. Олар – пайдакүнемдік пиғылмен адамдар тобы болып қасақана кісі өлтіру және пайдакүнемдік пиғылмен адамдар тобы болып бұзақылық жасау. Жеткілікті айғақтар жинақталды, олардың шынайылығын прокурор тексеріп жатыр. Сот санкциясымен қамауға алу түріндегі шара қолданылды", - деді ҚР Бас прокурорының орынбасары.

Ол тергеу құпиялы болғандықтан ұсталған үшінші азамат жайында ақпарат бере алмайтынын айтты.

Ал Алматы қалалық сотында атақты спортшы Денис Теннің өліміне қатысты іске қамауға алынған үшінші адамның кім екенін мәлімдеді.

Үшінші күдікті ретінде Жанар Толыбаева танылды. Алматы аудандық сотының қаулысымен Жанар Толыбаеваға қатысты 2 ай мерзімге қамауға алу туралы бұлтартпау шарасы қабылданды.

"Жанар Толыбаева ҚР Қылмыстық кодексінің 434-бабы "Алдын ала дайындалған немесе жасалған ауыр қылмыс туралы хабарламағаны үшін", 188-баптың 2-тармағы, 1-тармақшасы "Алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобы болып ұрлық жасау" бойынша күтікті деп танылды", - деп хабарлады Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 19 шілде күні Алматыдағы Құрманғазы Байсейітов көшелерінің қиылысында түскі 15:00-дер шамасында болған еді. Спортшы көлігінің айнасын ұрлап бара жатқан екі адамның үстінен түскен. Сол уақытта басталған жанжалдың нәтижесінде әлгі адамдар Денис Тенді пышақтап кеткен. Денис Тен медициналық жедел жәрдем бригадасымен Орталық қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілді. 

Бірнеше сағат бойы оның өмірі үшін арпалысқан дәрігерлер алған жарақатының ауырлығына байланысты оның өмірін сақтап қала алмады. Ауруханаға жеткізілгеннен екі сағаттан кейін, 17:30-да ол қайтыс болды.  

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Мемлекет басшысы Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Денис Теннің қайғылы қазаға ұшырауына байланысты оның отбасына көңіл айтып, жеделхат жолдаған болатын.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев телефон арқылы Денис Теннің ата-анасына хабарласып, көңіл айтты. Мемлекет басшысы Денистің мезгілсіз дүниеден өтуі - жақындары мен туыстары үшін ғана емес, тұтас мемлекет үшін орны толмас қаза екенін жеткізді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бас прокурор Қайрат Қожамжаровқа және Ішкі істер министрі Қалмұхамет Қасымовқа Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Денис Теннің өліміне байланысты істі ерекше бақылауға алуды, сондай-ақ тергеу шараларының егжей-тегжейлі әрі объективті жүргізілуін қамтамасыз етуді тапсырды. Президент Әкімшілігінің басшылығына тергеу барысын тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды.

Сондай-ақ, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы белгілі қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочидегі Олимпида ойындарының қола медаль жүлдегері Денис Теннің қайтыс болуына байланысты көңіл айтты. Бұл өте қорқынышты, әрі әділетсіз, деп атап өтті ведомство басшысы.

Белгілі қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенді ақтық сапарға шығарып салу рәсімі 21 шілде күні сағат 10:00-де Алматы қаласындағы "Балуан Шолақ" спорт сарайында өтті.

21 шілдеде кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Геннадий Головкин қазақстандық танымал мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің Алматыда өткен қоштасу рәсіміне қатысты. Спортшы Сауль "Канело" Альвареспен өтетін екінші жекпе-жекке дайындығын уақытша тоқтатып, өзінің досы – Денис Тенмен қоштасу үшін АҚШ-тан арнайы ұшып келген.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің баспасөз қызметі Денис Тенмен қоштасу рәсімі Алматы қаласымен қатар Астанада да өткізілетінін хабарлады. 21 шілде күні Астана қаласында сағат 10:00-де "Барыс-Арена" спорт кешенінде танымал мәнерлеп сырғанаушы, елімізге еңбегі сіңген спорт шебері, 2014 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Тенді еске алуға арналған азаматтық жаназа өтті.           

Бұған дейін Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Денис Теннің өліміне қатысты екі күдікті ұсталған болатын. Бірінші күдікті 20 шілде күні ұсталды. Ол 24 жастағы Жамбыл облысының тумасы Қиясов Нұралы. Ол өзінің жасаған қылмысын мойындады.

Алматыда полиция қызметкерлері сол 20 шілде күні шамамен сағат 20:00-де 1994 жылы 23 желтоқсанда туған Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Ақай ауылының тумасы Құдайбергенов Арман Бөрібайұлын спортшының өліміне қатысы бар деген күдікпен қолға түсірді.

Күдіктілерді ұстауды Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Алматы қаласының Ішкі істер департаментінің арнайы құрылған жедел-тергеу тобы жүргізді. Олардың екеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды.  

24 шілде күні ҚР ІІД-де өткен брифинг барысында ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов Денис Тен өліміне қатысы бар күдікті ретінде тергеу органдарының қызметкерлері алғаш қолға түскен адамдарды қамауға алмағанын, мұндай пікір шындыққа жанаспайтынын мәлім етті. Ол министрліктегілер аталған іске қатысты әлеуметтік желілердегі және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып жатқан пікірлерді оқып отырғанын айтып өтті.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары

Материалды әзірлегендер: