Денис Тен Олимпиадада финалға өтетін 24 спортшы қатарына қосыла алмады - Жаңалықтар | BNews

Денис Тен Олимпиадада финалға өтетін 24 спортшы қатарына қосыла алмады

16 ақпан, 11:57 843
Денис Тен Олимпиадада финалға өтетін 24 спортшы қатарына қосыла алмады

Отандасымыз алғаш рет Олимпиаданың финалдық кезеңіне шыға алмады.

Мәнерлеп сырғанаудан 2014 жылы Сочиде өткен қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Тен Пхёнчхандағы доданы қысқа бағдарламадан кейін-ақ аяқтады. Отандасымыз 30 қатысушының ішінде финалдық кезеңге өтетін 24 спортшы қатарына қосыла алмады, деп хабарлайды BNews.kz Kaz.vesti.kz-ке сілтеме жасап.

Жарақатынан жаңа айығып жүрген қазақстандық спортшы үшін Пхенчхандағы ақ Олимпиада сәтсіз өтті. Қысқа бағдарламада Денис 70,12 ұпай жинап, нәтижесі төмен болды. 30 спортшы ішінде 27-орынға табан тіреді.

"Осыған дейін де айтқанымдай, бұл маусым мен үшін өте қиын болды. Дегенмен де Пхёнчханға келіп, өнер көрсетіп жатқанымды мақтан тұтамын. Себебі мен күнделікті ұйықтар алдында аяғымның ауырып жатқанын сезетінмін. Бұл мен үшін күнделікті күрес болып кетті. Пхёнчханға қатты келгім келді. Осында келгеніме қуаныштымын. Бірақ, өкінішке қарай, барлығы ойдағыдай болмады. Дегенмен көңілімді түсірмеймін. Болашақта бабыма келуге тырысамын", - деді Денис Тен.

Сондай-ақ, мәнерлеп сырғанаушы соңғы рет Оңтүстік Корея жерінде жарақат алып, балдақ және гипспен қайтқанын да айта кетіп, Олимпиадаға барын сала дайындалғанын да жасырмады.

"Спорт құрбандықты талап етеді, бірақ мен ақталуды қаламаймын. Мен расымен де, турнирге барынша дайындалдым. Қанша күш салып, дайындалсаң да үмітіңнің ақталмағаны жаман. Бірақ бұл өмір ғой. Сәтсіз өнер көрсеткеніме қарамастан алда мені және бүкіл Қазақстан құрамасын тамаша жетістіктер күтуде деп білемін. Ал үшінші Олимпиадаға қатысқаныма қуаныштымын, соңғысы емес деп ойлаймын", - деді спортшы.

Қысқа бағдарлама бойынша жапон спортшысы Юдзуру Ханю көш бастады. Ол 111,68 ұпайға ие болды. Екінші орында испан Хавьер Фернандес келеді. Оның өнерін төрешілер 107,58 ұпаймен бағалады. Үздік үштікті тағы бір жапон мәнерлеп сырғанаушысы Шома Уно (104,17 ұпай) түйіндеп тұр.


Денис Тен қысқы Олимпиада ойындарына 2010 жылы алғаш рет қатысты. Ол ерлер арасындағы ең жас спортшы болды. Ол кезде отандасымыздың жасы 16-да еді. Жарыс қорытындысы бойынша 11-орын алды. Сочиде Қазақстан құрамасының қоржынына түскен бір қоланы еншіледі.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары