Денис Теннің өліміне қатысты екінші күдікті адам іздестірілуде

20 шілде, 2018, 11:57 3123 Алматы
Денис Теннің өліміне қатысты екінші күдікті адам іздестірілуде

Болжам бойынша ол Қызылорда облысының тумасы – Арман Құдайбергенов.

Денис Тенді өлтірді деген күдікпен екінші адам іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды BNews.kz ҚР ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде, күдіктінің бет-бейнесіне қатысты мәліметтері таратылып жатыр. Полиция 1994 жылы 23 желтоқсанда туған Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Ақай ауылының тумасы Құдайбергенов Арман Бөрібайұлын іздестіріп жатыр.

Айта кету керек, қылмыстық істі тергеу үшін тәжірибелі тергеушілерден тергеу тобы құрылған болатын. Тергеу тобын ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Жанат Сүлейменов басқарды.

Күдіктілердің біреуі бүгін ұсталды. Ол 24 жастағы Жамбыл облысының тумасы Қиясов Нұралы. Ол өзінің жасаған қылмысын мойындады.

Қайғылы оқиға Құрманғазы Байсейітов көшелерінің қиылысында түскі 15:00-дер шамасында болған еді. Спортшы көлігінің айнасын ұрлап бара жатқан екі адамның үстінен түскен. Сол уақытта басталған жанжалдың нәтижесінде әлгі адамдар Денис Тенді пышақтап кеткен.

Бірнеше сағат бойы оның өмірі үшін арпалысқан дәрігерлер алған жарақатының ауырлығына байланысты оның өмірін сақтап қала алмады. Кейіннен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі Денис Теннің қайтыс болғаны туралы хабарлады. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Мемлекет басшысы Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Денис Теннің қайғылы қазаға ұшырауына байланысты оның отбасына көңіл айтты.

Елбасы Денис Тен мәнерлеп сырғанаудың отандық мектебін қалыптастыруға және дамытуға, Қазақстан спортын жоғары деңгейде ілгерілетуге зор үлес қосқанын, оның жарқын жетістіктері еліміздің абыройын асқақтатып, жастар арасында спортты дәріптеуге септігін тигізгенін ерекше атап өтті.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы белгілі қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочидегі Олимпида ойындарының қола медаль жүлдегері Денис Теннің қайтыс болуына байланысты көңіл айтты. Бұл өте қорқынышты, әрі әділетсіз, деп атап өтті ведомство басшысы.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар