ДСМ Қазақстанның бірқатар аймағында дәрі-дәрмек профицитін анықтады

15 тамыз, 2018, 11:18 2042
ДСМ Қазақстанның бірқатар аймағында дәрі-дәрмек профицитін анықтады

Қазіргі сәтке дейін тегін амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету үшін өңірлерге  57,2 млрд теңге сомасына дәрі-дәрмек жөнелтілген, ал бұл реттегі рецептілер тек 36,6 млрд теңге сомасына қамтамасыз етілген.

Препараттарды есепке алуды санға аудару нәтижесінде өңірлерде дәрі-дәрмек профициті анықталды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой селекторлық режимде тегін дәрілік қамтамасыз ету мәселелері бойынша өңірлердің денсаулық сақтау басқармаларының басшыларымен өткен кеңесте мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Амбулаториялық дәрілік қамтамасыз етуді орталықтандыру кезінде енгізілген дәрілік қамтамасыз етудің ақпараттық жүйесі мен бірыңғай фармацевтикалық ақпараттық жүйенің интеграциясы диспансерлік есепте тұрған пациенттер үшін препараттардың қажеттілігін және орташа тұтыну көрсеткішін неғұрлым дәл айқындауға мүмкіндік берді. Нәтижесінде, бірқатар медициналық ұйымдарда препараттарға деген айтарлықтай профицитті анықтаудың жолы түсті.

Айталық, бірыңғай дистрибьютордың деректері бойынша, қазіргі сәтке дейін тегін амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету үшін өңірлерге  57,2 млрд теңге сомасына дәрі-дәрмек жөнелтілген, ал бұл реттегі рецептілер тек 36,6 млрд теңге сомасына қамтамасыз етілген. Яғни қазіргі уақытта медициналық ұйымдардың қоймаларында 20 млрд теңгеден асатын сомаға дәрілер бар. Ал кей препараттар бойынша бүкіл жөнелтілген тауар әлі күнге дейін игерілмей отыр.

Сонымен бір уақытта, бірыңғай дистрибьютордың қоймаларына өңірлерден келген қосымша өтінімдерді қамтамасыз ету үшін сатып алынған препараттар келіп түсе бастады. Оларды алу үшін ағымдағы жылы дәрілерді сатып алу кезінде үнемделген және Денсаулық сақтау министрлігі бюджеттік комиссиясының шешімімен өңірлерде анықталған қосымша қажеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған 23 млрд теңге қосымша жұмсалған. Бұл қосымша көлемдер де медициналық ұйымдарға түсе бастады.

Кеңес барысында Алексей Цой өңірлік денсаулық сақтау басқармаларының басшыларына дәріханалар мен медициналық ұйымдарда бар қалдық дәрілерге мұқият талдау жасауды және шынайы қажеттілікті, шын мәнінде қандай дәрілерге мұқтаждық барын, ал қандайлардан қосымша көлемді жөнелту басталғанға дейін, қазір бас тарту керек екенін айқындауды тапсырды.

"Барлық медициналық ұйымдардың бірінші басшыларына және денсаулық сақтау басқармаларының дәрілік қамтамасыз етуге жетекшілік ететін орынбасарларына 17-сіне дейін барлық тізімдерді толық салыстырып дұрыстауға және талап етілмеген препараттар бойынша кері қайтаруға өтінімдер жазуға тапсырма беремін. Егер жылдың соңына дейін пайдаланып үлгермейтіндеріңізді көрсеңіздер – ол препараттарды қайтарыңыздар. Бұл автивтерді біз тапшылық бар бағыттарға жолдай аламыз. Бұл қайта бөлу есебінен қажеттіліктің бір бөлігін жауып, қосымша сатып алуға жұмсалатын қаражатты қысқартуға мүмкіндік беретін қосымша үнемдеуді жасайды", - деді Алексей Цой.

Айта кету керек, қазіргі сәтке дейін денсаулық сақтау басқармалары шамамен 2,7 млрд теңге сомасына бұрын тапсырыс берілген дәрілерден бас тартқан.

Вице-министр, сондай-ақ, 2019 жылға тегін дәрілерге қажеттілікті жоспарлау кезінде осы жылдың басында орын алған дәрі тапшылығына ұқсас жағдайды болдырмауға айрықша назар аударуды тапсырды. Келесі жылға сатып алу рәсімдері таяу арада басталмақ; бірыңғай дистрибьютор өңірлер мен медициналық ұйымдардан алдын ала өнімдер жинауға кірісіп кетті.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар