Депутаттар ұстаз мәртебесін арттыруға қатысты мәселелерді қарастырды - Жаңалықтар | BNews

Депутаттар ұстаз мәртебесін арттыруға қатысты мәселелерді қарастырды

20 ақпан, 18:05 947 Астана
Депутаттар ұстаз мәртебесін арттыруға қатысты мәселелерді қарастырды

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті мен "Нұр Отан"партиясының Фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңестің "Мұғалім мамандығының беделін арттыру" тақырыбындағы бірлескен отырысы өтті.

Комитет хатшысы Бейбіт Мамраевтың төрағалығымен өткен іс-шарада депутаттар Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауы аясында мұғалім мамандығының беделін арттыру мәселелерін талқылады, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.

"Бұл тікелей қоғамның қалыптасуына қатысты мәселе. Бүгінгі таңда үлкен үш мәселе бар, бірінші - бейбітшілікті, екінші - рухани құндылықты, үшінші - табиғатты қорғау. Мұның бәрі тікелей адамға қатысты. Адамға білім беретін, көзін ашатын, ой-өрісін кеңейтетін ең алдымен – мұғалім. Елбасы осы мәселеге үнемі назар аударады. Елбасының берген тапсырмалары БАҚ-та кең жарияланды. Ол деген - жаңартылған мазмұнды игерген мұғалімдердің айлықтарын 30% көтеру. Ұстаздың беделі, орны қоғамда айлық көтерумен ғана анықтала ма, басқа қандай күрделі мәселелер шешумен анықталады - осыны біріккен отырыста талқылайтын боламыз", - деді депутат Бейбіт Мамраев.

Өз кезегінде Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов баяндама жасап, Министрлік Депутаттар корпусымен бірлесе отырып, педагогтардың мәртебесіне, еңбекақысына байланысты нормативтік құқықтық құжаттар әзірленгенін айтты. Оларды атап айтсақ, "Білім туралы" Қазақстан Республикасының заңы, 2015-2019 жылдарға араналған білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы, педагог қызметкерлермен оларға теңестірілген тұлғалардың біліктілік сипаттамалары, педагог қызметкерлерді аттестаттау қағидалары, педагогтың әдеп қағидалары, педагогтың кәсіби стандарты, сондай-ақ, педагогтың еңбек және кәсіби қызметін реттейтін басқа да бірқатар құжаттар.

Отырыста Мәжіліс депутаты Наталья Жұмаділдаева ұстаздың мәртебесі мен жалақысына, қоғамдағы мұғалімге деген құрметті арттыру қажеттіліктеріне тоқталып, сонымен қатар, бүгінгі таңда талантты түлектеріміздің педагогикалық мамандықтарды таңдағанына қуанышты екендігін жеткізді.

Шара барысында қатысушылар еңбекті қорғау туралы және мұғалімдердің кəсіптік қызметтерін атқарумен байланысты емес қосымша жауапкершіліктерді төмендету, педагог кадрларды даярлау, мұғалім мамандығының беделін арттырудағы БАҚ өкілдерінің жұмысы, мектептің және ата-аналардың ынтымақтастығы сияқты бірқатар мәселелерді талқылады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары