Димаш Құдайбергеннің домбырада шебер ойнағаны Лондонда жанкүйерлерді баурап алды

20 қараша, 2018, 15:12 1680
Димаш Құдайбергеннің домбырада шебер ойнағаны Лондонда жанкүйерлерді баурап алды

Көрермендер Димаш Құдайбергенді сахнадан ұзақ уақыт жібермей қойды.

19 қараша күні Лондонда Димаш Құдайбергеннің алғашқы жеке концерті болды. Бірегей шоу Ұлыбританиядағы Қазақстан мәдениеті күндері аясында өтті. Бұл шара Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігімен ұйымдастырылып, Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіндегі Қазақстан Республикасы елшілігінің қолдауымен өтті, деп хабарлайды BNews.kz ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Жас таланттарды шетелде қолдау" бағдарламасы он жылдан бері жұмыс істеп келеді және оны мемлкет қаржыландыруда. Осы бағдарлама аясында дарынды жастарды халықаралық байқауларға қатысуға жібереміз. Үміткерлер қатарында классикалық және эстрадалық музыка әншілері ғана емес, балет өнерінің, актерлік шеберліктің және басқа да салалардың өкілдері бар. 10 жылда көптеген жас талантты, соның ішінде Димашты шетелге шығардық. Ол Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі атынан Славян базары байқауына қатысты, Түркия мен Финляндияда және Қытайда өткен "I'm a Singer" шоуында еліміздің атынан өнер көрсетті", - деді ҚР Мәдениет және спорт вице-мнистрі Ақтоты Раимқұлова. 

Әншіге қолдау көрсетуге британдық жұлдыз, жас R`n`B-әнші Талия Сторм (@tallia_storm) келді. Тілшілерге берген сұхбатында ол, достарымен бірге қазақстандық әншінің шығармашылығына тәнті екенін және оның алғашқы жеке концерті Лондонда өткеніне қуанышты екенін жеткізді.

"Indigo at the O2" концерт залы көрерменге лық толды, жанкүйерлер әлемнің түкпір-түкпірінен: Қазақстан, Чехия, Бельгия, Ұлыбритания, Қытай, Канада, Германия, Ресей, Финляндия және басқа да елдерден келді. Жалпы әлемнің 45 елінің өкілдері болды. Лондон уақыты бойынша 17:30-дан бастап жанкүйерлер есік алдына тізіліп қалды. Олар концерт басталып, Димаш сахнаға шыққанша оның атын ұрандаумен болды. Жаңа шоуды барлығы тағатсыз күтті.

2 сағаттан аса уақытқа созылған концерттік бағдарлама күтуге тұрарлық еді. Әр нөмір жаңаша безендіріліп, Димаш сахнаға жаңа костюммен шығып отырды, экрандағы суреттер бір нөмірден екіншісіне қайталанған жоқ. Дыбыс және Димаш Құдайбергеннің даусы ешкімді бейжай қалдырмады. Осы кешке келген әрбір жан әсерлі сезімдерге бөленді. 

Кеш Димаштың жаңа "Қазақстан, алға" әнімен ашылды. Сахнадағы әрбір әрекет live-band-тың сүйемелдеуіндегі бимен безендіріліп отырды, live-band-тың жеке орындаушыларының бірі музыкант, әрі композитор Ұлықпан Жолдасов. Алғашқы сәттен бастап-ақ көрерменді бұрын-соңды көрмеген тың дүние күтіп тұрғаны белгілі болды. 

Димаш бүкіл кеш бойы көрерменмен диалог жүргізіп отырды, тіпті кей тұстарда көрерменге қазақ тілін үйретуге талпынды. Сол ісі көрерменнің жүрегінен орын алды. Концертке жиналған қауым сахнадан естілген әуенге үн қосып, бірге ән салды. Фан-аумақтағы жанкүйерлердің жолы болды, ән салып тұрған Димаш оларға сахналық костюмін лақтырып жіберді. Осы аумақтағы көрерменнің болып жатқан перформансқа қатысуы және сахнадағы көрініске толық жұмылдырылғаны кештің бір ерекшелігі болды. Жарқыраған алау, түтін, раушан гүлдерінің желектері – фан-аумақтағы көрермен үшін шоуға қатысудың ерекше атмосферасын қалыптастырды. 

Кеште Димаш Құдайберген көпшілік сүйіп тыңдайтын әндермен қатар көптеген жаңа әндерді орындады: Adajio, Дайдидау, Сағындым, M. Jackson Tribuet, The Show Must go on, Лейла, If I Never Breathe Again, тағы басқалары. Игорь Крутойдың "Любовь уставших лебедей" әні де "indigo at the O2" сахнасында қалықтады. Бірақ кештің ең шарықтау шегі, Димаш өз досы қазақстандық фигурист Денис Тенге арнаған "SOS d'un terrien" туындысы болды. Бұл шығарма орындалған сәтте, залда толық тыныштық орнап, Димаш әнін аяқтаған соң көрермен ұзақ уақыт қол шапалақтап тұрды. Димаштың орындауы көрерменді соншалықты баурап алды. 

Жалпы, концерті 2 сағаттан аса уақыт болды, осы уақытта 29 ән орындалды. Әр шығарманы жұрт ерекше ықыласпен қабыл алып, танымал шығармаларды бірге орындады. 

Шоу барысында Димаш бірнеше бейнеде шықты. Әр нөмірге өзі қатысып, ән салып қана қоймай, әртүрлі аспаптарда ойнады және би биледі. Заманауи аранжировкамен домбырада шебер орындағаны сондай, барлығы таң-тамаша болды. 

"Осындай жанып тұрған көрерменнің алдында өнер көрсеткенде, әсіресе сүйікті әндеріңді орындағанда, концерттің өзіңе қалай әсер еткенін айтып жеткізу қиын. Бір нәрсені анық айта аламын, бүгінгі концертім мені үлкен қуанышқа бөледі", - деп Димаш Құдайберген өз әсерін тілшілермен бөлісті. 

"DQ" шоуының соңында Димаш "Welcome to Kazakhstan" деп барлық көрерменді отанына шақырды. Оған жауап ретінде көрермендер мен шын берілген жанкүйерлер концерттік залдан кетпей, әншінің атын қайта-қайта ұрандаумен болды. 

Билет сатылымынан түскен барлық қаражат Қазақстандағы жас таланттардың халықаралық байқаулар мен концерттерге қатысуын қолдауға жұмсалатынын естеріңізге саламыз. Димаштың өзі де бір кездері осы бағдарламаның мүшесі болған. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, шоуға қазақстандық жас өнерпаз Наргиз Жанұзақова қатысты. Наргиз балалар фестивалінде арнайы жүлдеге ие болған. Димаш Құдайберген оны әлемді аралап жүріп қоятын жеке концертінің бірінде өнер көрсетуге шақырған болатын. "DQ" шоуында Наргиз "Астана — елімнің жүрегі" әнін орындады. Әншінің ойынша Наргиздің болашағы зор және күндердің күнінде ол әлемге әйгілі болады.

Димаш Құдайберген – 5 октава, 4 нота және 1 жарты тонды қамтитын вокалдық диапазоны кең қазақстандық әнші, композитор, мульти-аспапшы. 

Димаштың жетістіктері Қазақстанда ең жоғары деңгейлерде танылған: Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – 2016 жылғы Ұлт Көшбасшысынің Мәдениет саласындағы Мемлекеттік стипендиясының лауреаты, "Астана Дарыны-2017" сыйлығының "Танымал музыка" номинациясының иесі тағы сол сияқтылар. Ол Қытайда өткен "I'm a Singer", "Байқоңырдың сазды үні", "Жас қанат", "Шығыс базары", "Мейкин Азия", "Славян базары" тәрізді ірі музыкалық байқауларға қатысып, жеңіске жеткен. Димаш 2018 жылы Қытайда өткен Global Chinese Golden Chart Awards аясында "Жыл әртісі" атағын, Пекиндегі жыл сайын өтетін Weibo байқауында "Жылдың жаңа музыкалық қуаты" сыйлығын, IQIYI Awards нұсқасы бойынша "Жылдың ең атақты әншісі" дәрежесін және басқа да атақтарды иеленді. 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар