ЕАЭО-ға мүше елдердің технопарктері ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

1 Февраля, 2019, 16:19 3241
ЕАЭО-ға мүше елдердің технопарктері ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды  |  | BNews.kz

Форум барысында қатысушылар Еуразия технопарктерінің интеграциясын, ортақ инновациялық жобалар құру мүмкіндігін, ІТ саласындағы стартап компанияларды қолдау мәселесіндегі тәжірибелерімен бөлісті.

Алматыда өтіп жатқан цифрлық форум барысында ЕАЭО-ға мүше елдердің технопарктері арасындағы ынтымақтастықты нығайту туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлады ҚазАқпарат. Форумға Ресей, Беларусь, Қырғыз Республикасы, Армения елдерінің премьерлері қатысқан болатын. Ресей Федерациясының Премьер-министрі Дмитрий Медведевтің айтуынша, Ресей ЕАЭО аймағында жобаларды жүзеге асыруға негіз беретін тікелей цифрлық технологияларды енгізуге баса ден қойған.

"Біздің елімізде цифрлық бағдарлама ұлттық модельге айналды. Біз алдағы 5 жылда бұл салаға 1 трлн 800 млрд рубль (30 млрд доллар-авт) салуға ниеттіміз. Бұл қаражаттың жартысы федералды бюджеттен, қалғаны бюджеттен тыс қаржыдан салынады. Біздің тәжірибеміз ЕАЭО мүше елдері үшін пайдалы болады деп сенемін", - деді Дмитрий Медведев.

Беларусь Премьер-министрі Сергей Румас та елдегі дәстүрлі экономикада технологиялық, ұйымдастырушылық трансформация жүріп жатқанын айтты.

"Бізде инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Елімізде токен мен блокчейн технологиясын пайдалануға заңмен рұқсат берілген. ТМД елдерінде бірінші болып криптовалюта шықты. 2017 жылы жоғарғы технологиялар паркі резиденттері экспортының өзі 1 млрд доллардан асты. 2018 жылы парк экспортының қарқыны 30%-ға артпақ", - деді Сергей Румас.

Өз еліндегі цифрлық жетістіктер туралы Қырғыз Республикасының үкімет басшысы Мұхаммедқалый Абылғазиев айтып берді.

"Қырғызстанда "Digital Қырғызстан" жобасы қолға алынды. Бұл жергілікті цифрлық инфрақұрылымды қамтиды. Мемлекеттік қызмет көрсететін бірыңғай портал ашылды. Сонымен қатар, биыл ауыл мектептерін интернетке қосу қолға алынған. Болашақта әр ауыл желіге қосылатын болады", - деді Қырғыз Үкімет басшысы.

Пленарлық отырыс соңында Astana Hub (Қазақстан), "Сколково" (Ресей), "Кәсіпорындар инкубаторы" (Армения), "Жоғарғы технологиялар паркі" (Қырғызстан) арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.    

Рекомендуем
Димаш Құдайберген "The World's Best" шоуында америкалық тыңдармандарды таңдандырды 13848

Похожие новости