Екі отандық фильм Бангладештен жүлделі оралды

21 қаңтар, 2019, 17:21 1617
Екі отандық фильм Бангладештен жүлделі оралды

Биыл Даккадағы кинофестивальге 72 елден қатысушылар келді.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы "Адигул продакшнмен" бірлесе түсірген "Біздің қаланың ханзадасы" фильмі "Бадал Рахман атындағы үздік балалар фильмі" жүлдесін жеңіп алды, деп хабарлады киностудияның баспасөз қызметі. Фестиваль 2019 жылғы қаңтардың 9 мен 18 аралығында Дакка қаласында өткен.

"Адамдар арасындағы бөлтірік", "Қызғыш құс", "Махаббат станциясы" атты фильмдерімен халыққа танылған Талғат Теменовтың бұл туындысы – балалар үйінің тәрбиеленушісі және қарттар үйінде өмір сүретін қария туралы баяндайды. 

"Мен үшін бұл күтпеген жаңалық болды. Менің досым, танымал сербиялық өнертанушы, аталған кинофестивальде болған екен. Сол кісі қоңырау шалып, біздің фильмнің үздік балалар фильмі аталғаны туралы айтты. Бұл жеңісімізге өте қуаныштымын. Бұл – "Кішкентай ханзаданың" үлкен жеңісі", - деді картина режиссері.

Айта кетелік, "Шыңырау" фильмі де Даккадағы кинофестивальде жүлдемен марапатталды. Фильмнің операторы Ривқат Ибрагимовтың жұмысын азия фильмдері конкурсында үздік деп таныды. Фильмнің режиссері – Жәнібек Жетіруов. Даккадағы халықаралық кинофестиваль 1992 жылдан бастап өткізіледі. Кинофорум Бангладешдегі беделді кинофестиваль саналады. Кинофестивальдің ұйымдастыру жұмыстарын Rainbow Film Society клубы жасайды.

Фестивальдің негізгі мақсаты – Бангладеш көрерменін әлемнің мейнстрим фильмдерімен таныстыру және отандық кинематографиясын дамыту.

"Дакка фестиваліне көрші мемлекеттерден келген сарапшылар "Шыңырауға" қатты қызығушылық танытып, өз фестивальдеріне шакырды. Фильмнің фестивальдік өмірі енді басталғалы тұр. Алатын биігі де алда деп ойлаймын. Қазірдің өзінде екі фестиваль өз анкеталарын жіберіп оларға жауап жазып жібердік", - деді Жәнібек Жетіруов.

Биыл Даккадағы кинофестиваль 72 елдің қатысушыларының басын қосты. 220 кинолента көрсетілді.  Фестивальде "Азия киносы", "Ретроспектива", "Бангладеш панорамасы", "Әлем киносы", "Балалар фильмдері", "Қысқаметражды және тәуелсіз фильмдер", "Әйел кинематографистер" және "Рухани фильмдер" секциялары жұмыс істеді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар