Ақмолада химиялық тыңайтқыш өндіретін кәсіпорын іске қосылды
Құрметті оқырман! Сiз «BNews.kz» АА сайтының ескі нұсқасын көріп тұрсыз. Бұл жерден 12.12.2016 ж. дейінгі барлық материалды көре аласыз.
Біздің жаңа сайтымыз www.bnews.kz орналасқан
Жоғары
Астана
USD 344.58
EUR 400.51
CNY 51.3
RUB 5.47

Ақмолада химиялық тыңайтқыш өндіретін кәсіпорын іске қосылды

Ақмарал АЙҒАРА, 9 желтоқсан 2016 ж 19:24 , Ақмола облысы
ФОТО: barvent.uz

Степногорскіде Индустрияландыру картасы шеңберінде «Август-нан» серіктестігінің  «Глифосфатты калий тұзы және глифосқұрамды гербицид өндірісі» инвестициялық жобасы іске қосылды, деп хабарлайды BNews.kz тiлшiсi.


Жоба құны – 2 миллиард теңге. Қосымша 80  жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін кәсіпорынды ашуға қажетті қаржыны аталмыш серіктестіктің құрылтайшысы «Астана-нан» ЖШС мен ресейлік «Август» ЖАҚ өз қалталарынан шығарып отыр. Жылдық қуаты – 15  миллион литр сұйық  глифосфатты гербицид пен егін шаруашылығына қажетті  химиялық тыңайтқыш шығаратын  зауыт өндірісі үшін қажетті шикізаттың 80 пайызы отандық болса,  20 пайызы шетелдерден әкелінеді. Тағы бір айта кетерлік жай, кәсіпорын негізінен экспорт үшін жұмыс істейді. Өнімнің 30 пайызы ішкі рынокқа шығарылса, қалған 70 пайызы Еуразиялық қауымдастық елдеріне және алыс шетелдерге сатылатын болады.

«Аталған жоба егін шаруашылығымен айналысатын  еліміздің астықты өңірлерін аса қажет тыңайтқыштармен, зиянкестерден қорғайтын гербицидпен қамтамасыз етуге айтарлықтай игі ықпалын тигізетін болады. ТМД елдерінің аумағында дәл қазіргі күні химиялық тыңайтқыштар мен химикаттар шығаратын мұндай ірі кәсіпорын жоқ. Шетелдік озық технологиямен жұмыс істейтін зауыттың жұмысы түгел автоматтандырылған. Кәсіпорын өнім құйылатын әртүрлі сыйымдылықтағы пластмасса құтыларды да түгел өзі шығарады»,– дейді «Астана-нан» серіктестігінің бас директоры Мұрат Сәрсембаев.

Компания бүгінгі күні егіншілікке қажетті 66 түрлі химиялық тыңайтқыштар, зиянкестермен күреске арналған химикаттар шығарады. Биылғы жылы өз өнімдерін Ресейге экспортқа шығаруды қолға алғалы отыр. Компания енді Степногорск қаласында кеңес заманында салынып, кейінірек жабылып қалған, біраз жылдар қаңырап бос тұрған ғимараттарды сатып алып, іргелі кәсіпорынға айналдырып отыр.

Серіктестікте бүгінгі күні 145 адам еңбек етеді. Айлық орташа жалақы тоқсан мың теңге көлемінде. Оған қоса, жұмыс киімі, тегін тамақ беріледі және таңертең, кешке жұмысқа арнайы көлікпен тасымалдайды. Жаңа жоба қосымша сексен жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Мұның өзі өңірдегі жұмыссыздықты азайтып, өндірісті өркендетуге және бюджет қоржынын толтыруға айтарлықтай ықпалы болатыны анық.

«Еліміздің ірі астықты аймағы саналатын өңір үшін жаңа зауыттың берер тағы бір игілігі – егістіктің гектар берекетін молайтуға  айтарлықтай  ықпалы болмақ. Астананың азық-түлік белдеуі бағдарламасына белсене қатысатын өңір шаруашылықтары егін және бау-бақша өнімдерін зиянкестерден қорғап, өнім көлемін арттыруға мүмкіндік беретін тыңайтқыштар мен химикаттар алуға мүмкіндік туып отыр»,–дейді Мұрат Сәрсембаев.


Қатысты жаңалықтар:

Серіктестер жаңалықтары