"Эл Фриман" фильмінің режиссері Мадрид халықаралық кинофестивалінде "үздік дебютант" атанды - Жаңалықтар | BNews

"Эл Фриман" фильмінің режиссері Мадрид халықаралық кинофестивалінде "үздік дебютант" атанды

01 тамыз, 11:43 1701

Фильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген.

21-28 шілде аралығында өткен Мадрид халықаралық кинофестиваліне қатысқан "Эл Фриман" көркем фильмі "Үздік режиссер-дебютант" аталымында жеңіске жетті. Сонымен қатар, аталған картина "Көркем фильмдегі үздік операторлық жұмыс" номинациясы бойынша да бақ сынады. Фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы шетелдік Libertus Films киностудиясымен бірлесе отырып түсірген, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Айта кетелік, картинаның режиссері Елжас Рақымбеков әртүрлі елден қатысып отырған 14 бәсекелесті, оның ішінде "#TAKEMEANYWHERE" фильмімен аталмыш номинациядан үмітті болған танымал голливудтық актер Шайа ЛаБафты да озып шыққан. Елжас Рақымбековтың дебюттік картинасы (шығармашылық лақап аты – Михар Сажле) Лос-Анджелесте америкалық билік өкілдерінен жасырынып жүрген иммигранттың басынан кешкендерін баяндайды.

Фестивальдің лауреаты Елжас Рақымбеков кинотуындының түсіріліміне қолдау білдіріп, сенім артқан жандарға алғысын білдірді.

"Біріншіден алғысымды туған-туыстарыма, жақындарыма және бізге соңына дейін сенім артып, қолдау білдіргендерге айтамын. Сондай-ақ, фильмді жасауға атсалысқандарға да рахмет деймін. Бұл тек бастамасы ғана", - деп толғаныспен ойын жеткізді дебюттік картинаның режиссёрі.

Айта кетейік, Film Fest International халықаралық тобына жататын Мадрид кинофестивалі форматы бойынша Лондон, Амстердам, Ницце, Берлин және Миландағы фестивальдерге ұқсас. Кинематографияның барлық белгілі жанрларына есігі ашық бұл фестивальде жас буын режиссерлерге, заманауи тенденциялар мен кино саласының дамуына ықпал жасайтын трендтерге аса көңіл бөлінген.

Фильм шытырман оқиғалы драма жанрында түсірілген, ұзақтығы – 77 минут. Кинотуындының режиссёрлері –Елжас Рақымбеков (Михар Сажле) пен Антонио Чавес, продюсерлері – Анар Жүнісова, Мариэтта Волынска және Нұрлан Рақымбеков, сценарий авторы – Елжас Рақымбеков пен Эрик Кьонаш, операторы – Эрик Кьонаш. Ал кинофильмнің басты рөлдерінде Елжас Рақымбеков, Мантас Валантиус, Әлім Құлиев, Хал Дион, сондай-ақ Аннакейт Чапель ойнады.

Елжас Рақымбеков – АҚШ-та кино саласында білім алған қазақстандық актер, сценарист және режиссер. New York Film Академиясының және Ивана Чаббак актерлер мектебінің түлегі. "Либертус" кинолабораториясының негізін қалаушы (2014, Невада, АҚШ). Халықаралық "Еуразия-2015" кинофестивалінің "Work-in-progress" номинациясы жеңімпазы ("Эль Фриман" көркем фильмі, Алматы, Қазақстан); Қазақстан киносыншылары қауымдастығы шешімімен "Екінші пландағы үздік ер адам рөлі" номинациясына үміткер болған ("Арман", 2017, режиссёрі Рашид Сүлейменов). Отыздан астам түрлі халықаралық кино және музыкалық жобаларға қатысқан.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары

Материалды әзірлегендер: