Елбасы халықты "бірлік" деп аталатын ортақ бақытты қорғауға шақырды

01 мамыр, 2018, 13:43 1841 Астана
Елбасы халықты

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Халықтар бірлігі күнімен құттықтады.

Астанадағы "Қазақ елі" монументі алдында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақстан халқының бірлігі күні аталып өтті. Мерекеде елордалық ұлттық-мәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдарының, Астанадағы Мемлекеттік академиялық филармонияның өнерпаздарының және отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен "Рухани жаңғыру - бірлік пен тұтастық негізі!" атты театрландырылған қойылым көрсетілді, деп хабарлайды BNews.kz.

Концерт аясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды айтулы мерекемен құттықтап, заманауи Қазақстан бұрынғы тарихи кезеңде пайда болған халық бірлігінің арқасында дамып келе жатқанын атап өтті.

"Қадірлі отандастар, құрметті астаналықтар, мен мемлекет басшылығының атынан баршаңызды қазақстандық брэндке айналған бүгінгі біздің мерекемізбен – Қазақстан халқы бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бірлігіміздің арқасында біз барлық мақсатымызға жетеміз. Сол бірлігіміздің арқасында біз тәуелсіз мемлекетімізді құрдық. Барлығы біздің бірлігімізді дәріптейді, бізге сіздер сияқты білім алу үшін жастар келеді. Көптеген этникалық қазақтар сіздердің бір екпінмен, бір күшпен өмір сүруіңізге ықпал етті", - деді Елбасы.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халықты "бірлік" деп аталатын ортақ бақытты қорғауға шақырды.

"Тоталитарлық режім кезінде қазақтың даласына бірсыпыра халықты тықсырып, қалай болса солай болсын деп көшіріп жіберді. 550 мыңға тарта солтүстік кавказдықтар, миллион неміс пен ұйғыр, кәрістер, украиндықтар - бәрін де алып келді. Концентрациялық лагерьлер туралы айтпай-ақ қояйын. Олар осы далаға келіп, құрып кетеді деп есептесе керек. Олай болған жоқ. Жергілікті халықтың - қазақтардың терең құрметінің арқасында біз бүгінге жетіп, орнымыздан көтеріліп, мемлекет тұрғыздық. Дамудың даңғылына түстік", - деді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы еліміз айтулы жетістіктерге көпұлтты Қазақстан халқының бірлігі мен достығының арқасында қол жеткізгенін атап өтті.

"Бірлігіміздің арқасында біз озық дамыған 30 елдің қатарына қосылу және халықтың әл-ауқатын арттыру үшін өзімізге жауапкершілік жүктедік. Халқымыздың береке-бірлігінің арқасында мен әрбір қазақстандықтың өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған "Президенттің бес әлеуметтік бастамасын" жария еттім", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Қазақстан Президенті барша жұртты мерекемен құттықтап, өскелең ұрпақтың болашағының жарқын болуына ниеттестік білдіріп, әр отбасыға бақ-береке мен амандық тіледі.

"Біз еліміздегі алуан түрлі мәдениеттердің, барлық тілдер мен дәстүрлердің бәрі де өркендеп келе жатқанын көріп отырмыз. Біз – біртұтас халықпыз, бір-бірімізді құрметтейміз әрі жақсы көреміз, ортақ Конституция мен заңдарға бағынамыз. Бір-бірімізді құрметтеп, достық қарым-қатынаста болу – зор бақыт. Осы бірлігімізді сақтап, бақытымыздың қадірін білейік!", - деді Мемлекет басшысы.

Елордадағы еңселі монументтің алды бүгін ерекше безендіріліп, әр ұлттың өкілдері өзінің ұлттық киімдерімен сахнаға шықты. 1 мамыр мерекесіне арналған халықтық серуен "Қазақ елі" монументінің алдындағы алаңда сағат 11.00-де басталды. Қонақтар елордалық ұлттық мәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдарының, Астана қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясының әртістерінің және отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен "Рухани жаңғыру - бірлік пен тұтастық негізі" атты театрландырылған қойылымды тамашалады. Концерттік бағдарламаны Турецкий хорының "Праздник песни" ән кеші жалғастырып, ерлер ұжымымен бірге сахна төрінде Турецкийдің SOPRANO әйелдер тобы өнер көрсетті. Әйгілі ресейлік топтан кейін сахна төрінде Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктері әннен шашу шашты.

Бұдан бөлек, "Қазақ елі" монументінің алдындағы алаңда қазақ күресі, арқан тартыс, асық ату, гір тасын көтеру және қол күрес сынды ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізілетін болады. Сонымен бірге, дәл бүгін Бірлік күніне орай сағат 13.00-де "Бәйтерек" монументінің алдындағы алаңда "Достық шеруі" велошеруі бастау алады. Шара елордада велосипед тебу маусымын ашады. Сонымен қатар, сағат 15:00-де домбырашылардың орындауында "Ұлы дала үні" атты флешмоб ұйымдастырылады. Шара барысында 500 адам Құрманғазының әйгілі "Сарыарқа" күйін көпшілік назарына ұсынады. Бұдан бөлек қаланың кітапханаларында, музейлерінде, театрларында және басқа да мәдениет мекемелерінде бірлік пен достық мерекесіне арналған тақырыптық көрмелер, спектакльдер мен концерттер өткізіледі. 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар