Елбасы Кәмшат Дөненбаеваның туысқандарына көңіл айту жеделхатын жолдады

13 қараша, 2017, 09:14 1098 Астана
Елбасы Кәмшат Дөненбаеваның туысқандарына көңіл айту жеделхатын жолдады

Жеделхатта Мемлекет басшысының даңқты диқан-механизатор, қоғам қайраткері, Социалистік еңбек ері Кәмшат Дөненбаеваның дүниеден өткені туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдағаны айтылған, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Елбасы жолдаған жеделхатында Кәмшат Дөненбаеваның еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосқанын айтты.

«Кәмшат Байғазықызы көп жылдар бойы механизатор болып еңбек етіп, жер жыртып, астық өсіріп, еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосты. Кезінде басқа да бірқатар қыздар Кәмшатқа еліктеп, механизаторлық мамандықты таңдап, еліміздегі бүгінгі береке мен молшылықтың негізін қалады», – делінген жеделхатта.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев оның атқарған істері мен жарқын дидарын қазақстандықтар үнемі жадында сақтайтынына сенім білдірді.

«Бойында қазақ әйеліне тән ақыл мен парасат, еңбекке деген қажыр мен қайрат шебер үйлесім тапқан Кәмшат Дөненбаеваның есімін, оның атқарған істері мен жарқын дидарын қазақстандықтар әрдайым жадында сақтайды деп сенемін», – деп аяқталған жеделхат. 

Еске сала кетейік, есімі елге танылған диқан-механизатор, қоғам қайраткері, Социалистік еңбек ері Дөненбаева Кәмшат Байғазықызы өткен аптаның жұма күні, яғни 10 қарашада 75 жасында өмірден өтті.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар