Елбасы кішкентай Нұрсұлтанды Астанаға қыдыруға шақырды

11 қазан, 2017, 18:02 3244 Қызылорда облысы
Елбасы кішкентай Нұрсұлтанды Астанаға қыдыруға шақырды

Мемлекет басшысы Сыр өңіріне ресми сапары барысында оны қарсы алған кішкентай Нұрсұлтанды Астанаға шақырды.

Мемлекет басшысын облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Байқоңыр әуежайында күтіп алды.

Елбасы Қызылордадағы  сапарында “Арай” спорттық-сауықтыру кешенінде сырбойылық жастармен кездесті. Кездесуге бокстан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев, ауыр атлетикадан Азия ойындарының чемпионы Әсем Садықова, каратэ-додан Әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбай,  тағы басқа спортшылар жиналды. Сонымен бірге «Нұрсұлтан» есімін иеленген үздік оқушылар да Елбасымен жүздесуге облыс аудандарынан арнайы келді.

Аралдық Нұрсұлтан Жақсыкелдиев 2-сыныпта оқиды. Ол Мемлекет басшысына Астананы аралап, қыдырғысы келетінін айтты. 

"Мен болашақта космонавт болғым келеді. Өйткені Президенттің өзінің самолеті бар. Ал мен әжемді, бірге оқитын достарымды және көрші балаларды самолетпен қыдыртқым келеді. Әсіресе, Сіз салған Астананы көргім келеді. Өйткені бәрі сол қаланы мақтайды", – деп балалық арманын жеткізді.

Тәуелсіз елдің азат ойлы өренінің асқақ арманын тыңдаған Елбасы кішкентай аттасының басынан сипап, ата-анасымен бірге Астанаға қыдырып қайтуға шақырды.  Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев алдағы уақытта Нұрсұлтан мен оның жақындарының еліміздің бас қаласына барып-келуіне жағдай жасалатынын жеткізді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!