Елбасы маңғыстаулықтарға алғыс айтты

13 шілде, 2018, 16:46 2668 Маңғыстау облысы
Елбасы маңғыстаулықтарға алғыс айтты

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан келген алғыс хатты аймақ басшысы Ералы Тоғжанов алды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев маңғыстаулықтарға алғыс айтты. Елордадан жолданған хат мәтінінде Мемлекет басшысының Маңғыстау облысының жұртшылығын Астананың 20 жылдығымен құттықтап, ыстық ықыласын жеткізгені жазылған, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

"Тәуелсіз Қазақстанның символы саналатын бас қаламыздың айтулы мерейтойы - барша қазақстандықтарға ортақ қуаныш. Сарыарқа төсіне қазығын қаққан еңселі елордамызды тұрғызуға бүкіл халқымыздың жұмыла атсалысты. Биыл бас қаланың туған күніне орай "Өңірлердің Астанаға тартуы" жобасы аясында Маңғыстау облысы да өз үлесін қосты. Ұлтаралық келісімді ту еткен Қазақстан үшін достық пен бейбітшілік басты байлық саналады. Осыған орай, Маңғыстау өңірі сыйлаған Достық үйі татулығы мен ынтымағы жарасқан көп ұлтты халқымыздың береке-бірлігін бекемдей түседі деп сенемін. Астананы көркейтуге зор үлес қосқан Сізге және өңір тұрғындарына шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!" - делінген Елбасы жазған Алғыс хатта.

Есіңізге сала кетейік, ұлтаралық достық пен бейбітшіліктің нышанына айналған үш қабатты кешен Астана қаласындағы Алматы ауданы, Бауыржан Момышұлы көшесі бойындағы №24-ші үйде орналасқан. Игі жобаны "Достық-Қазақстан" қоғамдық қоры жүзеге асырды.  

Толықтай қалпына келтірілген ғимараттың бірінші қабатында "Қоғамдық келісім" мемлекеттік мекемесінің және Қазақстан халқы Ассамблеясына қарайтын қоғамдық құрылымдар ұжымдары орналасқан. Сондай-ақ, мұнда көрме және акт залдары бар.  

Екінші қабатта мәжіліс залы, мұражай, этномәдени бірлестіктердің бөлмелері айрықша сәулетімен көпшілік назарын бірден өзіне аударады.

Хореография залы, ән салу студиясы, көпшілікке арналған асхана мен қызметкерлер бөлмесін зәулім кешеннің цокольді қабатынан таба аласыз. Мұнда келушілер үшін ыңғайлы автотұрақ салынған. Ақ шаңқан түстес ғимараттың жан-жағы толық абаттандырылып, жасыл желекке көмкеріліп тұр.

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Салман Героев қазақ елінің бас қаласындағы ынтымағы ұйысқан этномәдени бірлестіктер атынан Астана қаласының 20 жылдығына орай жасалған керемет сыйлық үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа және барша маңғыстаулықтарға шексіз алғысын жеткізді.

"Киелі өңір Маңғыстау облысы тұрғындарының Елордаға тартуы тәуелсіз қазақ елінің жүрегі - Астананың ажарын одан әрі көркейте түсері анық. Еңсесі биік Елордамыз "Достық үйі" ғимаратымен бірге жаңарып, жасара береріне кәміл сенеміз", - дейді Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары.

Еске сала кетейік, 2 шілде күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Өңірлердің Астанаға тартуы" бағдарламасы аясында Маңғыстау облысы қайта жөндеуден өткізген Астана қаласындағы Достық үйін аралап көрді. Онда Қазақстан Президенті елорданың этномәдени орталықтарының өкілдерімен және Маңғыстау облысының көрнекті қоғам қайраткерлерімен әңгімелесті.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: