Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа 2018 жылмен құттықтады - Жаңалықтар | BNews

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа 2018 жылмен құттықтады

01 қаңтар, 01:27 1668 Астана
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа 2018 жылмен құттықтады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды жаңа 2018-шы жылмен құттықтады. Президенттің құттықтауы қазақстандық телеарналардан көрсетілді.

Президент 2017- ші жылды қортындылай келе, бұл жыл Тәуелсіздік жылнамасында ерекше із қалдырған оқиғаларға толы болғанын, Ата заңымызға өзгеріс енгізіліп, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру үшін маңызды қадам жасалғанын және бабалар дәстүрінен нәр алып, болашақтың бағдарын айқындайтын Рухани жаңғыру жолы басталғанын атап өтті.

Президент өткен жыл қазақ тілінің жаңа әліпбиі қабылданған тарихи шешім арқылы есте қалатынын және саясат пен экономикада, спорт саласында еліміздің маңызы зор халықаралық шараларға бастамашы болғанына баса назар аударды.

«Татулық пен тұрақтылықтың мекені - Қазақстан ел мен елдің арасын жақындатты. Әлемнің әр түкпірінен келген спорт саңлақтары Қысқы Универсиада төрінде бас қосты. Астананың және бүкіл еліміздің ажарын ашқан «ЭКСПО» көрмесі беделімізді биіктетіп, абыройымызды асқақтатты.Барша мұсылман елдерінің басшылары қатысқан жиын өтті. Биыл біз он сегіз миллион халқы бар еңселі елге, мерейлі мемлекетке айналдық, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан келер жылды Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етумен бастайды.

«Бұл – қазіргідей күрделі кезеңде елімізге артылған үлкен сенім және зор жауапкершілік. Алдағы жылы ерке Есілдің жағасындағы ажарлы Астананың 20 жылдығын атап өтеміз. Елордасы еңселі, қуатты Қазақстанның мақсаты - биік, бағдары - айқын, келешегі - кемел. Келер жыл ел қазынасын еселеп, халықтың әл-ауқатын арттыратын жемісті жыл болсын! Алдағы жылда еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, ел ішінде ынтымақ пен молшылық арта берсін! Баршамыз сол үшін қызмет етейік! Әрбір шаңыраққа бақыт, береке, бірлік тілеймін! Жаңа жыл құтты болсын!», - деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары