Еліміз биыл 30 млн тоннадан астам мұнайды экспортқа шығарды – Энергетика министрлігі

12 маусым, 2018, 17:12 1640 Астана
Еліміз биыл 30 млн тоннадан астам мұнайды экспортқа шығарды – Энергетика министрлігі

Сондай-ақ, мұнай өңдеу зауыттарында 6,3 млн тонна мұнай өңделді.

Биыл Қазақстан 30 млн тоннадан астам мұнайды экспортқа шығарды, сонымен қатар мұнай өңдеу зауыттарында 6,3 млн тонна мұнай өңделді. Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында энергетика бірінші вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов ведомствоның 2018 жылдың 5 айындағы жұмысының қорытындысы туралы баяндай отырып мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Вице-министрдің сөзінше, мұнай және конденсат өндіру көлемі 37,7 млн тоннаны құрады, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 6,4% өсім көрсетеді. Сонымен қатар, үш ірі жоба бойынша мұнай өндіру көлемі 22,7 млн тоннаны құрады: Қашағанда өндіру көлемі – 5 млн тоннаны, Теңізде – 12,5 млн тоннаны және Қарашығанақта 5,2 млн тоннаны құрады.

"Экспортқа 30,6 млн тонна немесе 2017 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 105,7% бағытталды. 6,3 млн тонна мұнай өңделді, бұл былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 6,2 пайыз өсім көрсетті. Үш мұнай өңдеу зауытындағы мұнай өнімдерін өндіру көлемі 4,4 млн тоннаны немесе 2017 жылғы осы кезеңге шаққанда 1,5% өсімді құрады. Жалпы, мұнай өнімдері нарығындағы жағдай тұрақты және жанар-жағармай тапшылығы орын алуы байқалмайды", - деп нақтылады Махамбет Досмұхамбетов.

Көктемгі егіс жұмыстары үшін дизель отынын жеткізудің бекітілген кестесі аясында Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырысына сәйкес сұраныс толық қанағаттандырылды.

Энергетика министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, биылғы 5 ай ішінде 23,4 млрд м3 газ өндірілді, 2017 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсім 6,4% құрады. Газ экспорты 8,6 млрд м3 құрады, бұл 2017 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 28,4 пайызға артық. 1,3 млн тонна сұйытылған мұнай газы өндірілді, бұл өткен жылғы деңгейден 4,7% артық.

"46,4 млрд кВт⋅с электр энергиясы өндірілді, бұл 2017 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7,7% артық. Көмір өндіру көлемі (көмір концентратын ескермегенде) 44,5 млн тоннаны құрады немесе өткен жылғы деңгейден 4,5% артық болды. Отын-энергетика саласы динамикалық даму үстінде. Негізгі көрсеткіштерге жету министрліктің тұрақты бақылауына және мониторингіне алынған", - деп сөзін қорытындылады Махамбет Досмұхамбетов.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: