Елімізде 84 мешіт бос тұр – Дін істері министрі - Жаңалықтар | BNews

Елімізде 84 мешіт бос тұр – Дін істері министрі

21 ақпан, 17:19 886 Астана
Елімізде 84 мешіт бос тұр – Дін істері министрі

Қазақстанда 3 601 мешіттің 84-і қаңырап бос тұр. Бұл процесті жүйеге келтіру үшін діни ғибадатханалар салуға рұқсат беретін айқын стандарттар болуы қажет.

Бұл туралы ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев мәлім етті, деп хабарлады Baq.kz ақпарат агенттігі.

Алдымен министр ғибадатханалардың, оның ішінде мешіттердің де құрылысын тәртіпке келтіретін уақыт жеткенін атап өтті.

"Мұсылман үшін мешіт Алланың үйі, ол таза және күтімі болуы керек. Оның келуші жамағат санына сәйкес болуы, инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі, айналасына кедергі келтірмеуі абзал. Мәселен, мешіт немесе шіркеу қараусыз қалса, келуші жамағат аз болса, халық көп жүретін көшенің бойына салынып, бірақ көлік қоятын орындармен қамтамасыз етілмесе, егер дауысы қатты шығатын дыбыстар немесе қоңыраулар айналадағы тұрғындардың мазасын алса, мұндай құбылыс жағымды сезімдерді емес, тек шағымдарды көбейтеді. Өкінішке қарай, мұндай шағымдар бізге келіп түсуде", - деді министр ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде.

Сонымен қатар, Нұрлан Ермекбаев кейбір уақытта мешіт салу сәнге айналып бара жатқанын мәлім етті.

"Тіпті мешіт салу сәнқойлыққа айналып бара жатқандай. Ал мешіттің имамы болмауы немесе оны ұстап тұрудың жергілікті халыққа ауыр тиетіні назарға алынбайды. Салдарынан кей жерде мешіт ғимараттары тіпті сатылымға қойылып жатыр. Сауапты іс тек мешіт немесе шіркеу салу ғана емес. Бүгінде елімізде 3 601 мешіттің 84-і қаңырап бос тұр", - деді Нұрлан Ермекбаев.

Осы орайда аталған мәселені шешу үшін мешіт салғысы келетін азаматтарға жаңа талаптар қойылуы қажет екенін хабарлады.

"Бұл процесті жүйеге келтіру үшін діни ғибадатханалар салуға рұқсат беретін айқын стандарттар болуы қажет. Соның ішінде, жаңадан құрылыс салуға ниетті азаматтарға қосымша талаптар қойылуы мүмкін. Мысалы, ғибадатхана салудың жаңа үлгілі ережелерін енгізу. Министрліктің дін саласында жақын перспективада көптеген міндеті бар. Оларды жүзеге асыру дін саласындағы қарым-қатынастардың үйлесімді болуына оң ықпалын тигізеді", - деп түйіндеді сөзін министр.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары