Елімізде денсаулық сақтаудың 10 негізгі алғышарттарына бағалау жүргізілді

Написать нам
19 шілде, 2018, 16:05 2553 Астана
Елімізде денсаулық сақтаудың 10 негізгі алғышарттарына бағалау жүргізілді

Мамандардың айтуынша, басты мақсат өмір сүру ұзақтығына әсер ету болып табылады.

Қоғамдық денсаулық сақтау саласы халықтың денсаулығының жақсаруына әсер етеді. Бұл туралы ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы директорының  орынбасары Жәмилә Баттақова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

"Біздің басты мақсатымыз өмір сүру ұзақтығына әсер ету. Біз ең үздік дағдыны, табысты тәжірибені қолға алып, тамақтану мәдениетін өзгертуге қатысты ұсыныстардың ғылыми негіздемесін қалыптастырып, адам өмірі мен іс-әрекетінің, аурудың алдын алу шаралары мен денсаулықты нығайту бағытында жұмыс істейміз. Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен қоғамдық денсаулық сақтаудың 10 негізгі жедел қызметіне бағалау жүргізді. Ол қадалағау, нормативті реттеу, бағалау, сауықтыру, ауруға қарсы күресу ісінде маман даярлау сияқты шараларды қамтиды", - деп атап өтті Жәмилә Баттақова.

Ол сондай-ақ, аймақтардағы түрлі қызметтердің (полиция, экологиялық бақылау, коммуналдық қызмет) іс-қимылын реттеу үшін Денсаулық сақтау министрлігі "Сау қала (аймақ)" жобасын әзірлегенін айтты. Бұл өмір сүрудің қауіпсіз жағдайларымен, медициналық қызметтің қолжетімділігімен, дене белсенділігі мен спортпен айналысу үшін жағдай жасау, ауа мен суды ластауды азайту шараларымен қамтамасыз етеді. Әр аймақтың сау университет пен мектеп, аурухана, сау тағамдар мен жұмыс орындарының көмегімен адам денсаулығы үшін жағдай жасау  және оның жолындағы кедергілер мен өзекті мәселелерді анықтау өте маңызды.

"Ұлттық желі құру мақсатында "Қазақстанның сау қалалары" брендін танытып, оны жүзеге асыру жолдарын  адамдарға жеткізгіміз келеді", - деді Жәмилә Баттақова.

Мысалы, көліктерді азайту есебінен жаяу жүргінші жолын, веложолдарды көбейту қоршаған ортаның ластануын бәсеңдетеді, демек, жоғарғы тыныс жолдары, аллергия, демікпе ауруларының қаупін едәуір сейілтеді. Автокөлік аз болса, жол-көлік оқиғалары мен жарақаттану, мүгедектік пен өлім де азаяды. Жаяу жүру және дене белсенділігі кезінде денсаулық жақсарады, иммундық жүйе күшейеді, буын, жүрек, өкпе, мұнымен қоса өмірді ұзарту сапасы артады.

Өмір сапасы мен ұзақтығының кепілі саналатын мақсатты шараларды әр адам күнделікті әдет-дағдыға айналдыруы тиіс. Бұл туралы "Медицина ұйымдарының қазақстандық альянсы" РҚБ басқарма төрағасы Дәулетхан Есімов айтты.

"Жалпы, қоғамдық денсаулық сақтаудың қызметі қоршаған ортаны жақсарту арқылы адам денсаулығын нығайтуға, аурулардың алдын алуға, шылым шегу, алкоголь, қант, тұз, майлы тағамдарды шектен тыс тұтыну сияқты жағымсыз факторларды тоқтату шараларына бағытталған. Біздің мақсатымыз – денсаулықты нығайтудың ғаламдық қозғалысына қатысу, сау болашақтың құрамдас бөлігі саналатын дене белсенділігін арттыру", - деді Дәулетхан Есімов.  

Ол азаматтардың өз денсаулығын күтуде сауаттылығын арттыру қажеттілігіне тоқтады. Көптеген елдерде азаматтардың өмірін құтқару дағдысын білу тек медицина мамандары мен парамедиктерге ғана емес, жұмысы адам өмірін құтқару және қорғау қызметімен тығыз байланысты жеке адамдарға, мысалы төтенше жағдай қызметкерлеріне де міндеттеледі. Курс бағдарламасынан полиция қызметкерлері, педагогтар, күзетшілер мен қоғамдық көлік жүргізушілері де өтуге міндетті. Өлімді 2-4 есе азайтуда және жүрек талмасынан, жол көлік оқиғаларынан, жазатайым жағдайдан жарақат алып, мүгедек болып қалмас үшін шұғыл түрде алғашқы көмек көрсетудің өмірлік маңызы өлшеусіз.

"Амансаулық" ҚҚ президенті Бақыт Түменова жұқпалы емес ауру көздерінен болатын қатерлерді төмендету үшін әлемнің жетекші елдерінде қатерлерді азайту жүйесі – зиянды төмендету тұжырымдамасының енгізілгені туралы ақпараттандырды. Зиянды төмендету тұжырымдамасы денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі міндеттерін, оның ішінде 2016-2019 жылдарға арналған "Денсаулық" мемлекеттік бағдарламасын іске асырудағы тиімді құралдардың бірі болуы мүмкін,- деді Бақыт Түменова.

Баспасөз конференциясына қатысушылар қазақстандықтардың денсаулығын нығайту және өмір сүру ұзақтығын арттыру бойынша бірлескен жұмысты жалғасатындығы туралы  ортақ пікір білдірді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: