Елімізде тексерілген ОСО-ның тек үшеуінде ғана өртке қарсы талаптар сақталған

Написать нам
09 сәуір, 2018, 15:52 1746 Астана
Елімізде тексерілген ОСО-ның тек үшеуінде ғана өртке қарсы талаптар сақталған

Бұдан былай өртке қарсы талаптарды сақтамаған ойын-сауық орталықтарының тізімі ТЖК сайтында жарияланатын болады.

Бас прокуратураның тапсырмасын орындау үшін елімізде 2 сәуірден бастап ірі сауда және ойын-сауық орталықтарының өртке қарсы жай-күйін жаппай тексеру жұмыстары басталды. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінде сауда объектілерінің өртке қарсы жай-күйін тексеру бойынша өткен брифингте ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы генерал-майор Владимир Беккер тексеру барысында қабылданған шаралар туралы айтып берді, деп хабарлайды BNews.kz.

Комитет төрағасы тексеру жұмыстарының нәтижесі туралы да айтып берді. Ол қазіргі кезге дейін тексерілген нысандардың тек үшеуінде ғана өртке қарсы талаптардың сақталғанын атап өтті.

"6 сәуірдегі жағдай бойынша 308 объектіні тексеру басталып, оның ішінде 75-і аяқталды. Тексерілген мыңнан астам (1037) обьектіде өртке қарсы талаптардың сақталмағаны анықталды, тек үш обьектіде ғана (Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы екі базар және Қостанай облысының Қарабалық ауданындағы "Делюкс" СО-да) бұзушылық анықталған жоқ", - деді Владимир Беккер.

"Аталған жұмыстар барысында нысандардың эвакуациялық шығатын есіктердің ашық болуы, өрт басталған жағдайда сигнал беру жабдығының қосылуы, өрт сөндіру жүйесінің автоматты түрде іске қосылуы, эвакуация жасалатын жолдардың қоқыстан тазалығы және өрт сөндіруге арналған алғашқы құралдардың болуы тексерілді. Нысанның түріне байланысты бір ғимараттың өзінен 3-тен 30 ереже бұзушылыққа дейін анықталды. Тексеру жұмыстары бойынша ереже бұзушылық анықталған ғимарат басшылығының қандай да бір қорытынды шығаруы мақсатында біз ТЖД сайтымызда "Мұнда қауіпсіз емес" айдарын ашамыз деп шештік. Тексерудің ашықтығын және объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында тексеру процесіне жұртшылық өкілдері, прокуратура және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметкерлер тартылады. Бүгіннен бастап тексеріс актілерінің барлығы сол айдарда жарияланатын болады. Актінің формасы белгіленді, онда тексерілген нысанның түрі, кім тексергендігі, кіммен бірге тексерілгені, анықталған барлық ереже бұзушылық көрсетілетін болады", - деп мәлімдеді ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы.     

Өртке қарсы қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бақылау өрт туындау қаупі жоғары, адамдар мен материалдық құндылықтарға тигізетін ауыр салдар болуы ықтимал объектілерге бағытталады.

"Өрт қауіпсіздігі және азаматтық қорғаныс саласындағы тәуекел дәрежесін бағалау критерийлері мен тексеру парақтарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 20 маусымдағы № 246 және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2017 жылғы 2 мамырдағы №307 бірлескен бұйрығына сәйкес құрылыстарының жалпы ауданы 1500 және одан астам шаршы метр сауда объектілері мен ойын-сауық кешендері жоғары тәуекел дәрежесіне қатысты объектіге және ерекше тәртіптегі жыл сайынғы тексеруге жатады.

Сонымен қатар, Владимир Беккер тексеру жүргізу тәртібі алдағы болатын тексерулерге дайындалу үшін жағдай туғызатынан, сондай-ақ негізсіз және кенеттен тексеру жүргізуді болдырмайтынын айтып өтті.

"Мәселен, алда болатын тексеру туралы кәсіпкер алдын ала біледі, жартыжылдық тексерулер жүргізу графигі Бас прокуратураның сайтына жартыжылдықтан бұрын орналастырылады. Тексеру алдында тексерілетін субъект 30 күнтізбелік күн бұрын хабарланады", - деді комитет төрағасы.

Бақылау іс-шараларымен қатар, азаматтық қорғау органдары белсенді насихаттау-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Сондай-ақ, сауда обьектілерінің өрттен қорғалуын арттыру жұмысына "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы, жұртшылық және кәсіпкерлер субъектілерінің өздері де белсенді түрде қосылды.

Еліміздегі барлық сауда және ойын-сауық орталықтарын тексеру жұмыстары 30 сәуірге дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар