Еліміздегі 17 ХҚКО-да аз қамтылған отбасылардың балалары үшін "Тілектер шыршасы" орнатылды

20 желтоқсан, 2018, 18:34 3480
Еліміздегі 17 ХҚКО-да аз қамтылған отбасылардың балалары үшін

Кез келген азамат мейірімді Аяз атаға айналып, хаттың біріндегі тілекті орындай алады.

"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы облыс орталықтары мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы фронт-офистерінде "Тілектер шыршасын" орнатты. ХҚО-ға мемлекеттік қызмет алуға келуші кез келген азамат шыршаға ілінген бала тілегін орындап, шатыққа бөлей алады, деп хабарлады "Азаматтарға арналған үкімет" КЕАҚ баспасөз қызметі.

Жаңа жыл қарсаңында Мемлекеттік корпорация бастамасымен аймақтардағы ХҚО-да "Тілектер шыршасы" орнатылды. Онда тұрмысы төмен отбасынан шыққан балалардың арман-тілектері жазылған хаттар ілінген.

"Бұл бастаманы біз былтыр алғаш рет Алматы мен Астана қалаларында ғана өткізіп, 60 баланың тілегін жүзеге асырдық. Балаға қуаныш сыйлап, армандарын орындауға ниетті жомарт жандардың көп екенін білеміз, сондықтан бұл шараны биыл біз барлық облыстағы фронт-офистерде өткізуді жөн көрдік. Балалардың сұрататындары өте қарапайым дүниелер. Сыйлықты әперуші азамат бүлдіршінді шат-шадыман әсерге бөлеп қана қоймай, жан жылуымен бөлісіп, бала үмітін ақтайды, армандарына қанат бітіреді", - дейді мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасы Аблайхан Оспанов.

Шыршаға тілек жазушы балалар аймақтардағы әкімдіктер мен қайырымдылық қорларының ұсынысымен таңдап алынған, олардың арасында көп балалы отбасылар да бар. Әр шыршаға шамамен 20-30 бүлдіршіннің тілек хаты ілінген, ондағы балалардың "Аяз атадан" сұрап жатқан сыйлықтары да әртүрлі. Мысалы, қарағандылық 10 жасар Бексұлтан сырғанайтын конькиді қалайды, ал болашақта ақын болуды армандайтын талдықорғандық Диана А.С. Пушкиннің өлеңдер жинағын алғысы келеді.

ХҚО-ға келуші кез келген азамат қалауынша хаттың біріндегі тілекті орындай алады. Қайырымдылық жасап, бүлдіршіндердің армандарын орындаған азаматтардың сыйлығы ХҚО-да арнайы мерекелік шара барысында табыс етілетін болады.

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында баланың ізгі тілегін орындап, әлеуметтік маңызы зор бастаманы қолдауға шақырамыз. "Тілектер шыршасы" орнатылған ХҚО мекенжайлары:

  1. Астана қаласы, Байқоңыр ауданы, №5 ХҚО бөлімі, Абай даңғылы, 80;
  2. Алматы қаласы, Медеу аудандық ХҚО, Марков көшесі, 44;
  3. Шымкент қаласы, №1 ХҚО бөлімі, Мәдәлі қожа көшесі, 1/16;
  4. Ақтөбе қаласы, №2 ХҚО бөлімі, Сәнкібай батыр көшесі, 249;
  5. Ақтау қаласы, №1 ХҚО бөлімі, 15 шағын аудан, 67б;
  6. Атырау қаласы, №1 ХҚО бөлімі, Қ.Сәтбаев көшесі, 23;
  7. Көкшетау қаласы,  №2 ХҚО бөлімі, Абай көшесі, 96;
  8. Қарағанды қаласы, №3 ХҚО бөлімі, Шахтерлар даңғылы, 5/2;
  9. Қостанай қаласы, №1 ХҚО бөлімі, Тәуелсіз көшесі, 46;
  10. Қызылорда қаласы, №1 ХҚО бөлімі, Ғ.Мұратбаев көшесі, 2Е;
  11. Павлодар қаласы, №3 ХҚО бөлімі, Павлов көшесі, 48;
  12. Петропавл қаласы, №1 ХҚО бөлімі, Әуезов көшесі, 157;
  13. Орал қаласы, №2 ХҚО бөлімі, Шаған жағажай көшесі, 84;
  14. Өскемен қаласы, №4 ХҚО бөлімі, Қазақстан көшесі, 159/4;
  15. Талдықорған қаласы, Тәуелсіздік көшесі, 67б;
  16. Тараз қаласы, №5 ХҚО бөлімі, Рысбек батыр көшесі, 14;
  17. Түркістан қаласы, мамандандырылған ХҚО, Қызылорда тасжолы, 35а. 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар