Еліміздегі ет экспортының 80%-ынан астамы Ресейге жеткізіледі – ҚР АШМ - Жаңалықтар | BNews

Еліміздегі ет экспортының 80%-ынан астамы Ресейге жеткізіледі – ҚР АШМ

10 тамыз, 19:18 3064
Еліміздегі ет экспортының 80%-ынан астамы Ресейге жеткізіледі – ҚР АШМ

Сондай-ақ, қазақстандық ет Армения, Белоруссия, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, сонымен қатар Бахрейн, Сауд Арабия, Біріккен Араб Әмірліктері сияқты Қиыр Шығыс елдеріне экспортталады.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары Қайрат Мутаев BNews.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне Қазақстандағы ет экспортының қазіргі деңгейі, қай елдерге елімізден ет экспортталатыны, еліміздің ет нарығында импорттың пайызы қанша мөлшерде екендігі туралы және басқа да мал шаруашылығына қатысты мәселелер жөнінде сұхбат берді.

– 2021 жылға дейін қабылданған агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасында мал шаруашылығы мен ет экспортына баса назар аударылған. Қазіргі уақытта ет экспортының деңгейі қандай?

– 2018 жылғы 6 айдың көрсеткішіне сәйкес, барлық ет түрі бойынша 9,1 мың тонна, оның ішінде сиыр еті – 3,4 мың тоннаны, қой еті – 1,4 мың тоннаны, шошқа еті – 0,5 мың тоннаны және құс еті 3,8 мың тоннаны экспортын құрады.

– Қанша фермер шаруашылығы шетел нарығына ет өнімдерін жеткізумен айналысады?

– Қазіргі уақытта 100-ден астам отандық кәсіпорын өз өнімін экспорттайды. Соның ішінде "Актеп" ЖШС негізінде құрылған Ақтөбе ет кластері мен "Кублей" ЖШС сиыр етін экспорттайды, "Парижская комунна" ЖШС – шошқа етін, "Батыс марка ламб" ЖШС мен "Мерке" ЖШС – қой етін, сондай-ақ "Ордабасы құс" ЖШС құс етін экспорттайды.

– Қазақстандық ет қандай елдерге экспортталады?

– Еліміздегі ет экспортының 80%-ынан астамы Ресей Федерациясының территориясына жеткізіледі. Өткен жылдан бастап Батыс Қазақстан және Жамбыл облысынан Иран Исламдық Республикасына үлкен көлемде қой етін жеткізу басталды.

Аталған елдерден басқа біздің етіміз Армения, Белоруссия, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, сонымен қатар Бахрейн, Сауд Арабия, Біріккен Араб Әмірліктері сияқты Қиыр Шығыс елдеріне экспортталады.

– Бұл бағытта қандай проблемалар бар? Қазіргі уақытқа дейін бекітілген жоспар орындалды ма? Бізге жоғары көрсеткіштерге қол жеткізу үшін не кедергі етеді?

– Қазақстан Республикасының Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, 2017 жылы 10 мың тонна сиыр еті экспорттау жоспарланған. Бұл ретте іс жүзінде 5,5 мың тонна немесе жоспарланған көлемнен 55% экспортталған.

Экспорттың мұндай көрсеткiшi жетiстiк емес. Оның негiзгi себебі Атырау облысында нодулярлы дерматиттің тіркелуіне байланысты Ресей тарапынан арнайы талаптар енгізілді. Ал бұл сәйкесінше, экспортты ұстап тұрушы фактор болып есептеледі.

Сонымен қатар, сол кезде Ресей Федерациясының азық-түлік нарығында ірі қара мал етінің қолайсыз бағалық конъюнктурасы қалыптасқан. Мәселен, Ресей Федерациясы нарығында бір килограмм сиыр етінің бағасы 210-220 рубльді құрады, мұны теңгеге шаққанда бағам бойынша жеткізуге жұмсалған көлік шығындарынсыз есептегенде 1200-1300 теңгені құрайды. Бұл ретте Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің ақпаратына сүйенсек, елдегі ішкі өткізу бағасы 1446 теңгені құрайды. Міне, осы себептер сиыр еті экспортының жоспарлы көрсеткіштерін іске асыруға кері әсер етеді.

– Мал шаруашылығымен айналысатын фермерлерге қандай қолдау көрсетіледі?

– Мал шаруашылығымен айналысатын фермерлерге жәрдем беру үшін салаға айтарлықтай ауқымды мемлекеттік қолдау, яғни субсидия бағытталды.

Жыл сайын мемлекеттік қолдау көлемі артып келеді, соңғы бес жылда салаға көрсетілген мемлекеттік қолдауға тоқталар болсақ, 2011 жылы – 23,9 млрд теңгеге, ал 2017 жылы 68,1 млрд теңгеге өсті. Соның нәтижесінде өндіріс көлемі жылына орта есеппен 5-10% артуда.

Қазақстан ТМД елдері арасында инвестициялық қызметті жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасау бойынша көш бастап тұр. Оған дәлел ретінде жаңа объектілердің құрылуын, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға реконструкция жасау арқылы өндіріс қуаттылығын тұрақты кеңейтуді айтуға болады.

Сонымен бірге, сақтық қарыз және кепілдік, лизингке және несие пайызының мөлшерін субсидиялау, жоғарыда айтылғандай инвестициялық қаржы бөлуге субсидия, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді қолдау үшін мал шаруашылығы саласында мемлекеттік құралдар қолданыста.

Осы жылдан бастап ірі қара және ұсақ малды алуға қарастырылған ұзартылған өтеу мерзімін жеңілдетілген несиелендіру механизмі еңгізілген. Осы бағдарламалардың операторлары "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ және "Аграрлық несие корпорациясы" болып саналады.

– Қазақстаннан жеткізілетін өнімнің сапасы шетелдік қолданушылардың көңілінен шығады ма?

Соңғы жылдарда ет экспорты көлемі тұрақты түрде өсіп келеді, соның ішінде қой еті экспорты 10 еседен астам артты. Шетелдік қолданушылар біздің өнімімізді экологиялық таза және жақсы дәм сапасына қарай артық көреді.

– Ішкі нарық толығымен қамтамасыз етіліп отыр ма? Еліміздің ет нарығында импорттың пайызы қанша мөлшерде?

– Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті және ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпаратына сәйкес, 2017 жылдың қорытындысы бойынша импорт үлесінің ішкі қолданысын нақты айтып өтер болсақ, сиыр еті – 3,4%, шошқа еті – 2,5%, жылқы еті – 2,2% және қой етінің 100%-ы ішкі нарықты толығымен қамтамасыз етіп отыр. Сонымен, осы көрсеткіш бойынша импорт үлесі көп емес.

Алайда, біз құс етінің импортына тәуелдіміз, қазіргі уақытта құс етінің импорт үлесі 49%-ды құрап отыр. Бірақ соңғы жылдардағы көрсеткіштерге назар аударар болсақ, импорт үлесі орта есеппен 2-3% жыл сайын төмендейді.

– Қандай мемлекеттер қазақстандық өнімнің әлеуетті пайдаланушылары болып есептеледі?

– Қазақстанның географиялық орналасуының, ауыл шаруашылық өнімінің нарық сиымдылығының, транспорттық жетімділігінің талдауына сәйкес, Еуразиялық экономикалық одақ, Тәуелсіз елдер достастығы елдері құрамына кіретін мемлекеттер, Қытай Халық Республикасы, Иран Ислам Республикасы, Ауғаныстан және Парсы шығанағы елдері қазақстандық өнімнің әлеуетті пайдаланушылары болып саналады.

Соның ішінде Қытай Халық Республикасы жайлы айтып кетер болсақ, бұл елдің халық санын ескере отырып, келешекте қазақстандық өнімнің тұрақты нарығы болады деп нақты айта аламыз.

Одан басқа Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымына қатысуы біздің өнімдерімізді алыс шетелдерге жеткізу мүмкіндіктерін ашады.

– Осы уақытқа дейін бірнеше рет ресейлік құс шаруашылығы өнімдерін елімізге тасымалдауға шектеу қойылды, біздің аталған өнімдерді импорттаудан мүлдем бас тартуға мүмкіндігіміз бар ма? Қазақстанда қазіргі кезде құс етін өндіру көлемі қандай?

– Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Ресей Федерациясының Орел, Ростов және Нижегород облыстарында жоғары патогенді құс тұмауы вирусының жаңа ауруының тіркелуіне байланысты, Қазақстан Республикасының аумағына тірі құсты, құстың инкубациялық жұмыртқасын, қауырсыны мен мамығын, кемінде 70°C болатын термиялық өңдеуден өтпеген құс еті мен құс өнімдерінің барлық түрлерін, құстарға арналған азық қоспаларын, таксидермиялық өңдеуден өтпеген аң аулау олжаларын, яғни қанатты құстарды импорттауға, сонымен қатар Ресей Федерациясының аталған аймақтарынан құстарды союда және бөлшектеуде қолданыста болған құрал-жабдықтарды пайдалануға уақытша шектеулер қойды.

2017 жылмен салыстырғанда шаруашылықтың барлық санаттарында құс етінің өндірісі 17,5%-ға артты және 179,4 тоннаны құрады және осы жылы өсу қарқыны сақталуда.

Қазіргі уақытта құс шаруашылығы өнеркәсіптері республикадағы етті бағыттағы өнімділік бойынша жұмыс істеп тұрған құс фабрикаларының саны – 19. Республикада құс еті өндірісі көлемі жыл сайын құс кәсіпорындарында өндіріс өнімдерін арттыру арқылы өсуде. Егер де 2000 жылы құс фабрикаларында 16,7 мың тонна құс еті өндірілген болса, 2005 жылы – 33,2 мың тонна, ал 2017 жылы 179,4 мың тонна құс еті өндірілді. Осылайша, он жеті жылда өндіріс 10,4 есеге ұлғайды.

– Мал шаруашылығы саласына шетелдік инвесторлар келіп жатыр ма?

– Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырысы бойынша 100 нақты қадам ұлт жоспарының 61-қадамына сәйкес, шетелдік инвесторларды республиканың ет саласына тарту көзделген. Соған сәйкес қазіргі уақытта бірқатар жоба атқарылып жатыр.

Оларға жеке тоқталар болсақ, алдымен Ақмола облысындағы "Макинская птицефабрика" ЖШС туралы айтуға болады. Бұл жобаның жалпы құны 138,2 млн АҚШ долларын құрайды. Өндіріс орнының қуаттылығын айтып өтсек, 50 мың тонна құс етінің осы жылдың төрт тоқсанында 50%-ын өндіріп, жобалы қуатқа шығу және 2020 жылда толық қуаттылыққа қол жеткізу жоспарланып отыр.

Одан басқа даниялық инвесторлармен бірлесіп, 5,5 мың тонна шошқа етiнiң өндiрiсімен айналысатын кешен құрылысы салынып жатыр. Бұл жобаның жалпы құны 30,0 млн АҚШ долларынан астам қаржыны құрайды. Аталған кешен осы жылдың соңында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Сонымен қатар, биыл Алматы облысында италиялық "Кремонини" компаниясының қатысумен еттi қайта өңдеумен айналысатын зауыттың құрылысы басталды. Бұл өндiрiс орны 2021 жылдың 4-тоқсанында толық пайдалануға берілмек. Ал 2023 жылдан бастап мұнда жыл сайын 20,0 мың тонна өнім өндірілетін болады. Жобаның жалпы құны – 40,0 млн еуродан асады.

Келесі бір жобамызға тоқталар болсақ, шетелдiк капиталдың 100% бөлінуі арқылы германиялық "Бауман" компаниясымен бірлесе отырып, қой етi өнімін өндіру мен қайта өңдеумен айналысатын зауыт салынып жатыр. 2021 жылдың 4-тоқсанында жоба құрылысының аяқталуы жоспарланған. Мұнда өндіріс орнының қуаттылығы бойынша 15,0 мың тонна қой етінің өнімі жасап шығарылмақ, жобаның жалпы құны 18,8 млн еуроны құрайды.

– Сұхбат бергеніңіз үшін алғысымды білдіремін!

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары

Материалды әзірлегендер: