Еліміздегі қылмыстық-атқару жүйесінде бес мыңға жуық әйел қызмет атқарады - Жаңалықтар | BNews

Еліміздегі қылмыстық-атқару жүйесінде бес мыңға жуық әйел қызмет атқарады

07 наурыз, 2018, 17:07 1646
Еліміздегі қылмыстық-атқару жүйесінде бес мыңға жуық әйел қызмет атқарады

Нәзік жанды арулар ішкі істер органдарының кез келген бөлінісінде қызмет етеді.

Шұғылалы көктемнің алғашқы мерекесі 8-наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінде салтанатты шара өткізілді, деп хабарлайды BNews.kz ҚР ІІМ ҚАЖ комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Нәзік жанды арулар ішкі істер органдарының кез келген бөлінісінде қызмет етеді. Еліміздегі пенитенциарлық жүйеде бес мыңға жуық әйел жұмыс істейді.

Олар түрме саласының қиындығы мен жоғары психологиялық ауырлығына, қауіптілігіне қарамастан, ержүрек әрі қайсар ер азаматтармен қатарласа еңбек етуде. Олардың кәсіби қызметі мен табандылығы еш күмән тудырмайды.

ҚАЖК төрағасы әділет полковнигі Базылбеков Азамат Хызырұлы өзінің құттықтау сөзінде қызметкер әйелдер мен қылмыстық-атқару жүйесі органдарының ардагерлерін мейраммен шын жүректен құттықтап, олардың мамандық таңдаудағы қажырлығы мен құзыреттілігіне, даналығы мен сезімталдығына, сондай-ақ мейірімділігіне алғысын білдірді.

"Салтанатты шара кезінде Түрме ведомствосының басшысы  қызметтік міндеттерін адал орындап, қоғамдық тәртіптің тұрақтылығы пен қылмыстың алдын алуына өзіндік үлесін қосып жүрген қыздар мен әйелдерді мақтау грамоталары және алғыс хаттарымен марапаттады. Ішкі істер министрлігі мен ҚАЖ комитетінің бұйрықтарымен жалпы 71 қызметкер марапатталды", - делінген комитеттің баспасөз хабарламасында.

Сонымен қатар, ҚАЖ комитетінің төрағасы жыл сайын ІІО Медиа орталығының "Жазаларды орындау" ведомстволық журналының ұйымдастыруымен өтіп отыратын "ҚАЖ аруы-2017" фото-байқауының жеңімпазы Алматы облысы бойынша ҚАЖ департаментінің қызметкері Жадыра Бекбосынованы құттықтап, диплом табыстады. Байқау жеңімпазы әлеуметтік желілерде дауыс беру арқылы анықталды.

Азамат Базылбеков нәзік жандылардың қайсарлығы мен мақсатты жұмыстарының арқасында бұдан әрі де қылмыстық-атқару жүйесі органдарының дамуында лайықты қызмет атқаратынына сенім білдірді.  

Шара соңында Комитеттің ер жігіттері қыздарға арнап өз күштерімен мерекелік концерт ұйымдастырып, дайындаған сый-сияпаттарын табыс етті.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар