Елімізден 800-ге жуық тауар түрі экспортталады – Қасымбек

22 тамыз, 2018, 11:45 1751 Астана
Елімізден 800-ге жуық тауар түрі экспортталады – Қасымбек

Бүгін өткен Үкімет отырысында Қазақстанның қай тауарлары шетелде сұранысқа ие екені туралы айтылды.

Бүгінде Қазақстан 123 елге 800-ге жуық тауар түрін экспорттап жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

"Тауарларды экспорттау аясы кеңейіп, қазіргі уақытта 123 елге 800-ге жуық тауар түрі экспортталады. Кейбір тауар түрлерін экспорттайтын жаңа өткізу нарықтары ашылды. Мысалы, 2018 жылы біз машина жасау өнімдерін және құрылыс материалдарын Өзбекстанға, химия өнімдерін Украинаға жеткізуді бастадық", - деді Жеңіс Қасымбек.

Оның айтуынша, азық-түлік өнеркәсібінің өнімдері шетелдерде үлкен сұранысқа ие. Экспорттың көлемі 112 млн АҚШ долларын құрады.  Иранға, Бахрейнге ет өнімдері жеткізіле басталды. Ресейге ет өнімдері, мал және өсімдік майлары, Қытайға өсімдік майы, Өзбекстанға қант экспорты артты.

"Бұған сауда миссияларын және отандық өнімді ілгерілету бойынша жарнама-таныстыру шараларын ұйымдастыру сияқты экспорттаушыларға сервистік қолдау көрсету айтарлықтай оң әсерін тигізді", - деді министр.

Сондай-ақ, ҚР Инвестициялар және даму министрі 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында 2010 жылмен салыстырғанда өңдеу салаларында жұмыс істейтін қосымша 3,5 мың кәсіпорын пайда болғанын мәлімдеді.

"Индустриалдық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуы өңдеу секторының тұрақтылығы мен динамикасына оң әсерін тигізді. Индустрияландыру дайын өнім шығаруға бағытталған өңдеу өнеркәсіп салаларындағы, яғни, химия өнеркәсібі, машина жасау, жиһаз, құрылыс материалдарының өндірісі және тағы да басқа кәсіпорындардың санын арттыруға мүмкіндік береді. 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында 2010 жылмен салыстырғанда өңдеу салаларында жұмыс істейтін қосымша 3,5 мың кәсіпорын пайда болды. Негізінен, өсім машина жасау, азық-түлік өнеркәсібі, құрылыс материалдары кәсіпорындары санының өсуі есебінен қамтамасыз етілді", - деді Жеңіс Қасымбек.

Оның берген мәліметіне сүйенсек, бұл кәсіпорындардың жалпы сомалық үлесі өңдеу өнеркәсіп кәсіпорындарының жиынтық өсімінде 50 пайыздан асты.

"Биылғы есепті кезеңде барлық нысаналы индикаторлар бойынша оң динамика байқалады. Жылдың соңына дейін өңдеу өнеркәсібіндегі экспорттың құндық көлемінің өсімін 7 пайызға, еңбек өнімділігін 11,9 пайызға, негізгі капиталға салынатын инвестицияларды 1 трлн теңгеден астам сомаға жеткізу қажет. Өңдеу өнеркәсібі өнімінің 2018 жылғы 2 айдағы республика бойынша орташа экспорт көлемі 2015 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20,5 пайызға артып, 2,5 млрд АҚШ долларын құрады", - деді ҚР Инвестициялар және даму министрі.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: